Қ А У Л Ы
2026 жылғы 4 ақпан №6003-25-00-2к/4427(2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында
төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Даненова А.А., Токсанбаев А.Б.,
прокурор Молдаханов Н.А.,
талап қоюшының өкілдері Ш.Кожаханов, Т.Т.Балашов,
жауапкер Алматы қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру жөніндегі департаментінің өкілі Садуакасова Д.С.,
бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Заман-Ту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкерлер «Алматы қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру жөніндегі департаменті» мемлекеттік мекемесіне, «М-АРТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берген мемлекет мүлкін сатып алу және меншік құқығына ену туралы актісін ішінара жарамсыз деп тану, Алматы қалалық аумақтық мемлекеттік мүлкін басқару жөніндегі комиссияның қорытындыларын жарамсыз деп тану, жылжымайтын мүлікке құқықтарын және онымен жасалған мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің күшін жою туралы талап қоюы бойынша электронды азаматтық істі Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 19 ақпандағы шешіміне және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 мамырдағы қаулысына талап қоюшының өкілінің келтірген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
«Заман Ту» ұжымдық кәсіпорнының мүлкі Қазақстан Республикасы мемлекеттік мүлік жөніндегі комитетімен (осыдан әрі - Комитет) жасалған 1992 жылғы 12 маусымда сату-сатып алу шартының негізінде мемлекеттен жекешелендірілген.
«Заман Ту» ұжымдық кәсіпорнының жекешелендіріп алынған мүлкі: Рысқұлов даңғылы, 52 мекен-жайдағы, жалпы көлемі 2124,5 ш.м., /әкімшілік ғимараты/ және Венецианов көшесі, 6-шы мекен-жайдағы 5-корпустан тұратын бала-бақша ғимаратының 3 корпусынан тұрады. Жекешелендірілген объектілердің құны 1992 жылғы 12 маусымдағы бағалау актісіне сәйкес - 1 072 188 рубль. Осы сома Комитетке толық төленгеннен кейін тараптар арасында осы мүлікке қатысты 1992 жылғы 12 маусымда сату-сатып алу шарты жасалып, «Заман Ту» ұжымдық кәсіпорнына «Мемлекет мүлкін сатып алу және меншік құқына ену туралы» 1992 жылғы 17 шілдедегі №000149 уақытша куәлігі берілген. 1994 жылы «Заман-Ту» жабық акционерлік қоғамы, 2004 жылы ашық акционерлік қоғамы және 2009 жылы «Заман-Ту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (осыдан әрі - ЖШС) болып тіркелген. Комитеттің 1995 жылғы 20 қаңтардағы қаулысына сай Алматы қалалық мемлекеттік мүлік жөніндегі территориялық комитетіне «Заман Ту» ұжымдық
кәсіпорнымен бірлесіп екі аптаның ішінде «М-АРТ» шағын кәсіпорнына Венецианов көшесі 6-шы үй мекен-жайында орналасқан ғимараттан (бұрынғы бала-бақша), жалпы көлемі 468 ш.м. және 612 ш.м. (2 корпусты) бөліп беру қаулы етілген.
Ғимарат 5 корпустан тұрады: 1-ші корпус - 468 ш.м., 2-ші корпус - 612 ш.м., 3-ші корпус - 456 ш.м., 4-ші корпус - 612 ш.м., 5-ші корпус - 468 ш.м., барлығы 2616 ш.м.
Қаулының 2 - тармағында ғимарат бөлінгеннен кейін қалған 456 ш.м., 612 ш.м., 468 ш.м. тұратын (3 корпустың) меншік иесі «Заман Ту» ұжымдық кәсіпорны болып табылатыны көрсетілген.
«Заман Ту» ұжымдық кәсіпорны осы мүліктің жалпы көлемі 2616 шаршы метрін жекешелендірілген, жерінің кадастрлық нөмірі: 20-314-063-130.
Қаулының 3-ші тармағына сәйкес ғимараттың 3, 4, 5 корпустары және құқық белгілейтін құжаттар негізінде талап қоюшыға тиесілі, ал даулы ғимараттың 1-ші (жалпы көлемі 468 ш.м.) және 2-ші (жалпы көлемі 612 ш.м.) корпустары «М-АРТ» ЖШС-не тиесілі.
«М-АРТ» ЖШС-і 1992 жылғы 28 мамырдағы №226 сатып алу – сату келісім шартының негізінде конкурс арқылы даулы ғимараттың 699,4 ш.м. мемлекеттен сатып алынған.
Алматы қалалық аумақтық мемлекеттік мүлік жөніндегі комитетінің «Мемлекет мүлкін сатып алу және меншік құқығына ену туралы 1993 жылғы 20 шілдедегі №050016 актісі негізінде ескі балалар бақшасының 2 блогы, көлемі 699,4 ш.м. екені көрсетілген және Алматы қаласы Әділет департаментінде аталған меншікке құқық тіркелген.
«Заман Ту» ұжымдық кәсіпорнына 1992 жылғы 12 маусымдағы сатып алу - сату шарты негізінде Рысқұлов даңғылы, 52 мекен-жайдағы, жалпы көлемі 2124,5 ш.м.,/әкімшілік ғимараты/ және Венецианов көшесі, 6-шы мекенжайдағы, жалпы көлемі 1171 ш.м. ғимараты, барлығы – 3295,5 ш.м., мемлекет мүлкін сатып алу және меншік құқығына ену туралы 1996 жылғы 24 қыркүйектегі №050692 актісі берілген. Қазақстан Республикасының Жоғары Төрелік соты 1994 жылғы 1 наурыздағы шешімімен Комитет пен «Казмузейреставрация» РМК-ның («Заман Ту» ұжымдық кәсіпорны) арасында жасалған 1992 жылғы 12 маусымдағы сатып алу - сату шарты жарамсыз деп танылған. 1995 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің №156-шы бұйрығына сәйкес, Рысқұлов даңғылы, 52 мекенжайдағы /әкімшілік ғимараты/ және Венецианов көшесі, 6-шы мекен-жайдағы /бала-бақша ғимараты/ «Заман Ту» ұжымдық кәсіпорнының меншігінде қалдырылған. Талап қоюшы талап қоюында соттан Мемлекет мүлкін сатып алу және меншік құқығына ену туралы 1996 жылғы 24 қыркүйектегі №050692 актісінің Венецианов көшесі 6-шы үй мекен-жайында орналасқан ғимаратқа қатысты
бөлігін жарамсыз деп тануды, Алматы қалалық аумақтық мемлекеттік мүлкін басқару жөніндегі комиссияның 1996 жылғы 20 ақпандағы №644/2-96 және 1997 жылғы 27 қарашадағы №1024/11-97 және 1999 жылғы 16 наурыздағы №1371/3-99 қорытындыларын жарамсыз деп тануды, жылжымайтын мүлік құқықтарын және онымен жасалған мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы 1999 жылғы 30 наурыздағы №554 куәліктің күшін жоюды сұраған.
Талап қоюдың негізі ретінде жауапкер «М-АРТ» ЖШС-нің бұрынғы басшылығы «Заман-Ту» ЖШС-нен даулы ғимараттың 3-ші корпусының бір жақ бөлігін, яғни көлемі 228 ш.м. аумағын уақытша пайдалануға (аренда) алғанын, алайда оған 2023 жылғы қаңтарда даулы ғимарат жауапкердің атына рәсімделгені белгілі болғанын, жауапкер даулы ғимаратты өз атына алдау, басымдылық таныту арқылы жасағанын көрсеткен.
Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 19 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында сот актілеріне кассациялық шағым келтіру мерзімі себепті жағдайда өткізілгенін, жергілікті соттардың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, кассациялық шағым келтіру мерзімін қалпына келтіріп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұрайды.
Талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкерлердің өкілдерінің қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Қаралып отырған іс бойынша жергілікті соттармен заң бұзушылыққа жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 178 - бабының 1 - тармағына сай талап қоюдың жалпы мерзімі үш жыл.
АК-тің 179 - бабының 2, 3 тармақтарында талап мерзiмiн сот шешiм шығарғанға дейiн дауда тарап жасаған мәлiмдеме бойынша ғана сот қолданады, талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады делінген.
АК-тің 180 - бабының 1 - тармағына сәйкес, талап қою мерзімінің өтуі адам құқық бұзушылық туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен басталады.
Даулы объект жауапкер «М-АРТ» ЖШС-не Комитеттің 1995 жылғы 20 қаңтардағы қаулысы, талап қоюшының келісімімен қабылданған 1995 жылғы 13 желтоқсандағы №66/01-3 қорытындысы, 1996 жылғы 20 ақпандағы №644/II-96 қорытындысы негізінде, талап қоюшы мен жауапкердің арасында жасалған келісімге сәйкес берілген.
Оған қоса, 1997 жылғы 10 шілдедегі талап қоюшы мен жауапкер «М-АРТ» ЖШС-нің арасындағы келісімде де даулы объект жауапкерге өту туралы шешімді өзара жазбаша келісіп қабылдап, келісімге жазбаша түрде қол қойып, мекемелердің мөрімен бекіткен.
1997 жылғы 24 қазанда талап қоюшы мен жауапкер «М-АРТ» ЖШС-нің басшылары дауланып отырған объектіні қабылдау актісіне қол қойған.
Сотта талап қоюшы даулы нысанға қатысты қабылданған шағымдалып отырған шешімдер жөнінде олар қабылданған кезде білгені, яғни талап қоюшының ол шешімдерді даулау мүмкіндігі 1996 жылдан басталғаны, сондықтан талап қоюдың ескіру мерзімі осы кезден басталғаны анықталған.
Талап қоюшының өкілі талап қоюдың өткізіп алудың себебі, талап қоюға кедергі келтірген мән-жайлар, яғнги талап қоюдың ескіру мерзімін тоқтататын негіздер жайлы тиісті дәлелдер келтірмеген.
Осыған орай, жергілікті соттар талап қоюшының даулы актілер жөнінде 1997 жылдан бастап нақты білгенін, алайда сотқа 25 жылдан кейін, яғни 2023 жылғы қазан айында ғана жүгінгенін, оның талап қою мерзiмiн себепсіз жағдайдарға байланысты өткізіп алғанын анықтап, жауапкердің өтінішіне сай талап қоюдың ескіру мерзiмiн қолданып, талап қоюды қанағатандырудан бас тартқаны дұрыс.
АПК-тің 172 - бабының 6 - бөліміне сай талап қоюдың ескіру мерзімін немесе сотқа жүгіну мерзімін дәлелді себептерсіз өткізіп алған жағдайда судья іс бойынша өзге де іс жүзіндегі мән-жайларды зерттемей, талап қоюдан бас тарту туралы шешім қабылдайды; мерзімді өткізіп алу фактісі талап қоюшының өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхаты немесе жауапкердің талап қоюдың ескіру мерзімін қолдану туралы өтінішхаты негізінде белгіленеді.
Кассациялық шағымда келтірілген уәждер істі қарау барысында айтылған, оларға жергілікті соттармен дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.
Талап қоюшының өкілінің осы іс бойынша сот актілеріне кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандыруға жатады, себебі сотқа кассациялық шағым беруге мүмкіндігі болмағаны туралы тиісті құжаттар тапсырылған.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Талап қоюшының осы іс бойынша сот актілеріне кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілсін.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 19 ақпандағы шешімі және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 мамырдағы қаулысы күшінде, талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Ғ.Бастаубаев
Төрағалық етуші судья
Судьялар
А.Даненова
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.