6001-22-00-6ап/482
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 26 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар Ш.Т.Даниярова, Г.К.Нурбаев болып,
талап қоюшының өкілі С[...], жауапкердің өкілі Н[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «АТ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Қазынашылық комитет) бұйрықтың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік жауапкер Қазынашылық комитетінің 2021 жылғы 3 тамыздағы №113870-08-21 мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылып, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы бұйрығының (бұдан әрі - Бұйрық) күшін жою туралы талап арызбен сотқа жүгінген.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысымен күшінде қалдырылған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Бұйрықтың күші жойылған.
Қазынашылық комитеті кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзылғанын көрсетіп сот актілерінің күшін жойып, талап қоюшының талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшы өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, мемлекеттік сатып алу конкурсының №6075567-ЗЦП1 лоты бойынша 2021 жылғы 21 шілдеде Серіктестік мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы болып танылған.
2021 жылғы 29 шілдеде тапсырыс беруші «Алматы облысы, [...] әкімінің аппараты» ММ-і мемлекеттік сатып алу туралы шартты талап қоюшыға қол қою үшін жолдаған.
Серіктестік келісім шартқа заңда көзделген мерзімде, яғни 2021 жылдың 30 шілдесінен бастап 2 тамызына дейін қол қоймаған.
Осыған байланысты, Қазынашылық комитетінің Бұйрығымен Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген.
Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 43-бабының 3-тармағы, 44-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы қоса берілген хабарлама мемлекеттік сатып алу вебпорталына келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шартты ұсынбаса немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізбесе, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылады.
Жергілікті соттардың талап қоюшы шартты орындауға толық мүмкіндігі болғанын, оның шарт жасасудан жалтаруға ниеті болмағаны жөнінде тұжырымға келіп, талап арызды қанағаттандыруы іс құжаттарымен негізделген.
Соттар шешім қабылдағанда келісім шартқа қол қоюға Серіктестіктің мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргізу осы мекеменің қызметкері С[...] жүктелгенін, алайда ол науқастанып, ем қабылдауына байланысты, келісім шартқа қол қоюға мүмкіншілігі болмағанын, 2021 жылдың 29 шілдеден бастап өкпесі қабынып стационарда ем алғаны ескерілген.
Сонымен қатар, Серіктестік құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге және электрмен жабдықтау жұмыстарын орындауға байланысты бұған дейін де мемлекеттік сатып алуларға қатысқан және осы жұмыстармен айналысуға мемлекеттік лицензиялары бар.
Олардың соңғы рет мемлекеттік тапсырысты ұтып алған жұмыстары - 2021 жылғы 20 ақпанда «Қазалы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ-мен 40 619 529 теңге көлемінде жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шартына отырған және басқа да мемлекеттік сатып алу туралы шарттарын жасасқан және оны орындап жатқаны анықталған.
Сонымен қатар, талап қоюшының шартқа уақытылы қол қоймауының нәтижесінде тапсырыс берушіге елеулі зиян келтірілмегені де назарға алынған.
Жауапкер сотқа талап қоюшының шарт жасасудан жалтаруға ниеті бар екендігі туралы дәлелдемелер ұсынбаған. Заңның 12-бабының 5-тармағына сай мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырылады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 694 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік сатып алу саласында тізілімдерді қалыптастыру және жүргізу туралы» Қағидалардың 22-тармағына сай, егер жеңімпаз деп танылған әлеуетті өнім беруші Заңда белгіленген мерзімде мемлекеттік сатып алу туралы шартқа веб-портал арқылы қол қоймаған жағдайда, мұндай әлеуетті өнім беруші осы Қағидалардың 5-қосымшасына сәйкес нысан бойынша уәкілетті органның веб-портал арқылы қабылдаған шешімімен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне автоматты түрде енгізіледі. Алайда, Ереженің бұл нормасы Заңның 12-бабының 5-тармағымен, 44бабының 1-тармағымен сәйкес келмейді, өйткені онда Қазынашылық комитетіне автоматты түрде тиісті шешім қабылдау туралы тікелей талап қойылмаған.
Демек, Қазынашылық комитеті тапсырыс берушінің ұсынысы бойынша шешім қабылдағанда мемлекеттік сатып алу туралы заңнамамен қатар әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру тәртібі бөлігінде ӘРПК-нің қағидалары мен ережелерін басшылыққа алу тиіс.
ӘРПК-нің 8-бабының 1-тармағына сәйкес, әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті. ӘРПК-нің 10-бабының 1-тармағына сәйкес, әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.
Сот алқасы Заңның 4-бабының 5) тармақшасында бекітілген отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету қағидатын талап қоюшыға қолдануы заңды деген тұжырымға келеді.
Бұл ретте алқа талап қоюшының шартқа қол қоймауымен тапсырыс берушіге ол зиян келтіргені жайлы дәлелдемелер болмауын ескереді.
Іс бойынша конкурс қорытындысы негізінде мұндай жағымсыз салдар туындамағаны анықталды.
Сот алқасы ӘРПК-нің 2-тарауына сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарының бірі мөлшерлестік қағидаты болып табылатынын назарға алады.
Осы кодекстің 6-бабына сәйкес әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу осы тарауда баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Осы тарауда белгіленген әкімшілік рәсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.
Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
«Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Қазынашылық комитеті» РММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова Г. Нурбаев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.