ҚАУЛЫ
2023 жылғы 16 мамыр 6001-22-00-6ап/2494 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Г.К. Нұрбаев болып,
жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Ш[...] қызметінің департаменті) өкілі – О[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы И[...] жауапкер Ш[...] қызметінің департаментіне бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алу құқығын қалпына келтіру туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 маусымдағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметінің №2019 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2018 жылғы 5 маусымдағы №401-ка бұйрығының, 2018 жылғы 21 сәуірдегі И[...] ақшалай өтемақы төлеу туралы бөлім командирінің №320-ка бұйрығының күшін жою туралы бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
И[...] тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алу құқығы қалпына келтірілген.
Сот шығыстары бойынша сұрақтар шешілген.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Талап қоюшы істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Жауапкер өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Жауапкер өкілі О[...] кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда И[...] 2018 жылғы 14 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Ұ[...] Комитеті (ҚР ҰҚК) Ш[...] қызметінің №2019 әскери бөлімінің бұйрығымен қызметте болудың шекті жасына толуына байланысты запасқа шығарылған.
Аталған әскери бөлімнің 2018 жылғы 21 сәуірдегі №320 бұйрығымен И[...] тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы төлеу көзделген. Өтемақы мөлшері 14 050 962 теңге көлемінде есептелген.
Аталған бұйрықтың күші жауапкердің 2018 жылғы 5 маусымдағы №401-ка бұйрығымен жойылған. Бүйрықтың күшін жоюға И[...] бұған дейін мемлекеттік тұрғын үй қорынан жекешелендірген тұрғын үйінің болуы себеп болған.
Бұл бұйрықпен келіспей И[...] сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мәнжайларды ескерген.
И[...] бұрын жекешелендіру құқығын іске асырған деген жауапкердің тұжырымы негізсіз болып табылады. Себебі жауапкер сілтеме жасап отырған 1993 жылғы 15 мамырдағы жекешелендіру шарты заңды күшіне енген сот шешімімен жарамсыз деп танылған. Сот жекешелендіру шартына талап қоюшы И[...] қатысы жоқ екенін анықтаған.
Заңды күшіне енген соттың шешімі, сондай-ақ сот белгілеген мәнжайлар мен олардың құқықтық бағасы жалпыға бірдей міндетті болады.
И[...] ақшалай өтемақы төленбейтін заңда көзделген басқа жағдайлар жоқ екендігін тараптар теріске шығармаған.
Соттардың басқа уәждері мен заң талаптарына сілтемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 маусымдағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Г. Нұрбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.