ВС РК - Постановление от 25.09.2020 по делу 6001-20-00-3пп/55 (Гражданское)

6001-20-00-3пп/55

ҚАУЛЫ

2020 жылғы 25 қыркүйек Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Н.Қайыпжан судьялар С.Жармұхамбетова, Т.Молдахметова, талап қоюшы Сайрам ауданы прокуратурасының өкілі

М[...], жауапкерлер С[...], оның өкілі А[...],

Сайрам ауданының Ақсукент ауылдық округі әкімі аппаратының өкілі С[...], аудармашы М[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы Сайрам ауданының прокуроры жауапкерлер «Ақсукент ауыл округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне, К[...], К[...], З[...], С[...], Т[...], К[...], М[...], А[...], М[...], П[...], Д[...], К[...], Р[...], Ж[...], Т[...], Д[...], Д[...], Е[...], А[...], С[...], Е[...], Ш[...], Р[...], «Жер ҒӨО» РМК ОҚ филиалының Сайрам аудандық бөлімшесіне, мүдделі жақтар Сайрам аудандық Әділет басқармасына, жеке нотариус Т[...], Ақсукент ауыл округінің әкімінің жер учаскелерін беру туралы шешімдерін жарамсыз деп танып, шешімдердің негізінде рәсімделген жеке меншік құқығын беретін мемлекеттік актілер мен мемлекеттік актілердің нөлдік тарауларына енгізілген өзгерістерді жарамсыз деп танып, олардың мемлекеттік тіркелуін күшін жойып, сыйға тарту туралы келісім шарттарды жарамсыз деп танып, олардың күшін жою және жер учаскелерін мемлекетке қайтару туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық сотының 2015 жылғы 21 қыркүйектегі шешімін, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2015 жылғы 18 қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талапкер Оңтүстік Қазақстан облысы, [...] прокуроры жауапкерлерге қатысты жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгінген.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық сотының 2015 жылғы 21 қыркүйектегі шешімімен Сайрам аудандық прокурорының талап арызы қанағаттандырылған.

Сот шешімімен Ақсукент ауыл округінің әкімінің жауапкерлерге қатысты шешімдері жарамсыз деп танылған. Аталған шешімдердің негізінде рәсімделген жеке меншік құқығын беретін мемлекеттік актілері мен мемлекеттік актілердің нөлдік тарауларына енгізілген өзгерістер жарамсыз деп танылып, олардың тіркеулерінің күші жойылған.

Сайрам ауданы әкімінің 2015 жылғы 26 ақпандағы № 189 А[...] жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту және жеке меншік құқығын табыстау туралы қаулысы жарамсыз деп танылған.

Сайрам ауданы әкімінің 2014 жылғы 13 қазандағы № 808 Ж[...] жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту және жеке меншік құқығын табыстау туралы қаулысы жарамсыз деп танылған.

Е[...] пен А[...] арасындағы 2015 жылғы 5 қаңтардағы № 51 және Д[...] мен С[...] арасындағы 2015 жылғы 29 қаңтардағы № 412 сыйға тарту шарттары жарамсыз деп танылып, олардың тіркеуінің күші жойылған.

Аталған жер учаскелері мемлекетке қайтарылған.

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2015 жылғы 18 қарашадағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

С[...] сот шешімі апелляциялық тәртіпте шағымдалмаған.

Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2018 жылғы 4 қазандағы ұйғарымымен С[...] Сайрам аудандық сотының 2015 жылғы 21 қыркүйектегі шешіміндегі қате жазуларды түзету туралы арызы арызданушының арызы бойынша қараусыз қалдырылып, кері қайтарылған.

Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2018 жылғы 1 қарашадағы ұйғарымымен шешімге апелляциялық шағым беру мерзімін қалпына келтіруден бас тартылған. Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 24 сәуірдегі ұйғарымымен Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2018 жылғы 1 қарашадағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Ұсынуда жергілікті соттармен құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар орын алғанына мән берілген. Сонымен қатар, іс бойынша жауапкер С[...] қатысты шешім қабылдаған кезде соттармен материалдық және процессуалдық құқық нормаларының бұзылуна жол берілгеніне назар аударылған.

Өтінішхат иесінің сот актілерін өзіне қатысты бөлігін қайта қарап, ұсынуды толығымен қанағаттандыру туралы, әкім аппараты өкілінің ұсынуды қанағаттандыру туралы, прокурордың сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынуды талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты бірінші сатыдағы сот шешімі және апелляциялық сот алқасының қаулысы өзгертілуге жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 6-бөлігіне сәйкес, қабылданған қаулының орындалуы адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр салдарларға әкеп соғуы мүмкін болатын жағдайларда, қабылданған қаулы адамдардың әлдеқандай тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын жағдайларда, қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайларда, осы АПК-нің 434-бабының үшінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Ақсукент ауыл округі әкімінің 2014 жылғы 13 қазандағы № 176 шешімімен Л.С[...] би көшесінде орналасқан тұрғын үй және жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін кадастрлық № 295-150-152 пайдаланыстағы көлемі 78,0 ш.м. жер учаскесіне қосымша көлемі 37,7 ш.м. жер учаскесі жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін берілген.

Сайрам ауданының прокуроры осы талап арызбен сотқа жүгінгенде Ақсукент ауыл округі әкімінің 2014 жылғы 13 қазандағы № 176 шешімін жарамсыз деп тануды сұраған.

АПК-нің 427-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, сот істі сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылмаған іске қатысатын адамдардың қайсыбіреуі болмағанда қараған жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға жатады.

Анықталғандай, іс құжаттарында жауапкер С[...] бірінші сатыдағы сот отырыстарына тиісті түрде шақырылғандығы туралы, яғни сотқа шақыру қағазы оған қолма қол табысталып, немесе хаттың мекенжай бойынша табысталғаны туралы ақпарат жоқ. Сонымен қатар, іс құжаттарында сот шешімі көшірмесінің С[...] табысталғаны туралы мәлімет жоқ.

Бұдан бөлек сот сатылары жауапкер С[...] ұлты орыс екені мәлім бола тұра, оған сот актілерінің орыс тіліндегі аудармасын жолдауды қамтамасыз етпеген.

АПК-нің 14-бабының 4-тармағына сай, сот азаматтық сот ісін жүргізуде сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамдарға заң бойынша оларға қажетті іс материалдарының аудармасын тегін қамтамасыз етеді.

Нәтижесінде жауапкер С[...] өзіне қатысты азаматтық істің сотта қаралғанын, жеке меншігімен байланысты құқықтарының бұзылғандығын

2018 жылы даулы қосымша жер учаскесін рәсімдеу үшін уәкілетті органдарға жүгінген кезде білген.

Аудандық сот, азаматтық істі мәні бойынша қарап, прокурордың талап арызын қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған кезде шешімнің анықтау бөлігінде Л.С[...] ауыл округі әкімінің 2014 жылғы 13 қазандағы № 176 шешімі негізінде берілген қосымша жер учаскесінің көлемі «37,7 ш.м. орнына 78,0 ш.м.» - деп көрсетілген, яғни С[...] жеке меншігіндегі негізгі жер учаскесінің көлемі жазылған.

Ал шешімнің қарар бөлігінде «жеке меншік құқығын беретін № 295-150-152 мемлекеттік акті жарамсыз деп танып, оның тіркелуінің күші жойылсын» - деп көрсетілген, яғни әкімнің даулы шешімімен берілген қосымша жер учаскесінің орнына негізгі жер учаскесінің нөмері көрсетілген.

Алайда С[...] істің қаралу барысында қосымша жер учаскесі заңға сәйкес рәсімделіп, оған мемлекеттік акт алынбаған.

Соттармен істі қарау барысында аталған мән-жайлар анықталмаған және оларға тиісті баға берілмеген.

АПК-нің 427-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындалмауы және анықталмауы процестік заңнаманың талаптарын бұзушылық ретінде бағаланады.

Іс бойынша анықталған мән-жайларды ескере отырып, соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті сақтамауына байланысты сот актілері өзгертіліп, С[...] қатысты бөлігінде күші жойылып, бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолдануы қажет.

Істі қайтадан қараған кезде заңды шешім қабылдауға әсер ететін мәнжайлар толығымен анықталып, даудың барысы жан-жақты, толық, объективті түрде тексерілуі тиіс.

АПК-нің 14-бабының 3-тармағына сәйкес, іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын адамдарға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа да тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен айғақтар беру, өтінішхаттар беру, шағымдар жасау, сот актілеріне дау айту, іс материалдарымен танысу, сөз сөйлеу; АПК-да белгіленген тәртіппен аудармашының қызметтерін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі.

Осыған орай, істі жаңадан қарау барысында арызданушыға аудармашы мен сот құжаттарының аудармасын беру қамтамасыз етілуі қажет.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛ Ы ЕТТІ:

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық сотының 2015 жылғы 21 қыркүйектегі шешімі, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық

және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2015 жылғы 18 қарашадағы қаулысы өзгертілсін.

Сайрам ауданы прокурорының талап қою арызының С[...] қатысты қанағаттандырылған бөлігінде сот актілерінің күші жойылып, азаматтық іс осы бөлігінде Түркістан облысы Сайрам аудандық сотына басқа құрамда жаңадан қарауға жолдансын. Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.

Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Н. Қайыпжан

Судьялар С. Жармұхамбетова

Т. Молдахметова

Көшірмесі дұрыс Судья Т.Молдахметова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.