Қ А У Л Ы
2025 жылғы 18 желтоқсан №6003-25-00-2к/3039 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі Д.Орманбектың, жауапкер өкілі Н.Ұ.Сарымсақовтың, үшінші тұлға С.Махмудованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер жеке кәсіпкер Едиль Айымкулович Абдиевты (бұдан әрі - Кәсіпкер) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 13 маусымдағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Басқарма аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Кәсіпкер тарапынан конкурстық құжаттамаға анық емес ақпарат ұсынылғанымен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Кәсіпкер мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған және одан мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Кәсіпкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Бұл санаттағы даулар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №599 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған
балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру» қағидасымен (бұдан әрі - Қағида) реттеледі.
Себебі, «Білім туралы» Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 2-бабының 3-тармағының 2) тармақшасында бір қатар білім беру ұйымдарында балаларды тамақтандыруды ұйымдастыруға байланысты қызметтерді (тауарларды) сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайтыны бекітілген.
Қағиданың 4-тармағына сәйкес біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берген өнім берушілер (әлеуетті өнім берушілер) жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесіне кіреді.
Анықталғаны, Басқармамен «Қызылорда облысының білім басқармасының Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің «№277 мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі үшін №13919737-1 балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметі бойынша мемлекеттік сатып алу арқылы ашық конкурс жарияланған.
Өзге әлеуетті өнім берушілермен бірге Кәсіпкер конкурстарға қатысу үшін өзінің өтінімдерін ұсынып, конкурстық құжаттамада өзінде аспазшы болып жұмыс істейтін қызметкер ретінде С.Махмудованы көрсеткен.
Конкурс өтінімдерін қарау, пысықтау, сұрау салу барысында 2025 жылғы 24 сәуірдегі «Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Қармақшы аудандық архиві» филиалының №7-0110/69 хатына сәйкес Кәсіпкер тарапынан ұсынылған аспазшысы «Қызылорда облысының білім басқармасының «Қармақшы аграрлы-техникалық колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының (бұдан әрі - Колледж) «Аспазшы» мамандығы бойынша 1989-1990 жылдар аралығындағы оқыған студенттердің тізімінде көрсетілмегендігі анықталған.
Сотта үшінші тұлға Колледж өкілі 1990 жылғы құжаттар Колледжде сақталмайтынын, Колледждің тиісті журналдарында «Аспазшы» мамандығы бойынша оқығандардың арасында С.Махмудова жөнінде мәліметтер жоқ екенін көрсеткен.
Яғни, Кәсіпкер конкурстық құжаттамада аспазшы С.Махмудоваға қатысты дұрыс емес ақпарат берген, бұл ақпарат еңбек ресурсына қатысты біліктілік талаптарына жатады, тиісті талапқа сәйкес Кәсіпкер конкурстық құжаттамада ұсынған құжаттардың шынайлылығына жауап беруге міндетті.
Сонымен қатар, аталған конкурсқа қатысу үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, қосымша білім беретін мектептен
тыс ұйымдарда білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу» Қағидасының 20-тармағының 4) тармақшасында белгіленгендей балалар санына қарай аспазшы саны 3 адам болуы жеткілікті екенін, ал өзі 5 аспазшының құжаттарын тапсырғанын, яғни С.Махмудованың дипломы жалған болғаны баға ұсынысына және конкурс нәтижесіне әсер етпейді деген Кәсіпкердің уәждері негізсіз.
Қағидада өнім берушіні жосықсыз беруші деп тану үшін дұрыс емес ақпарат берудің салдары баға ұсынысына әсер етуі тиіс деген норма жоқ, осы конкурстың ерекшелігі - конкурсқа тұрақты баға ұсынылады және ол баға өзгертілуге жатпайды, өйткені бекітілген норматив бойынша ақша қаражаты әр балаға нақты сомада бөлінеді, тиісінше бала санына қарай тамақтандырудың жалпы тұрақты бағасы да айқындалады және әр бір баланы нормативтен төмен тамақтандаруға жол берілмейді.
Өз кезегінде, өнім берушінің штатында неғұрлым аспазшы саны көп және олардың еңбек өтілі үлкен болса конкурстың қорытындысымен ондай өнім берушіге үлкен балл беріледі, нәтижесінде конкурстың жеңімпазы болуына мүмкіншілігі арта түседі.
Істің мұндай тұрғысында талап қою қанағаттандырылуға жатады деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 13 маусымдағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысы күшінде, жауапкер жеке кәсіпкер Едиль Айымкулович Абдиевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов Судьялар Н.Жумагулова Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.