Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 26.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/2710 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 26 қараша №6003-25-00-2к/2710 Астана қаласы Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында

төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар А.А.Бақытжанова, Ч.И. Майшибаев, талап қоюшының өкілі А.Н.Утешбаев, жауапкердің өкілі А.Г.Абдуллаева,

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Су ресурстары-Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серектестігінің жауапкер «Шымкентцемент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – ЖШС) берген жергілікті тазарту құрылғысын орнатуға мәжбүрлеу туралы талап қоюы және «Шымкентцемент» ЖШС-нің «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің техникалық шартын жарамсыз деп тану туралы қарсы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 ақпандағы қаулысына жауапкердің өкілінің келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

2021 жылғы 10 қыркүйекте «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і мен «Шымкентцемент» ЖШС-і арасында Шымкент қаласы, Қойгелді батыр көшесі №22 мекен-жайында орналасқан құрылыстар мен ғимараттарға (өндірістік объектісіне) қызмет көрсету туралы №67 сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін ұсынуға арналған үлгілік және техникалық шарт (бұдан әрі – шарт) жасалған. Шарт бойынша жауапкер «Шымкентцемент» ЖШС-гі өндірістік объектісіне жергілікті тазарту құрылғысын орнату міндеттемесін алған.

2022 жылғы 4 қарашада «Шымкентцемент» ЖШС-нің директоры «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-не өндірістік объектісіне жергілікті тазарту құрылғысын орнатып, 2023 жылдың 4 тоқсанында пайдалануға беретіні туралы кепілдеме хат берген.

Талап қоюшы талап қоюында жауапкердің шарт бойынша міндеттемесін орындамағанын көрсетіп, соттан жауапкерді өндірістік объектісіне жергілікті тазарту құрылғысын орнатуға міндеттеуді сұраған.

«Шымкентцемент» ЖШС-гі қарсы талап қоюында өзінің өндірістік объектісінде жергілікті тазарту құрылғысын орнату қажет емес екенін көрсетіп, оны орнатуға берілген техникалық шартты жарамсыз деп тануды сұраған.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы шешімімен талап қоюшы «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің талап қоюы қанағаттандырылып, жауапкер «Шымкентцемент» ЖШС-і Шымкент қаласы, Қойгелді батыр көшесі №22 мекенжайында орналасқан өндірістік объектісіне тазарту құрылғысын орнатуға мәжбүрленген.

Қарсы талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымында жауапкердің өкілі жергілікті соттар істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол бергенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, істі қайта қарауға жолдауды сұрайды.

Сонымен қатар, жауапкердің өкілі алғашында кассациялық шағымды заңмен ескерілген мерзімде бергенін, алайда кемшіліктерге қатысты кері қайтарылғанын көрсетіп, кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіруді сұраған.

Кассациялық сот арызда келтірілген негіздерде жауапкердің кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтіруге жатады деп санайды.

Талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкердің өкілінің қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438 бабының 5 бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Қаралып отырған іс бойынша мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 272бабына сай, мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда - iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс.

Қазақстан Республикасының Су кодексінің 92-4-бабының 4- тармағының 1), 2) тармақшаларыңда, дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың сарқынды суларын елді мекендердің су бұру жүйелеріне қабылдау: елді мекендердің су бұру жүйелеріне сарқынды суларды қабылдау қағидаларына сәйкес сарқынды сулар олардағы зиянды заттардың жол берілетін шоғырлануының құрамы бойынша талаптарға сәйкес келген кезде жол беріледі. Сарқынды сулар сәйкес бұрудың оқшау тазартқыш құрылыстарында жүзеге асыруға міндетті.

Жауапкердің өндірістік объектісінде жергілікті тазарту құрылғысын орнату міндеті заң талаптарымен де, мәміле талаптарымен де бекітілген. Демек, жергілікті соттардың осы талап қоюды қанағаттандырғаны дұрыс.

Заң талаптарымен сумен жабдықтау және (немесе) су бұру осы қызметтерді атқаратын ұйымның техникалық шарттарының талаптарын орындаған кезде жол берілетіні көрсетілген. Бұл мән-жай техникалық шарттың заңдылығын дәлелдейді. Демек, жергілікті соттардың қарсы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқаны да орынды.

Талап қоюда келтірілген уәждерге жергілікті соттармен дұрыс баға берілген, оларға қатысты заң нормалары дұрыс қолданылған, сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ, сондықтан кассациялық шағым қанағаттандыруға жатпайды.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Жауапкердің кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілсін.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 ақпандағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын, жауапкердің өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырудан бас тартылсын.

Ғ.Бастаубаев

Төрағалық етуші судья

Судьялар

А.Бақытжанова

Ч.Майшибаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.