№6003-25-00-2к/1317
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 4 желтоқсан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья М.Т.Кадырова, судьялар А.З. Каирбеков, Р.А. Исполова, прокурор Н.Молдахановтың,
талап қоюшының өкілі Б.Ж. Дуйсеновтың, жауапкердің өкілі А.Б. Маликованың қатысуларымен
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының білім басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Е-Sandyq» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп тану, шартты бұзу туралы талап қоюы бойынша және «ЕSandyq» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Қызылорда облысының білім басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне көрсетілген қызмет актісін жарамды деп тану туралы қарсы талап қоюы бойынша азаматық істі талап қоюшының Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 2 желтоқсандағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
2024 жылғы 3 шілдеде «Қызылорда облысының білім басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі- Басқарма) «ЕSandyq» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен (бұдан әрі –ЖШС) б іліктілікті алдын-ала іріктеумен жүргізілетін конкурс тәсілімен өткізілген мемлекеттік сатып алулардың №114 мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасаған. Шарттың талаптарына сәйкес ЖШС-гі жалпы сомасы 162 170 000 теңгеге кешенді бұлтты ақпараттық жүйесіне қол жеткізу, техникалық қызмет көрсету, сүйемелдеу, әкімшілендіру, пысықтау, өзгерістер енгізу және жанарту жөніндегі қызметтер көрсетуге тиіс болған. Басқарма «Е-Sandyq» ЖШС-ң жосықсыз қатысушысы деп тану, шартты бұзу туралы талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкер шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамағанымен негіздеген.
ЖШС-і сотқа берген қарсы талап қоюында Басқарма көрсетілген қызмет актісіне негізсіз қол қоймағанын көрсеткен.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 2 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған, қарсы талап қанағаттандырылған, 2024 жылғы 3 шілдедегі №114 көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарты бойынша ЖШС-мен 32 435 200 теңгеге жасалған 2024 жылғы
17 қыркүйектегі №240127/00/1 көрсетілген қызмет актісі жарамды деп танылып, ЖШС-нің пайдасына Басқармадан 1 846 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпандағы қаулысымен аталған шешім күшінде қалдырылған.
Басқарма кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, Басқарманың талап қоюын қанағаттандыруды, жауапкер берген қарсы талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот шағымды қолдаған талап қоюшының өкілін, шағымға қарсылық білдірген жауапкердің өкілін және сот актілерінің күшін жою туралы прокурордың қорытындысын тындап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады. Іс бойынша мұндай бұзушылықтара жол берілмеген. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 683-бабына сәйкес өтелмелi қызмет көрсету шарты бойынша орындаушы тапсырысшының тапсырмасы бойынша қызмет көрсетуге (белгiлi бiр iс-әрекет жасауға немесе белгiлi бiр қызметтi жүзеге асыруға) мiндеттенедi, ал тапсырысшы бұл қызмет көрсетуге ақы төлеуге мiндеттенедi.
Іс материалдарынан Басқарма 2024 жылғы 11 шілдедегі хатымен «ЕSandyq» ЖШС-не Шарт бойынша рұқсатсыз кіруден және дербес деректердің ағып кетуінен қорғау құралдарымен қорғалуы және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына тиісті актімен немесе сертификатпен растау, мердігердің өз атында болуы міндетті деген негізбен тиісті құжаттарды ұсынуды сұраған. «Е-Sandyq» ЖШС-і 2024 жылғы 11 шілдедегі және 14 тамыздағы хаттарымен Шарт жасалған уақыттан бастап білім беру мекемелеріне қызметтерді көрсетіп жатқанын және 543 мекеме бойынша логин мен парольдарды жолдағанын көрсеткен.
Сонымен қатар, «Е-Sandyq» ЖШС-гі өзінің бағдарламалық қамтылымды тізілімге ену үшін табысталған құжаттары талаптарға сай болғандықтан, тізілімге енгізілгенін, мемлекеттік сатып алуды веб-
порталындағы «Сенімді бағдарламалық қамтамасыз ету және электроника өнеркәсібі өнімдерінің тізілімі» сайтына ресми түрде тіркелгеніне сілтеме жасап, Басқарманың талабымен келіспеген.
Яғни, тараптар арасындағы келіспеушіліктер «Е-Sandyq» ЖШС-ң Басқармаға ақпараттық жүйеге ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз еткенін дәлелдейтін құжаттарды ұсынбағанына байланысты болған.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2018 жылғы 28 наурыздағы №53/НҚ бұйрығымен бекітілген «Электрондық өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын, сондай-ақ электрондық өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтылымның өнімін электрондық өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізіліміне енгізу өлшемшарттарын бекіту туралы» бұйырығына (бұдан әрі -Бұйрық) сәйкес бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізіліміне енгізу туралы өтінімге келесі құжаттар қоса беріледі: ҚР СТ ISO/IES 15408-3 сәйкес электрондық өнеркәсіп өнімнің құрамына кіретін бағдарламалық қамтылым үшін (сертификаттау жүргізу сәтіндегі өзекті нұсқада) 4-ші сенім деңгейінен төмен емес ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік сертификатының көшірмесі (КР СТ ISO/IES 15408-3 сәйкес электрондық өнеркәсіп өнімнің құрамына кіретін бағдарламалық қамтылымды сертификаттау мүмкін болмаған жағдайда, өтініш беруші сертификаттудың мүмкін еместігі туралы қорытынды беру үшін кем дегенде екі сәйкестікті растау органына жүгінеді) немесе сынау хаттамасының болуы көзделген.
«Е-Sandyq» ЖШС-гі ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес екенін растау мақсатында «IT-CERT» ЖШС-мен жүргізілген зерделеу жұмыстарының оң корытынды берген 2024 жылғы 10 қыркүйектегі 5 дана хаттамамен және «IT-CERT» ЖШС-нің 2024 жылғы 15 қазандағы № 782024 хатын ұсынған. Яғни Басқарманың «Е-Sandyq» ЖШС-гі ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді деген уәждері сотта дәлелін тапқан жоқ.
Сонымен қатар, серіктестік мемлекеттік сатып алу веб-порталындағы «Сенімді бағдарламалық камтамасыз ету және электроника өнеркәсібі өнімдерінің тізілімі» сайтында ресми түрде тіркелгені анықталған.
Басқарма білім басқармасына қарасты білім беру ұйымдардың басшыларының арнайы сұрау салу хаттарының жауаптарымен негіздеп, жауапкер ұсынылған ақпараттық жүйемен ешқандай қызметтер көрсетілмеген деген уәждер келтірген.
Алайда, «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институтымен
жүргізілген 2024 жылғы 6 қарашадағы №1-П маманның қорытындысына сәйкес, Басқармаға және оған қарасты мекемелерге бағдарламаға қол жетімділік 2024 жылдың 11 шілдесінен бастап берілсе, кейбіріне тіпті 2023 жылдың 17, 26 мамырынан бастап берілген. «Qfin.kz» бағдарламасы Шарттың техникалық ерекшеліктеріне сәйкес келеді және Бағдарлама «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 24 қарашадағы Заңында көрсетілген ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді делінген.
Сондықтан, Басқарманың Шарттың техникалық ерекшеліктеріне сәйкес қызмет көрсетілмеді деген уәждері расталмады.
Бұл ретте Басқарма тарапынан ЖШС-мен ұсынылған қызмет актісіне негізсіз қол қоюдан бас тартылған деген соттардың тұжырымдамалары дұрыс.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі № 4 «Соттардың мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 8- тармағында мемлекеттік сатып алу туралы өнім берушілермен жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы талап қоюларды қарау кезінде соттар АК-нің 359-бабына сәйкес азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің негізі ретінде өнім берушінің кінәсін және АПК-нің 6-бабының бесінші бөлігіне сәйкес әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге алады деп көзделген.
Сотта анықталған мән-жайлардың негізінде соттардың жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тануға негіз жоқ деген тұжырымдарымен кассациялық сот толық келісе отырып, олар істің мән-жайларына сәйкес келеді және негізді деп есептейді. Басқарманың кассациялық шағымда жауапкердің «Qfin.kz» бағдарламасы арқылы бухгалтерлік есепті жүргізуге құқы жоқ деген уәждері негізсіз. Авторлық құқық иесі Б.Т.Жұмаділда өзі жасаған «Портал инфрмационно-технической поддержки www.QFIN.KZ комплекс программных решений» бағдарламалық өнімге айырықша құқығын 2024 жылғы 15 ақпандағы № 1 шарт негізінде «Е-Sandyq» ЖШС-ке Қызылорда облысы аумағында пайдалануға бергені анықталған.
Басқарманың кассациялық шағымында көрсетілген мән-жайлар жергілікті соттардың тұжырымдарын жоққа шығармайды, олардың негізсіздігі тиісті уәждер келтіріле отырып, сот актілерінде көрсетілген. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда тараптардың
уәждері зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған. Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпандағы қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
М.Т. Кадырова
Судьялар А.З. Каирбеков
Р.А. Исполова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.