ҚАУЛЫ
2025 жылғы 22 қыркүйек 6003-25-00-4к/359 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:
төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,
судьялар – Р.М.Айнакулова, Н.М.Кабдрахманова,
талап қоюшының өкілі Л.Бисенованың,
жауапкердің өкілдері А.Л.Назаровтың,
мүдделі тұлға Атырау қаласының Қайыршақты ауылдық округі әкімінің өкілі Н.Н.Саясаттың қатысуларымен
ашық сот отырысында талап қоюшы Гулайм Танатовна Шалапиеваның жауапкер «Атырау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – мекеме) 2024 жылғы 14 наурыздағы дәлелді бас тартуды заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 тамыздағы шешіміне, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
Г.Т.Шалапиева жоғарыда аталған мекемеге талап қоюымен сотқа жүгінген.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 тамыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан тартылған. Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, төменгі сатыдағы соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот кассациялық шағымның уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, іске қатысушылардың өкілдерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Соттармен анықталғаны, 2023 жылғы 29 маусымда талап қоюшыға Атырау қаласы Қайыршақты селолық округі әкімінің № 406 шешімімен Атырау қаласы, Қайыршақты ауылдық округі, Ақжар ауылы, №19 көшесі, №77-А мекенжайы бойынша орналасқан көлемі 0,1000 га жер учаскесі уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 3 жыл мерзімге берілген (бұдан әрі – жер учаскесі).
Талап қоюшы мен жауапкер арасында 2023 жылғы 10 шілдеде жер учаскесін уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) туралы келісім шарты жасалып (бұдан әрі – шарт), жер учаскесін пайдалану мерзімі 2026 жылғы 29 маусымға дейін белгіленген.
Талап қоюшы рұқсат алмай, жер учаскесінде жеке тұрғын үйді салып, кейін 2024 жылғы 13 наурызда жауапкерден жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасын (бұдан әрі – СЖТ) сұраған. Мекеме 2024 жылғы 14 наурызда талап қоюшының өтініші бойынша тыңдау жүргізіп, Атырау қаласының бас жоспары мен жер учаскесінің орналасқан аумағын функционалды және қала құрылыстық аймақтандырудың схемасына сәйкес жер учаскесі магистральдық мұнай құбыры және жасыл желек (санитарлық-қорғау) аумағында орналасуына байланысты өтінішті қанағаттандырусыз қалдырған.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 49) тармақшасы бойынша СЖТ - объектiнiң мақсатына, негiзгi өлшемдерiне және оны нақты жер учаскесiне (алаңға, трассаға) орналастыруға қойылатын талаптар кешенi, сондай-ақ осы елдi мекен үшiн қала құрылысының регламенттерiне сәйкес белгiленетiн, жобалау мен құрылысқа қойылатын мiндеттi талаптар, шарттар мен шектеулер. Бұл ретте тапсырыс беруші (құрылыс салушы, инвестор) ұсынатын нобайларға (нобайлық жобаларға) сәйкес түсi жөнiндегi шешiм мен ғимараттардың (құрылыстардың) қасбеттерiн әрлеу материалдарын пайдалану, көлемдiк-кеңiстiктегi шешiм бойынша талаптар белгiлеуге жол берiледi.
«Магистральдық құбыр туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 14-бабына сай халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаға зиян келтіруді болдырмау және магистральдық құбырды қауіпсіз пайдалану үшін жағдайлар жасау мақсатында төселім түріне қарамастан оның трассасы бойында, сондай-ақ магистральдық құбыр объектілерінің төңірегінде магистральдық құбырдың қауіпсіздігі жөніндегі техникалық регламент талаптарына сәйкес жергілікті жерлерде арнайы белгілермен белгіленетін күзет аймақтары орнатылады.
Бір техникалық дәлізде бірнеше магистральдық құбыр орналастырылған кезде барлық магистральдық құбыр үшін бірыңғай күзет аймағы орнатылады.
Заңның 14-бабы 2-тармағының 1)-тармақшасына және 8-тармағына сәйкес магистральдық құбырдың күзет аймақтарына мұнайды, мұнай өнімдерін, табиғи газды, мұнай және жасанды көмірсутек газдарын тасымалдайтын магистральдық құбыр трассалары бойында – құбыр осінің әрбір жағынан елу метр жерден өтетін шартты сызықтармен шектелген жер учаскесі түрінде; ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде магистральдық құбырдың күзет аймағы құбыр осінің әрбір жағынан жиырма бес метр жерден өтетін шартты сызықтармен шектеледі.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында магистральдық құбырға жатпайтын кез келген объектіні құрылыс нормалары мен қағидаларында белгіленген ең аз қашықтық шегінде салуға тыйым салынады.
«Магистральды құбырлар» 3.05-101-2013 ҚНмЕ-нің (бұдан әрі - ҚНмЕ) Б-1 кестесіне сай магистральды құбырлардың күзет аймағы енінің өлшемінен басқа құбырдың класы және номиналды диаметріне, объектілердің жауапкершілік дәрежесі мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты, бірақ Б-1 кестеде көрсетілген мәнінен кем емес қашықтықта құрлыстар салынуы қажет.
Магистральдық мұнай құбырларының диаметрі 500 мм-ден жоғары болғанда құрылыс нысаны 150 метр қашықтықта болуы тиіс.
Алайда соттармен анықталғаны, талап қоюшының жер учаскесінде рұқсатсыз салынған жеке тұрғын үй құрылысынан 128 метр қашықтықта диаметрі 1020 мм, 2000 жылдан қолданысқа тапсырылып, пайдаланып келе жатқан «Казтрансойл» акционерлік қоғамына тиесілі «Өзен-Атырау-Самара» магистральдық мұнай құбыры және 57 метр қашықтықта диаметрі 610 мм, 2004 жылда қолданысқа берілген «Мұнайтас» Солтүстік – Батыс құбыр компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі «Кенкияк - Атырау» магистральдық мұнай құбыры орналасқаны анықталған.
Мұндай жағдайда төменгі саты соттарының талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі тұжырымдарымен кассациялық сот келіседі.
Талап қоюшының үй құрылысы үшін 25000000 теңге жұмсағаны туралы уәждері талап қоюды қанағаттандыру үшін негіз бола алмайды. Г.Т.Шалапиева үй құрылысын бастамай, қажетті құжаттарды жинақтауға міндетті еді, алайда бұл тәртіп онымен сақталмаған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында көрсеткен уәждері төменгі саты соттарымен зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Жоғарыда келтірілген мәнжайларды ескере отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп табады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 тамыздағы шешімі, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Г.Т.Шалапиеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші:
Е. Төлеев
Судьялар:
Р. Айнакулова
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.