ВС РК - Постановление от 21.02.2024 по делу 6001-24-00-3гп/60 (Гражданское)

6001-24-00-3гп/60

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 21 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында

төрағалық етуші – алқа төрағасы Н.К. Шәріпов, судьялар Е.Ж. Айтжанов, Т.Ә. Ибрашев,

талап қоюшының өкілі Р[...], жауапкердің өкілі К[...], аудармашы Т[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланысы арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкер «Еуразиялық банк» АҚ-на банктік қарыз шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған,

Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының 2023 жылғы 23 маусымдағы шешімін және Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 қазандағы қаулысын қайта қарау туралы «Еуразиялық банк» АҚ-нің келтірген өтінішхатын азаматтық іс материалдарын зерделеу арқылы қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

А[...] жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген. Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының 2023 жылғы 23 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхат иесі іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың тұжырымдары істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейтінін, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дұрыс анықталмағанын көрсетіп, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы іс бойынша жауапкер өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, талап қоюшының өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірін тыңдап, өтінішхаттың уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде

бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар тарапынан жол берілген.

Азаматтық іс құжаттарынан анықталғандай, 2023 жылғы 3 наурызда «Еуразиялық банк» АҚ (бұдан әрі - Банк) мен А[...] арасында 3 000 000 теңгеге қарыз шарты жасалған.

А[...] өзінің талап қоюында қарыз алушының борыш жүктемесі коэффициенті белгіленген 0,5 шегінен асып кеткенімен негіздеген.

Жергілікті соттар осы негізді басшылыққа ала отырып, келесідей тұжырымға келген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыра отырып, «Қаржы ұйымдарының банк операцияларының жекелеген түрлерін және басқа да операцияларды жүргізуіне шектеулер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 желтоқсандағы №292 қаулысы (бұдан әрі қарай - №292 қаулы) және «Банктің пруденциялық нормативтерінің және сақталуы міндетті өзге де нормалары мен лимиттерінің нормативтік мәндері мен оларды есептеу әдістемелерін, капиталының мөлшерін және Ашық валюталық позицияны есептеу қағидалары мен оның лимиттерін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 13 қыркүйектегі №170 қаулысының 9-тарауын (бұдан әрі - Қаулы) басшылыққа алған.

Көрсетілген қаулыларда қарызды беру туралы шешім қабылданғанға дейін Банк төлем қабілеттілігін бағалауды жүргізуді және қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеуді жүзеге асыру керек.

Егер қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициенті оның кіріс мөлшерінен асатын болса, Банк қарыз беру туралы оң шешім қабылдамайды. Қарыз алушының борыштық жүктемесі коэффициентінің ең жоғары деңгейі 0,5 болуы тиіс делінген.

Бірінші сатыдағы сотпен анықталғандай, қарыз алушымен несиені рәсімдеу кезінде борыштық жүктемесінің коэффициенті 0,67 құраған, яғни Банк жоғарыда көрсетілген міндетті талаптарды ұстанбай және қарыз алушының борыштық жүктемесін анықтамай талап қоюшыға борыштық жүктеме коэффициенті 0,5 мәнінен асып кетседе несие берген деген тұжырымға келген.

Осыған байланысты, Банктің Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 158-бабының 1-тармағына сәйкес жоғарыда көрсетілген Қағидалардың талаптарын бұзуы даулы шартты жарамсыз деп тану үшін негіз болған.

Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен келіскен.

Алайда, соттардың мұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды.

№292 Қаулының 2-тармағына сәйкес қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициентінің ең жоғары деңгейі 0,5 құрайды.

Банк бұл жүктемені санағанда, қаулының 97-тармағына сәйкес қарыз алушымен көрсетілген негізгі табыс көзімен бірге, қосымша кіріс ретінде 100 000 теңгені қосып бірге есептеген.

Яғни, қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициенті банктің есебі бойынша 0,47564288992 құраған. Атап айтқанда, қаулының 98-тармағында белгіленген 0,5 шегінен аспаған.

Банк қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициентін есептеу қағидаларын бұзбаған.

Қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициентін есептеу үшін кірістерді растаудың өзге көздерін қолдануға заңнамамен тыйым салынбаған. Бұл ретте, өзге де кіріс көздері бойынша ақпаратты клиент өзі ұсынады.

Сонымен қатар, қарыз алушының төлемдерді дұрыс көрсетпеуі шартты жарамсыз деп тануға негіз болмайды, бірақ ол Банктің өзінің кәсіпкерлік тәуекелі болып табылады.

Азаматтық кодекстің 380-бабына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалар шарт жасасуға ерікті. Шарт жасасуға мәжбүр етуге жол берілмейді.

Атап айтқанда, банктік заем шарт «Smartbank» мобильдік қосымшасы арқылы электрондық форматта ресімделіп, оны ресімдеу кезінде А[...] жеке басын растайтын құжаттарды ұсына отырып, биометриялық сәйкестендіруден және аутентификациядан өткен.

Аутентификация А[...] +[...] ұялы нөміріне жіберілген SMS-кодтарды енгізу арқылы жүзеге асырылған.

Сонымен, дауланып отырған шарт талап қоюшының өтініші бойынша рәсімделіп, оған сәйкес ақшалай қаражат Банктегі талап қоюшының шотына толық көлемде аударылған, бұл төлем ордермен расталады.

2023 жылғы 3 наурызда талап қоюшының шотынан 3 000 000 теңгеден, 500 000 теңгеден төрт транзакциямен «Smartbank» арқылы клиент М[...] және 500 000 теңгеден екі транзакциямен клиент М[...] шоттарына аударылған.

Яғни, АПК-тің 72-бабының талаптарына қайшы келетін, аса қолайсыз жағдайларда немесе Банк тарапынан алдау, зорлық-зомбылық, қорқыту әсерінен даулы шарт жасасу туралы нақты дәлелдер ұсынылмаған.

Осыған орай, сот алқасы мұндай жағдайларда соттардың талап қоюшының талаптарын қанағаттандыруға заңды негіздер жоқ деген тұжырымға келеді.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, А[...] талап қоюын қанағаттандыру туралы сот актілері жойылуға жатады.

Қосымша дәлелдемелерді жинау және зерттеу талап етілмейтіндіктен, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруға жатады.

Сонымен қатар, АПК-нің 109-бабына сәйкес кассациялық сатыдағы өтінішхат беру кезінде 862 теңге 50 тиын сомасында төленген мемлекеттік баж өндіріп алуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Осы азаматтық іс бойынша қабылданған Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының 2023 жылғы 23 маусымдағы шешімін және Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы қазандағы қаулысының күші жойылсын.

Іс бойынша талап қоюшы А[...] жауапкер «Еуразиялық банк» АҚ-на 2023 жылғы 3 наурызда талаптар арасында 3 000 000 теңгеге жасалған банктік қарыз шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

А[...] «Еуразиялық банк» АҚ-ның пайдасына 862,50 (сегіз жүз алпыс екі теңге, елу тиын) мемлекеттік баж өндірілсін.

«Еуразиялық банк» АҚ-нің өтiнiшхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші:

Н.К.Шәріпов

Судьялар Е.Ж.Айтжанов

Т.Ә. Ибрашев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.