ВС РК - Постановление от 21.08.2024 по делу 6001-24-00-3ГП/345 (Гражданское)

6001-24-00-3ГП/345

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 21 тамыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – сот алқасының төрағасы Н.К. Шәріпов, судьялар М.Ж. Бектұрғанов, А.С. Савинова, талап қоюшының өкілі Тоқсанбаев М.К., жауапкердің өкілі Нұрлықұлова А.Ғ. қатысуымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында

талап қоюшы Орынбасар Абирбекович Айтеновтың жауапкер Кадиша Рахманбековаға заңсыз иеленіп отырған жер учаскесін босатуды, межелік шекарада орналасқан құрылыстарды бұзуды міндеттеу туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 маусымдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы жауапкер К.Рахманбекованың өкілі О.А.Айтеновтың өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

О.А.Айтенов жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жамбыл облысы Тараз қалалық сотының 2024 жылғы 22 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.

О.А.Айтеновтың жеріне шекаралас Тараз қаласы, массив «Арай» (№ 1231), Майлықожа көшесі, № 5-үйдегі К.Рахманбекованың пайдалануындағы 0,0009 га (9 шаршы метр) жер учаскесі босатылған.

К.Рахманбековаға Тараз қаласы, массив «Арай» (№ 1231), Майлықожа көшесі, № 5-үйде О.А.Айтеновтың жер учаскесімен межелік шекарада орналасқан құрылыстарды: шатырдың қабырғасына жабыстырылып тұрғызылған дәретхананы, моншаны, құрылысы басталған қабырғаны, өз есебінен бұзуы міндеттелген.

Осы соттың 2024 жылғы 6 маусымдағы қосымша қаулысымен жауапкер К.Рахманбековадан талап қоюшы О.А.Айтеновтың пайдасына мемлекеттік баж 3 450 теңге өндірілген.

Арызданушы өтінішхатында апелляциялық сот алқасының қабылдаған шешімімен келіспей, іс бойынша жасаған тұжырымдарының істің мәнжайына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) жауапкер өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, талап қоюшының өкілінің қарсы пікірлерін тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Алайда, апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Сотпен анықталғандай, О.А.Айтенов Тараз қаласы, массив «Арай», № 1230, көлемі 0,0800 га жер телімін тұрғын үйдің құрылысын салу және қызмет көрсету мақсатында 2012 жылы 16 наурыздағы келісім шарт негізінде сатып алған.

К.Рахманбекова Тараз қаласы, массив «Арай», № 1231 көлемі 0,0750 га жер теліміне 2010 жылғы 16 тамызда сатып-алу сату келісім шарты негізінде меншік иесі болған.

Тараптар Тараз қаласы, Майлықожа көшесіндегі орналасқан аралас жер учаскелерінің меншік иелері болып табылады, талап қоюшы О.А.Айтеновке № 7 үй, ал жауапкер К.Рахманбековаға № 5 үй тиесілі.

Бірінші сатыдағы сот тараптардың жер телімдері тарихи қалыптасқан шекараларымен орналасқан деген уәждерімен талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған.

«Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – нормативтік қаулы) 8-тармағында жер учаскелерінің шекараларының сәйкес келуі анықталған жағдайда, олардың бастапқы меншік иелері болып табылмайтын көршілес учаскелердің меншік иелері арасындағы даулар бойынша сот тәжірибесінің мәселелері түсіндірілген.

Осылайша, бұл жағдайда шекараларды белгілеу сәйкесінше белгіленбеген, дауды шешу кезінде тарихи қалыптасқан шекаралар принципі қолданылмайды, себебі жер учаскелері бір-біріне қабаттастырып орналаспаған.

Жоғарыда көрсетілген мән-жай Тараз қалалық сотының 2023 жылғы 6 қыркүйектегі заңды күшіне енген шешімімен өз дәлелін тапқан. Сонымен

қатар, сот шешімімен О.А.Айтеновке тиесілі жер телімінің бір бөлігі К.Рахманбекованың пайдалануында және онда оған тиесілі құрылыстар салынғаны анықталған.

АПК-нің 76-бабының 2-бөлігінде соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшін міндеттілігі көзделген.

Мұндай жағдайда бірінші сатыдағы соттың жер учаскелерінің тарихи белгіленген шекараларына сілтеме жасай отырып, талап қоюдың негізсіздігі туралы қорытындысы заңсыз болып табылады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің 2014 жылғы 29-желтоқсандағы № 156-НҚ бұйрығымен бекітілген 3.01-101-2013 құрылыс нормалары және ережелерінің 4.3.6тармағына сәйкес орталықтандырылған кәріз болмаған кезде дәретханадан тұрғын үйдің қабырғасына дейінгі арақашықтық 12 метрден кем емес, жер телімінің ортақ шекарасынан тұрғын үйдің қабырғасына дейінгі арақашықтық 3,0 метр, шаруашылық құрылыстарға дейін 1 метр болуы тиіс. Алайда, жауапкер шаруашылық ғимараттарын талап қоюшының тұрғызып қойылған құрылысына жабыстырып соғып, көрсетілген талаптарды сақтамай, өрескел бұзған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 264-бабына сәйкес меншiк иесi, өз құқықтарының бұзылуы иелiктен айыруға байланысты болмағанымен, оларды бұзудың қандайын болса да жоюды талап етуге құқылы.

АК-нің 244-бабының 2-тармағының ережелеріне сай өз бетінше басып алынған жер учаскелеріне өз бетімен салынған құрылыстарды бұзу жолымен қайтаруды оларды жүргізген тұлға немесе оның есебінен жүзеге асырады. АК-нің 244-бабының 3 және 4-тармақтарында аталған норманың қолданылуын шектейтін ерекше жағдайлар жоқ.

Демек, меншік иесі О.А.Айтеновтың құқықтарын қорғау, құқық белгілейтін құжаттарда белгіленген аумақта және құқық белгілейтін құжаттарда белгіленген шекараларда өздерінің жер учаскелерін босату арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Мұндай жағдайда кассациялық сот алқасы өтініште баяндалған дәлелдер іс жүзінде апелляциялық сатыдағы сот зерттеген істің мән-жайларын қайта бағалауға бағытталған деген қорытындыға келеді.

Сонымен қатар, кассациялық сатыдағы сотта төмен тұрған соттың істі қарау кезінде сот белгілеген нақты мән-жайларға қатысты материалдық және процестік құқық нормаларын қолдануының дұрыстығын тексерумен ғана шектеледі.

Апелляциялық сот алқасы іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толықты, жан-жақты және

объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға берілген. Шағымданған сот актісінде баяндалған қорытындылар істің нақты мән-жайларына және даулы құқықтық қатынастарды реттейтін материалдық құқық нормаларына сәйкес келеді.

Осыған орай, кассациялық сот алқасы өтінішхатты қанағаттандыруға

негіздер жоқ деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер К.Рахманбекованың өкілі О.А.Айтеновтың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Н.К. Шәріпов

Судьялар

М.Ж. Бектұрғанов

А.С. Савинова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.