№ 6001-24-00-3г/4294
ҚАУЛЫ
Астана қаласы
2024 жылы 16-қазан
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Т. Балкен талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит Комитетінің Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Полиция департаменті), «PRIME Limited» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік) мемлекеттік сатып алу келісім шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19-наурыздағы қаулысын қайта қарау туралы Департаменттің өтінішхатын электрондық істі сұратумен алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Апелляциялық сатының қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.
Арызданушы өтінішхатта аталған апелляциялық сатының сот актісімен келіспейтінін көрсеткен және істі қарау барысында жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын бұзғандығын көрсете отырып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Апелляциялық сатыдағы сотпен жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға негіз бар.
Электрондық іс құжаттарынан анықталғандай, Департаменттің талабы Шымкент қаласының прокуратурасынан 2023 жылғы 12 қазандағы Полиция департаментімен Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң (бұдан әрі - Заң) талаптарының бұзылғаны және оны жою туралы ұсыным келіп түскенімен негізделген.
2023 жылы тамыз айында Полиция департаменті Заңның 39бабының 3-тармағы 3-тармақшасының негізініде, «Бағдарламалықаппараттық кешен» бойынша Серіктестікпен 1 805 440 000.00 теңгеге №
191 тікелей шарт жасасу жолымен Заңның 41-бабының талаптарын және Заңның 13-бабында көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың бәсекелестік тәсілдерін елемей, бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру бойынша шарт түзгені анықталған.
Істі қарау барысында бірінші сатыдағы сот даулы келісім шарттың қосымшаларына сәйкес «Мерген», «Сергек» жылдамдықты өлшеу бағдарламалары емес, қоғамдық және жол қауіпсіздігін бейнебақылау жүйесі (желілік учаскелердегі автоматтандырылған 75 жол кешендері, 1500 бейнебақылау камералары) болғанын анықтаған.
Аталған жабдықтар келісім шарттың техникалық спецификация талаптарына сай интеграция жасалуы, яғни Полиция департаментінің бұрын орнатылған жалпы бағдарламасына тек қосуды жүзеге асыру қажет болғандығын негізге алған.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келіспеген. Апелляциялық сатыдағы сот даулы қаулыны жеткізушінің зияткерлік меншік объектісіне уақытша айрықша құқығының болуымен, сондай-ақ даулы шарттың орындалуымен негіздеген. Кассациялық өтінішхат ішкі істер органдарынан сатып алуды бір көзден жүзеге асыру кезінде Заңның 13-бабының 1-тармағының, 39бабының 3-тармағы 3-тармақшасының, 41-бабының 3-тармағының ережелерін Полиция департаментінің бұзуы туралы талап қоюда көрсетілген дәлелдерге негізделген. Өтініш берушінің дәлелдері де мемлекеттік сатып алу қағидаттарының сақталмауы туралы сілтемелерге негізделген.
Жоғарыда аталған мән-жайлар сот отырысы барысында зерттеліп, толығымен дәлелденгенімен, бірақ оған дұрыс баға берілмегенін өтінішхатта келтірілген. Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья,
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19-наурыздағы қаулысын қайта қарау туралы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит Комитетінің Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья М.Т.Балкен Көшірмесі дұрыс Судья М.Т.Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.