6001-22-00-3гп-138
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 17 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар Б.Р.Ералиева, Ғ.Ж.Мырзекенің,
талап қоюшының өкілі Ж[...],
жауапкерлердің өкілдері «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің С[...], «Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің Ж[...], жеке кәсіпкер Б[...] өкілі Б[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында TrueConf мобилді бейнебайланысы арқылы талап қоюшы Түркістан қаласы прокурорының жауапкерлер «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – ММ), «Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» ММ-не, жеке кәсіпкер Б[...] (бұдан әрі – ЖК Б[...]), «БЖС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – ЖШС) жекешелендіру объектісінің нарықтық құнын бағалау туралы 2020 жылғы 18 тамыздағы № 99 шартты және жылжымайтын мүлікті бағалау туралы есебін, 2020 жылғы 7 қазандағы электрондық аукционның қорытынды хаттамасын, 2020 жылғы 8 қазандағы ғимаратты сатып алу-сату туралы шартты, 2020 жылғы 19 қазандағы қабылдау-өткізу актісін жарамсыз деп танып, күшін жою туралы талап қою арызымен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 14 қазандағы қаулысына Түркістан қаласы прокурорының келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
Түркістан қаласы прокуроры сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 4 мамырдағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.
2020 жылғы 8 қазандағы «Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» ММ-і мен ЖК Б[...] арасында жасалған ғимаратты сатып алу-сату туралы шарты, 2020 жылғы 19 қазандағы «Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» ММ-і мен ЖК Б[...]
арасында жасалған № 1 мемлекеттік мүлікті сатып алу-сату бойынша қабылдау-өткізу актісі жарамсыз деп танылып, күштері жойылған.
ЖК Б[...] мемлекет пайдасына 2 917 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Түркістан қаласы прокурорының жекешелендіру объектісінің нарықтық құнын бағалау туралы 2020 жылғы 18 тамыздағы № 99 шартын жарамсыз деп танып, күшін жою туралы талабы қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 14 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.
Шешімнің талап қою арызын қанағаттандырған бөлігінің күші жойылып, жаңа шешім қабылданып, талап қоюшының талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан қаласы прокуроры өтінішхатында іс бойынша қабылданған сот актісімен келіспей, апелляциялық сатыдағы соттың материалдық және процестік құқық нормаларын бұзуға жол бергенін көрсетіп, дауланған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
«БЖС[...]» ЖШС-нің өкілі кассациялық сатыдағы сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарламаны дер кезінде алса да, сот отырысына қатыспады және оның қатыспау себептерін хабарламады, істің қаралуын өздерінің қатысуынсыз өткізуді сұрамады.
Алқа, «БЖС[...]» ЖШС-нің өкілінің сотқа қатыспауын дәлелсіз себептермен деп есептеп, сот отырысын оның өкілінің қатысуынсыз өткізді.
«Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» ММ-сі талап қоюшының өтінішхатына жолдаған пікірінде апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын күшінде қалдырып, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған. Сот алқасы іс бойынша талап қоюшы Түркістан қаласы прокурорының өкілі С[...] өтінішхатты қолдаған түсінігін, жауапкерлер «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» ММ-нің өкілі С[...], «Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» ММ-нің өкілі Ж[...], ЖК Б[...] өкілі Б[...] өтінішхатқа қарсы пікірлерін, өтінішхат уәждерін және оған «Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» ММ-нің келтірген пікірін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер жоқ деп санайды.
Сот актілерінен анықталғандай, Түркістан қаласы әкімінің 2005 жылғы 3 маусымдағы № 1753 қаулысымен Есімхан алаңы, № 3 мекенжайда орналасқан төрт қабатты ғимарат (бұдан әрі-Д[...] ғимарат) ауыл шаруашылығы басқармасының иелігінен шығарылып, «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» ММ-нің теңгеріміне берілген.
2018 жылғы 6 тамызда аталған ғимаратқа 257,1 млн. теңгеге, оның ішінде ғимараттың ішкі құрылыс жұмыстарына 76,1 млн. теңгеге, «Шаңырақ» өндірістік кооперативімен жөндеу жұмыстары жүргізілген. Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының 2020 жылғы 9 қаңтардағы № 14-11-06/30 хаты негізінде Түркістан қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 10 қаңтардағы № 33 «Ғимаратты облыстық меншікке өткізу туралы» қаулысымен Түркістан қаласы әкімі аппаратының теңгеріміндегі кадастрлық нөмірі [...], жалпы алаңы 2554,7 шаршы метрді құрайтын төрт қабатты 0,7046 га жер телімімен Д[...] ғимарат «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – «Түркістан ӘКК» АҚ) теңгеріміне өткізу мақсатында Түркістан облысының коммуналдық меншігіне өткізілген. Аталған қаулыға сәйкес Түркістан қаласы әкімінің аппаратына заңда белгіленген тәртіппен қабылдау-өткізу актісін жасап, ғимаратты есептен шығару тапсырылған.
«Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы» ММ-нің 2020 жылғы 29 қаңтардағы № 27 «Ғимаратты қабылдау туралы» бұйрығымен Д[...] ғимарат «Түркістан ӘКК» АҚ-ның жарғылық капиталына беру мақсатында облыстық коммуналдық меншікке қабылданған.
Түркістан облысы әкімдігінің 2020 жылғы 2 наурыздағы № 44 қаулысына сәйкес даулы ғимарат «Түркістан ӘКК» АҚ-ның жарғылық капиталына акциялық төлемге берілген.
«Түркістан ӘКК» АҚ-ның директорлар кеңесінің ашық дауыс беру тәртібімен өткізілген 2020 жылғы 5 наурыздағы шешімімен аталған акционерлік қоғам және «SS[...]» ЖШС-гі бірігіп, «TIC[...]» ЖШС құрған, оның 49% үлесі акционерлік қоғамға, ал қалған 51% «SS[...]» ЖШС-не тиесілі болған, сонымен бірге жаңа серіктестікті құру шарты мен жарғысы бекітілген.
Аталған мекемелер арасында Д[...] ғимаратты «Бутик» қонақ үйі ретінде қайта жаңғырту жобасын бірлесіп атқару жөнінде шешім қабылданып, 2020 жылғы 6 сәуірде осы жобаны іске асыру мақсатында аталған тараптар арасында № 47 шарт жасалған.
Түркістан қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі № 733 қаулысымен «Түркістан ӘКК» АҚ-ның 2020 жылғы 10 сәуірдегі № 01-02-2/561 қаулысына сәйкес даулы ғимаратты «Бутик» қонақ үйі ретінде қайта құру құрылысы жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілген. Құрылыс жүргізу жұмыстарының жобалау-ізденіс құжаттарын дайындау аталған акционерлік қоғамға ұсынылған, ал қаулының орындалуын Түркістан қаласының «Сәулет және қала құрылыс бөлімі» ММ-не жүктеген.
«SS[...]» ЖШС-гі акционерлік қоғаммен арадағы жобаны іске асыру мақсатында аталған Д[...] ғимараттың ішкі қабатына құрылыс демонтаждау жұмыстарын жүргізіп, оның ішкі бөлмелерін, құрылымдарын бұзып тастаған, сонан соң бұл жұмыстарды жалғастырудан бас тартқан.
Түркістан облысы әкімдігінің 2020 жылғы 14 шілдедегі № 148 қаулысымен «Түркістан облысы әкімдігінің 2020 жылғы 2 наурыздағы № 44 «Ғимаратты «Түркістан ӘКК» АҚ-ның жарғылық капиталына акциялық төлемге беру туралы» қаулысының күші жойылған.
Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының 2020 жылғы 17 шілдедегі бұйрығымен «Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының 2020 жылғы 29 қаңтардағы № 27 «Ғимаратты қабылдау туралы» бұйрығымен № 27 бұйрығының күші жойылған.
С[...] ғимарат «Түркістан қаласы әкімі аппараты» ММ-нің теңгеріміне қайта қайтарылған.
Түркістан қаласы әкімі 2020 жылғы 20 тамызда № 1143 қаулысымен Д[...] ғимаратты сауда-саттыққа қойып, жекешелендіру туралы шешім қабылдап, соның негізінде 2020 жылғы 18 тамызда «Түркістан қаласы әкімі аппараты» ММ-і мен «БЖС[...]» ЖШС арасында даулы ғимараттың нарықтық құнын анықтау үшін бағалау жұмысын жүргізу туралы шарт жасалған.
Аталған серіктестіктің 2020 жылғы 18 тамызда жүргізген бағалау есебі бойынша Д[...] ғимараттың нарықтық құны 313 736 279 теңгені құраған.
«Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» ММ-нің 2020 жылғы 25 тамыздағы № 81 «Мемлекеттік меншіктегі ғимаратты жекешелендіру бойынша электрондық сауда-саттықты өткізу туралы» бұйрығымен «Түркістан қаласы әкімі аппараты» ММ-нің теңгеріміндегі Д[...] ғимарат электрондық сауда-саттықтың бағаны көтеру әдісі бойынша аукционға қойылған.
2020 жылғы 28 тамызда бұқаралық ақпарат құралдарында және мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында коммуналдық меншіктегі нысандарға 2020 жылғы 16 қыркүйекте сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін Д[...] ғимаратқа қатысты бағаны көтеру әдісімен, бастапқы бағасы 313 736 279 теңге, электрондық аукцион өткізілетіні туралы «Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» ММ-ге хабарлама берген. Алайда, ол күні мүлікті сатып алушылар болмағандықтан, электрондық сауда-саттық өткізілмеген деп танылып, ол жөнінде акт жасалған.
«Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» ММ-нің № 83 бұйрығымен аталған ғимарат бағаны төмендету әдісі бойынша аукционға қойылатыны жөнінде шешім қабылданып, ол жөнінде 2020 жылғы 18 қыркүйекте «Түркістан» газетінде және мемлекеттік мүлік тізілімінің вебпорталында ғимаратқа бағаны төмендету әдісі бойынша 2020 жылғы 7 қазанда өтетін аукционға қойылатыны жөнінде хабарлама жарияланған.
Төмендету тәртібімен өткізілген Д[...] ғимаратқа қатысты саудасаттықта ЖК Б[...] 313 736 279 теңге ұсынып, жеңімпаз болып танылған.
2020 жылғы 8 қазанда Түркістан қаласы әкімінің аппараты мен аукцион жеңімпазы Б[...] арасында сатып алу-сату туралы шарт жасалған, сонан соң 2020 жылғы 19 қазанда Түркістан қаласы әкімінің аппараты даулы мүлікті қабылдау-өткізу актісі негізінде аукцион жеңімпазы Б[...] өткізген, акті осы күнмен «Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» ММ-нің басшысы Б[...] бекітілген.
Түркістан қаласының прокуратурасы Д[...] ғимараттың ішкі жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы мен орнатылған материалдар, құралдардың талан-таражға түсуі белгілері бойынша талдау жүргізіп, жинақталған құжаттар бойынша тиісті процестік шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысының департаментіне жолданған.
Аталған Департамент 2020 жылғы 8 қазанда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, осы іс шеңберінде ғимараттың ішкі жөндеу жұмыстары бойынша келтірілген залал мөлшерін анықтау және «БЖС[...]» ЖШС-нің даулы мүлікті бағалау есебінде көрсетілген бағаның шынайылығын анықтау мақсатында сот құрылыс-тауартану сараптамасын тағайындаған.
Түркістан облысы бойынша Сот сараптамалар институты сарапшысының 2020 жылғы 10 желтоқсандағы қорытындысына сай ғимараттың нарықтық құны осы сараптама дайындалған мерзімге 438 604 616 теңгені және сот экономикалық сараптамасы сарапшысының 2020 жылғы 11 желтоқсандағы қорытындысына сай «ғимаратты демонтаждау жұмыстарынан кейінгі, яғни осы таңдағы жағдайын 2018 жылы жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстарын қайта қалпына келтіру үшін 146 941 361 теңгені құрау мүмкіндігі көрсетілген».
Талап қоюшы Д[...] ғимарат сауда-саттыққа қойылғанда оның нарықтық құнының дұрыс шығарылмауынан, нарықтық құнын анықтау барысында бағалау есебінде ғимараттың жай-күйін толық көрсетпегенін, ғимараттың болмаған құрылымдық элементтері үшін 0,7083 төмендететін коэффициентті пайдалану негізін нақты көрсетпегенін, түзету есебін шығармағанын және ғимараттың қандай құрылымдық элементтері болмағанын және ғимарат орналасқан жердің құны бағалау есебіне кірмегенін, егерде жер бөлінбейтін болса мүлікті сатып алушыға өтіп кететіндігімен негіздеген.
Бірінші сатыдағы сот талап қою арызын ішінара қанағаттандыру туралы тұжырымын:
бағалау жұмыстары басталғанға дейін заңсыз Д[...] ғимаратты бұзу жұмыстары жүргізілген, ол туралы бағалау есебінде көрсетілген, соның салдарынан жекешелендіру объектісінің шаршы метрінің нарықтық құны 29,17% дейін төмендеген;
Д[...] ғимарат физикалық сипаттамалары тура келмейтін, бәсекелес бола алмайтын жылжымайтын мүліктің шаршы метрі үш есе төмен объектілермен салыстырылып, яғни ғимараттың құны нарықта мағыналас нысандардың болмауына қарамастан, баламалы әдісті негізсіз қолдану арқылы шығарылған;
шығын тәсілінің әдісі бойынша есептегенде, әрбір құрылымдық элементті шегеріп, 2018 жылы жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстары (257,1 млн.теңге) міндетті түрде бағалау құнына кіретін еді, ол жағдай ғимараттың нарықтық құнын анағұрлым жоғары бағалауға мүмкіндік берер еді;
есеп пен бағалау объектісін тексеру актісінде ғимараттың болмаған құрылымдық элементтері үшін 0,7083 төмендететін коэффициентті пайдалану негізін нақты көрсетпеген, түзету есебін шығармаған, ғимараттың жай-күйін, қандай құрылымдық элементтері болмағанын сипаттамаған, демек даулы ғимараттың бағасы электрондық аукционға заңсыз төмендетіліп қойылған деп негіздеген.
Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың талап қою арызын қанағаттандырған бөлігімен келіспей, шешімді өзгертіп, жаңа шешім қабылдап, сот істің мән-жайын дұрыс анықтап, оған баға беруде қателікке жол берген деп көрсеткен.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы № 920 «Жекешелендіру объектілерін сату қағидасын бекіту туралы» қаулысының (бұдан әрі - Қаулы) 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес жекешелендіру объектісінің нарықтық құны – мәміле тараптары бағалау объектісі туралы барлық қолжетімді ақпаратқа ие бола отырып, есеппен және мәжбүрлеусіз әрекет ететін бәсекелестік жағдайларында, мәміле негізінде жекешелендіру объектісін иеліктен шығаруға болатын есептік ақшалай сома.
Қаулының 4-тармағына сәйкес жекешелендіру объектілерін сату жекешелендіру объектісінің нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады, ол жекешелендіру объектісінің теңгерімдік құнынан төмен болуы мүмкін.
О[...] Қаулының 10-тармағында жылжымайтын мүлікті жекешелендіру кезінде Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жер учаскесі құқық сатып алушыға өтетіні және жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын сатып алушы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жеке төлейтіні көрсетілген.
Іс құжаттарынан анықталғандай Д[...] ғимарат әкімдікпен «Түркістан ӘКК» АҚ-ның жарғылық капиталына акциялық төлемге берілген кезде, оның жалпы құны 58 366 000 теңгені құраған, одан кейін ғимаратты АҚ-ға беру туралы қаулының күші жойылып, оның құны қайтадан бағаланбаған.
Ғимараттың баланстық құны бойынша уәкілетті органның мәліметі талап қоюшымен дауланбаған және оның құны көрсетілген құннан жоғары болатыны жөнінде тиісті дәлелдер берілмеген.
Сонымен қатар талап қоюшы істі қараған кезде Д[...] ғимараттың құны туралы шешім қабылдауға болатын басқа да бағалау есебін ұсынбаған.
Сол себепті апелляциялық сатыдағы сот, талап қоюшының Д[...] ғимараттың құнына 2018 жылы мемлекеттік сатып алу барысында жүргізілген жөндеуге кеткен қаржы шығыны қосылмады деген уәждерімен
заңды келіспеген.
Ғимаратты жекешелендіру туралы жергілікті органдармен шешім қабылданғаннан кейін, оның нарықтық құнын анықтау арнайы лицензиясы бар «БЖС[...]» ЖШС-не тапсырылған, оның бағалау есебі 2020 жылғы 18 тамызға дайындалып, Д[...] ғимараттың нарықтық құны 313 736 279 теңгені құраған.
Аталған бағалау есебі бойынша тек қана ғимараттың өзі бағаланған, ал оның орналасқан жері мен оған қызмет көрсететін жердің құны есептелмеген.
Сонымен қатар Д[...] ғимарат орналасқан жерлер, ғимаратпен бірге сауда-саттыққа, яғни жекешелендіруге шығарылмаған.
Демек, апелляциялық сатыдағы сот, жоғарыда аталған Қаулының талабына сай, талап қоюшының Д[...] ғимарат орналасқан жер сатып алушыға ақысыз өтетін болды деген уәжімен дұрыс келіспеген, себебі мүліктің өзін ғана жекешелендірген кезде, жердің құны кадастрлық (бағалау) құнымен бөлек төленеді.
Істегі Сот сараптамалар институтының қорытындысы даулы ғимаратты сауда-саттыққа қою бағаланған мерзімге, яғни 2020 жылғы тамыз айына емес, сол жылғы 10 желтоқсанға дайындалған.
С[...] оны апелляциялық сатыдағы сот заңды негізге алмаған.
Талап қоюшының талап арызда көрсеткеніндей, даулы ғимараттың нарықтық құнын 438 604 616 теңге деп алатын болса және одан аталған ғимараттың ішкі бұзылған құрылымдарын қалпына келтіруге жұмсалатын 146 946 341 теңгені алса, онда оның құны 291 658 275 теңгені құрайды, ал іс жүзінде ғимарат сауда саттықтан 313 736 279 теңгеге сатылған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 916 бабына сай аукцион нысанындағы саудаластық кезiнде сатушы аукционның затын ол үшiн неғұрлым жоғары баға ұсынатын аукционға қатысушыға сатуға мiндеттенедi. Аукцион сатушы жариялаған бағаны арттыру немесе кемiту талаптарымен өткiзiлуi мүмкiн.
Бағаны төмендетумен өткiзiлетiн аукцион шарттарында заттың сатылуы мүмкiн болатын ең төмен баға көзделуi мүмкiн.
Аукционға қатысу туралы ұсыныстар аукцион заты, оның өтетiн орны мен уақыты туралы мәлiметтердi қамтуға тиiс.
Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, егер аукционға кемiнде екi қатысушы (сатып алушы) қатысса, ол өтуі мүмкін.
Егер аукцион шарттарында өзгеше белгiленбесе, ең жоғары баға ұсынған аукционға қатысушымен оған аукционның затын сату туралы шарт жасалады.
Іс құжаттарынан Қағида мен АК-ң талаптары бұзылғаны жөніндегі деректер байқалмайды.
Себебі, бағаны арттыру талабымен жарияланған аукцион өтпей қалып, бағаны кеміту талабы бойынша өткен аукционға бес қатысушы қатысып,
соның ішінен даулы ғимаратқа жоғары баға ұсынған ЖК Б[...] мен «Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» ММ-нің арасында 2020 жылғы 8 қазанда ғимаратты сатып алу-сату туралы келісімшарт жасалып, сол жылғы 19 қазанда қабылдау-өткізу актісі жасалған.
С[...] сот алқасы, апелляциялық сатыдағы сот оларды жарамсыз деп тауып, күшін жоюға АК-ң 157-160-баптарында көрсетілген негіздер жоқ деген пікірге дұрыс келген деп есептейді.
Іске қатысқан талап қоюшының өкілі С[...] пікіріне қарағанда қазіргі кезде тергеу амалдары аяқталып, Д[...] ғимарат бойынша кінәлі адамдарды жауапқа тарту жөніндегі заңды күшіне енген сот актісі жоқ.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, шешімнің талап қою арызын қанағаттандырған бөлігінің күшін жойып, жаңа шешім қабылдап, талап қоюшының талабын қанағаттандырусыз қалдыру керек деген қорытындыға дұрыс келген.
Сол себепті сот алқасы, апелляциялық сатыдағы соттың жоғарыда келтірген қорытындысын, іс үшін маңызы бар мән-жайларға негізделген деп санайды.
Демек алқа, жоғарыда көрсетілген жайларға байланысты, АПК-нің 427-бабында көзделген, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жоятын не оны өзгертетін негіздер және өтінішхатты қанағаттандыруға жататын жайттар жоқ деп есептейді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 14 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Түркістан қаласы прокурорының өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н.К.Шәріпов Б.Р.Ералиева Ғ.Ж.Мырзаке
Судьялар
Көшірмесі дұрыс: Судья
Б.Р.Ералиева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.