ҚАУЛЫ
2025 жылғы 10 сәуір 6001-25-00-6ап/65 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Басқарма прокуроры Н.Молдахановтың,
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілі А.А. Кульмагамбетованың
«Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілі (бұдан әрі – Басқарма) Б.Б.Орынбековтың қатысуларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер (бұдан әрі – ЖК) «Матжанов» атауымен әрекет етуші Құнанбай Берікұлы Матжановтың жауапкерлер Департамент пен Басқармаға 2024 жылғы 26 шілдедегі №431010000-КпОПО-32-302233 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның, 2024 жылғы 1 тамыздағы №12485672-ОК1 және 2024 жылғы 12 шілдедегі №12485610-ОК1 конкурс қорытындылары хаттамаларының күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 қазандағы қаулысына мүдделі тұлға ЖК Жәмила Таңатарқызы Әзілханның (бұдан әрі – ЖК Ж.Т.Әзілхан) кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.
Департаменттің 2024 жылғы 26 шілдесіндегі №431010000-КпОПО-32302233 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Басқарманың 2024 жылғы 1 тамыздағы №12485672-ОК1, 2024 жылғы 12 шілдедегі №12485610-ОК1 конкурс қорытындылары туралы хаттамамалары заңсыз деп танылып, күші жойылған.
«Қызылорда облысының білім басқармасының Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің «№226 мектеп гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – №226 мектеп) мен ЖК Ж.Т.Әзілхан арасында жасалған 2024 жылғы 26 тамыздағы №43 қызмет көрсету туралы шарты жарамсыз деп танылған. «Қызылорда облысының білім басқармасының Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің «Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – №70 мектеп) мен ЖК Ә.Т.Әзілхан арасында жасалған 2024 жылғы 13 тамыздағы №64 қызмет көрсету туралы шарты жарамсыз деп танылған.
Жауапкер Басқармаға №226 және №70 мектептерінде балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметі бойынша конкурстарды қайта жариялау міндеттелген.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Сот шешімінің қарар бөлігінен «Жауапкер Басқармаға №226 және №70 мектептерінде балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметіне конкурсты қайта жариялау міндеттелсін» деген сөздер алынып тасталған.
ЖК Ж.Т.Әзілхан кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Мүдделі тұлғалар ЖК Ж.Т.Әзілханның, №226 және №70 мектептерінің, «Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі» мемлекеттік мекемесінің, «Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамы өкілдерінен істі өздерінің қатысуынсыз қарау туралы арыздары түсті.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы Департамент пен Басқарма өкілдерінің кассациялық шағымға қарсы болған пікірін, прокурордың апелляциялық сатыдағы сот қаулысы күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Бұл іс бойынша апелляциялық саты соты тарапынан кемшіліктер орын алмаған. Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Басқарма №226 және №70 мектептерде электрондық веб-портал арқылы балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтерді сатып алу конкурстарын жариялаған.
№226 мектеп конкурсының қатысушылары: ЖК «Матжанов», ЖК «Имандосова Шакарзат», Ниязова Камшат Ермековна, «Өрлеу-сапа» өндірістік бірлестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – ЖШС), ЖК Ж.Т.Әзілхан. Барлығы конкурсқа қатысуға рұқсат алған.
2024 жылғы 4 шілдедегі конкурс қорытындысымен жеңімпаз ретінде ЖК Ж.Т.Әзілхан танылған.
Конкурс қорытындысымен келіспеген әлеуетті өнім берушілер шағымы бойынша Департаментпен 2024 жылғы 26 шілдеде №431010000-КпОПО-32302233 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама берілген.
Осы хабарламаға сай конкурс қорытындысы қайта қаралып, 2024 жылғы 1 тамыздағы хаттамаға сәйкес, конкурс жеңімпазы ретінде ЖК Ж.Т.Әзілхан қайта танылып, қызмет көрсету шарты жасалған.
№70 мектеп конкурсының қатысушылары: ЖК «Матжанов», ЖК «Имандосова Шакарзат», Ниязова Камшат Ермековна, ЖК Ж.Т.Әзілхан, «ISMAIL PRODUCTS» ЖШС-гі, «Кызылорда-ЭМС» ЖШС-гі. Барлығына конкурсқа қатысуға рұқсат берілген.
2024 жылғы 12 шілдедегі конкурс қорытындысымен жеңімпаз ретінде ЖК Ж.Т.Әзілхан танылған.
Конкурс қорытындысымен келіспеген әлеуетті өнім берушілердің шағымы Департаментпен қанағаттандырусыз қалдырылған.
ЖК Ж.Т.Әзілханмен қызмет көрсету шарты жасалған.
Конкурс қорытындыларымен келіспеген ЖК «Матжанов» жоғарыда көрсетілген талаптармен сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда аталған конкурстарға қатысқан әлеуетті өнім берушілердің барлығы да біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деген қорытындыға келген.
Сот актілеріне әкімшілік процесске қатысушы ЖК Ж.Т.Әзілханнан басқасы кассациялық шағымдар бермеген. Сондықтан іс АПК-нің 449-бабына сай ЖК Ж.Т.Әзілханның шағымы шегінде қаралады.
Жергілікті соттардың ЖК Ж.Т.Әзілханға қатысты жасаған тұжырымдары негізді болып табылады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) үлгілік конкурстық құжаттамасының 7- қосымшасына сай конкурс өткізілетін тиісті аймақта ағымдағы жылдың өткен 7 жылдағы жұмыс тәжірибесінің болуы: шарттарды орындаудың әрбір айы үшін көрсетілген қызметтер актілерімен және шот-фактуралармен, мемлекеттік заңды тұлғалардың асханаларын мүліктік жалдау (жалға беру) шарттарының көшірмелерімен расталады. Аспаз біліктілігі бар білімі болған жағдайда аспаздың біліктілігін (разрядын) арттыру уәкілетті орган белгілеген үлгідегі электрондық көшірмесі құжатпен расталатыны, сонымен қатар медициналық білімі болған жағдайда, диетология саласында біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау уәкілетті орган белгілеген үлгідегі құжаттың электрондық көшірмесімен расталуы тиіс.
Екі мектеп бойынша конкурстарға ЖК Ж.Т.Әзілхан 2019 жылғы жұмыс тәжірибесін бекіту мақсатында қағаз жеткізгіштегі шот-фактураларын ұсынған.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 412-бабының 3-тармағының талаптарына сәйкес электрондық нысандағы шот-фактура уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және нысан бойынша электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде жазып беріледі.
Конкурс комиссиясының тарапынан Салық кодексінің талабы сақталмай, жұмыс тәжірибесіне баға беру кезінде қағаз жеткізгіштегі шот-фактураларды негізге алған.
ЖК Ж.Т.Әзілхан ұсынған 226 мектеп бойынша аспазшылары Г.Альмаханова, А.Досмухамбетова, Э.Жұмағали, Т.Тугелованың, №70 мектеп бойынша аспазшылары Г.Жакипова, Р.Кошмагамбетова, Р.Камербаевалардың еңбек өтілін растау мақсатында олардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысы қаражатының түсуі және қозғалысы туралы ақпараттарды ұсынған.
Сот сұранысы бойынша «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық филиалының ұсынған мәліметтері бойынша 2023 жылы аударым жасаған тұлғалардың қатарында ЖК Ж.Т.Әзілхан байқалмайды. Сондықтан конкурстық комиссияларымен ЖК Ж.Т.Әзілханға аспазшылардың еңбек өтілі бойынша №226 мектеп бойынша 4 балл, ал №70 мектеп бойынша 2 балл негізсіз берілген. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 23-бабының 27) тармақшасында жұмыс беруші еңбек шартын жасасу және тоқтату, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (бұдан әрі - ЕШЕБЖ) енгізіп отыруға міндетті екені көзделген.
ЕШЕБЖ-ден ұсынылған мәліметтерге қарағанда ЖК Ж.Т.Әзілханның конкурстық құжаттамаларының 6-қосымшасында көрсетілген диетолог, технолог, аспазшылары мен асхана жұмысшыларымен жасалған еңбек шарттары тіркелмеген.
Сол сияқты, «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесімен ұсынылған салықтық есептілігіне қарағанда ЖК Ж.Т.Әзілханның конкурсқа қатысқан асхана жұмысшысы Р.Танибергеноваға қатысты ғана міндетті төлемдер жасалғаны анықталған.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-305/2020 бұйрығымен бекітілген «Денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар мен мамандандырулар номенклатурасын, денсаулық сақтау қызметкерлері лауазымдарының номенклатурасы мен біліктілік сипаттамаларының» (бұдан әрі – ҚР ДСМ-302/2020 бұйрығы) 186тармағына сай диеталық мейіргер біліктілігіне қойылатын талаптар: «Мейіргер ісі» немесе «Емдеу ісі», немесе «Акушерлік іс», немесе «Гигиена және эпидемиология» мамандықтары бойынша техникалық және кәсіптік медициналық білімі, диетология бойынша біліктілігін арттырудан өту туралы куәлік, жоғары (мейіргер) медициналық білімі және орта білімнен кейінгі (бакалавриат) білімнің болуы, диетология бойынша біліктілігін арттырудан өту туралы куәлік, орта біліктілік деңгейдегі денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты.
Екі мектеп бойынша ЖК Ж.Т.Әзілханның диетолог ретінде ұсынған Ф.Есқара 2019 жылы «Лабораторная диагностика» мамандығы бойынша орта арнаулы білім алған. «Знание Актобе» оқу орталығы» ЖШС-де қысқа мерзімді курсты бітіріп, «диетолог» мамандығын алған. Ф.Есқараның техникалық және кәсіптік медициналық білімі «Лабороторная диагностика» мамандығы бойынша алынған, сәйкесінше диеталық мейіргер болуға жарамсыз болып табылады. Конкурстық комиссиялары ЖК Ж.Т.Әзілханның біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалауда Қағида талаптарын сақтамағаны сотта зерттелген дәлелдермен анықталған.
Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Мүдделі тұлға жеке кәсіпкер Жәмила Таңатарқызы Әзілханның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс
Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.