ВС РК - Постановление от 15.02.2021 по делу 6001-20-00-3Г/6837 (Гражданское)

6001-20-00-3Г/6837 (2)

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 15 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы З.Б.Кейкибасова,

арызданушы Б[...] жеке сот орындаушылар Т[...], А[...] іс-әрекеттерін заңсыз деп тану туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша шығарылған Түркістан облысы Ордабасы аудандық сотының 2020 жылғы 1 сәуірдегі шешімін, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 10 маусымдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы арызданушының өкілі О[...] өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

Б[...] жоғарыда көрсетілген шағыммен сотқа жүгініп, онда жеке сот орындаушылар Т[...] және А[...] атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыларын заңсыз деп танып, қайтадан алимент өндіру туралы өндірісін қозғап, орындауды міндеттеуді сұраған.

Түркістан облысы Ордабасы аудандық сотының 2020 жылғы 1 сәуірдегі шешімімен шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 10 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арызданушының өкілі О[...] іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын, бірінші сатыдағы соттың шешімімен және апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, іс бойынша заңды шешім шығаруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша анықталғандай, Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2017 жылғы 18 мамырдағы сот бұйрығымен Б[...] пайдасына С[...] кәмелетке толмаған үш балаларын күтіп-бағу үшін ½ мөлшерде алимент өндірілген.

Осы сот бұйрығы негізінде қозғалған атқару өндірісі Б[...] 2017 жылғы 21 желтоқсандағы арызы негізінде жеке сот орындаушысы Т[...] 2017 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен қысқартылған.

Кейіннен арыз берушінің өкілі Б[...] арызы негізінде 2019 жылдың 17 маусымында жеке сот орындаушы А[...] атқарушылық іс жүргізуі қайта қозғалған.

Атқару өндірісін орындау барысында жеке сот орындаушы А[...] 2017 жылғы 22 желтоқсандағы жеке сот орындаушы Т[...] қаулысымен атқару өндірісі Б[...] алимент алудан бас тарту туралы арызына байланысты тоқтатылғанын анықтап, 2020 жылы 11 ақпандағы қаулымен атқару өндірісін тоқтатқан.

Б[...] сот орындаушыларының әрекетімен келіспей, атқару өндірісінің тоқтатылуына байланысты кәмелет жасқа толмаған балаларына күтіп-бағуға алимент ала-алмай, балаларының конституциялық құқықтары бұзылып отырғанын көрсетіп, сот орындаушыларының әрекетіне шағымданып сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар, Б[...] 2017 жылғы 21 ақпанда нотариуспен куәландырылған алимент алудан бас тарту туралы арыз бергенін, мұндай жағдайда сот орындаушыларының әрекеттері заңды екенін көрсетіп, шағымды қанағаттандырусыз қалдырған. Сонымен қатар, Б[...] балаларын күтіп-бағу үшін С[...] алимент өндіру туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы екенін түсіндірген.

Арызданушының өкілі О[...] өтінішхатта, Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің (әрі қарай - Кодекс) 175, 176-баптарына сай, сот тәртібімен белгіленген алимент мөлшерін өзгертуге немесе алимент төлеуге міндетті адамды оны төлеуден босату туралы құқық тек сотқа берілгенін көрсеткен.

Сот тәртібімен өндірілетін алиментті төлеуді тоқтатуға негіз болатын жағдайлар Кодекстің 176-бабында көрсетілген.

Осы бапқа сәйкес, өндіріп алушының өндіріп алудан бас тартуы (арызы) алиментті төлеуді тоқтатуға негіз болатын мәнжай болып табылмайды.

Аталған заң нормаларының мазмұнына сай, өндіріп алушының өндіріп алудан бас тартқан арызы, сот орындаушысының сол арыз негізінде атқарушылық іс жүргізуді тоқтатуға байланысты іс-әрекеттері алименттік төлемдерді белгілеген сот актілерінің күшін жоя алмайды, өзгерте алмайды және алдағы уақытта оның қолданылуына кедергі келтіре алмайды. Өндіріп алушы өндіріп алудан бас тартқан жағдайда, сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді тоқтату үшін Қазақстан Республикасы «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 48 - бабын негізге алуы қажет. Бұл аталған мән-жайлар және материалдық құқық нормалары соттардың назарынан тыс қалған.

Яғни, сот орындаушысының атқару өндірісін негізсіз тоқтатуына байланысты кәмелет жасқа толмаған балаларды күтіп-бағуға алимент өндіру мүмкін болмай, олардың конституциялық құқықтары бұзылып отыр.

Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сот жеке нотариус У[...] іс-әрекетіне шағым келтірілмеген, сондықтан, нотариуспен куәландырылған арызы заңды деп тұжырым жасаған. Яғни, арыз берушінің алименттен бас тарту туралы арызы нотариуспен куәландырылғандықтан, нотариустың ісәрекетіне шағым келтіріліп, даулау қажеттігін көрсеткен.

Өтінішхатта арызданушының өкілі О[...] соттың бұл тұжырымымен келіспейтінін, өйткені нотариустың іс-әрекетін даулауға ешқандай негіз жоқ екенін, себебі нотариус арызда жазылған деректерді, арыздың мазмұнын емес, тек Б[...] қол қойғанын ғана растап, куәландырғанын көрсеткен.

Осыған қоса, апелляциялық сот алқасы Б[...] борышкер С[...] балаларын бағу үшін алимент өндіру туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы екенін түсіндірген.

Бірақ, Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2017 жылғы 18 мамырдағы борышкер С.Т.С[...].Б[...] пайдасына балаларды кәмелет жасына толғанша күтіп-бағу үшін алимент өндіру туралы сот бұйрығы заңды күшіне енген, ол бұзылмаған және өзгертілмеген.

Осыған орай, арызданушының жоғарыда көрсеткен уәждері кассациялық сот отырысында тексерілуге жатады.

АПК-нің 444-бабының 1 бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,

судья

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Арызданушының өкілі О[...] Түркістан облысы Ордабасы аудандық сотының 2020 жылғы 1 сәуірдегі шешімін, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 10 маусымдағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья З.Кейкибасова Көшірмесі дұрыс Судья З.Кейкибасова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.