ҚАУЛЫ
2025 жылғы 22 қазан №6003-25-00-4к/1985 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,
талап қоюшының өкілі Т.А. Исмагуловтың, жауапкердің өкілі Д.Е. Орманбектің қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер «Бек» Айшолпан Калауовна Жумабекованың (бұдан әрі – «Бек» ЖК) жауапкер «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) қатысты конкурс қорытындылары туралы хаттамаларды заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2025 жылғы 20 мамырдағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 24 маусымдағы қаулысына жауапкер берген кассациялық шағым бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы конкурсқа қатысуға берген өтінімінің негізсіз қабылданбағанын негізге ала отырып, жоғарыда көрсетілген әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген.
МАӘС-тің 2025 жылғы 20 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. 2025 жылғы 8 сәуірдегі №13775456-ОК1, 2025 жылғы 15 сәуірдегі №13958753-ОК1, 2025 жылғы 16 сәуірдегі №14125923-ОК1 конкурс қорытындылары туралы хаттамалары заңсыз деп танылып, күші жойылған. «Қызылорда облысының білім басқармасының Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің «Шоқан Уалиханов атындағы №26 орта мектебі» КММ (бұдан әрі – №26 мектеп) мен «Балғабаева Р.» ЖК-нің арасында жасалған 2025 жылғы 30 сәуірдегі №63 қызмет көрсету туралы шарты жарамсыз деп танылған. Басқармадан «Бек» ЖК-нің пайдасына өкілдің көмегіне төленген шығыны 500 000 теңге өндірілген.
ӘІжСА-ның 2025 жылғы 24 қаулысымен МАӘС-тің шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Жауапкерден өкілдің қызметіне ақы төлеуге байланысты өндірілген 500 000 теңге мөлшеріндегі сот шығындары 200 000 теңгеге дейін азайтылған.
Кассациялық шағымда жауапкер сот актілерінің күшін жоюды және іс бойынша талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.
Мүдделі тұлға №26 мектептің өкілінен сот отырысына бейнеконференцбайланыс режимінде қосылу туралы өтінішхат түсті. Алайда, аталған өтінішхат қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында тараптардың міндетті түрде жеке қатысуымен қарауға тағайындалған, бұл жөнінде іс жүргізуге қатысушылардың барлығы алдын ала хабардар етілген. Көрсетілген мән-жай соттың кассациялық сатысында сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды. Осыған байланысты, іс оның қатысуынсыз қаралды.
Мүдделі тұлғалар «Қызылорда облысының білім басқармасының Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің «О.Шораяқұлы атындағы №30 орта мектебі» КММ (бұдан әрі – №30 мектеп) мен «Қызылорда облысының білім басқармасының Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің «Тәйімбет Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейі» КММ (бұдан әрі – №250 мектеп) істі олардың қатысуынсыз қарау туралы өтінішхаттар келіп түсті.
Әкімшілік іске қатысушы өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты мен форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сот отырысына келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлім етпеген.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтарға төмен тұрған соттар жол бермеген.
Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, Басқарма электрондық веб-порталда №26, №30 және №250 мектептерде балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметтерін көрсетуге қатысты 3 (үш) конкурс өткізу туралы хабарландыру орналастырған.
№30 мектеп бойынша
Ұйымдастырушы – Басқарма 2025 жылғы 27 қаңтарда №30 мектепте балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметтерін көрсетуге арналған №73363109-КпОПО1 лоты бойынша №13775456-ОК1 конкурсын жариялаған. Аталған конкурсқа қатысуға «Бек» ЖК және «Балғабаева Р.Ж.» ЖК өтінім берген.
Дауланып отырған 2025 жылғы 8 сәуірдегі қорытындылар туралы №13775456-ОК1 хаттамаға сәйкес, әлеуетті өнім берушілерді конкурсқа қатысуға жіберілмеуіне байланысты конкурс өткізілмеді деп танылған.
«Бек» ЖК-нің өтінімін қабылдамауға негіз болған мән-жай – 2024 жылғы 21 маусымда жазылған электрондық шот-фактураның (бұдан әрі – ЭШФ) электрондық шот-фактуралар ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – ЭШФ АЖ) тіркелмеуі болып табылады.
«Балғабаева Р.Ж.» ЖК-нің өтінімі еңбек ресурстарының бөлігінде біліктілік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты қабылданбаған, өйткені ол көрсеткен Ж.Шатанова еңбек шарты бойынша «аспаз» ретінде қабылданғанымен, еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде (бұдан әрі – ЕШЕБЖ) «аспазшы» ретінде тіркелген.
№26 мектеп бойынша
Басқарма 2025 жылғы 11 ақпанда №73323366-КпОПО1 лоты бойынша №26 мектептегі балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметтеріне қатысты №13958753-ОК1 конкурсты жариялаған.
Аталған конкурсқа қатысуға «Бек» ЖК, «Балғабаева Р.Ж.» ЖК және «Утепбергенова М.» ЖК өтінімдер берген.
Дауланып отырған 2025 жылғы 15 сәуірдегі №13958753-ОК1 конкурстың қорытындысы туралы хаттамаға сәйкес, конкурс жеңімпазы болып «Балғабаева Р.Ж.» ЖК танылған, ал өзге әлеуетті өнім берушілердің өтінімдері төмендегідей себептер бойынша қабылданбаған:
«Бек» ЖК: 1) 2024 жылғы 21 маусымда жазылған ЭШФ ЭШФ АЖ-да тіркелмеген; 2) Еңбек ресурсы ретінде мәлімделген Ш.Жаңабаева Ш. еңбек шарты бойынша «аспаз» лауазымына қабылданған, алайда ЕШЕБЖ-да ол «аспазшы» ретінде тіркелген, соның нәтижесінде конкурстық өтінімнің сәйкессіздігі анықталған.
«Утепбергенова М.» ЖК: 1) еңбек ресурсы ретінде мәлімделген З.Маткаримова еңбек шарты бойынша «аспаз» лауазымына қабылданған, алайда ЕШЕБЖ-да ол «ас үй жұмысшысы» ретінде тіркелген.
Осы конкурстың қорытындысы бойынша 2025 жылғы 30 сәуірде №26 мектеп пен «Балғабаева Р.Ж.» ЖК-нің арасында №63 қызмет көрсету шарты жасалған.
№250 мектеп бойынша
2025 жылғы 28 ақпанда Басқарма №14125923-ОК1 конкурсты №75903009-КпОПО1 лоты бойынша №250 мектептегі балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметтеріне қатысты жариялаған. Аталған конкурсқа қатысуға «Балғабаева Р.Ж.» ЖК, «Бек» ЖК, «Нурмаханова» ЖК, «Сарсенов С.» ЖК және «Сағыныш» ЖК өтінімдер берген.
2025 жылғы 16 сәуірдегі №14125923-ОК1 қорытындылар туралы дауланып отырған хаттамаға сәйкес, конкурс жеңімпазы болып «Балғабаева Р.Ж.» ЖК танылған.
«Бек» ЖК-нің өтінімі 2024 жылғы 21 маусымда жазылған ЭШФ ЭШФ АҚ-да тіркелмеуіне байланысты қабылданбаған.
2025 жылғы 27 сәуірде №250 мектеп пен «Балғабаева Р.Ж.» ЖК-нің арасында №58 қызмет көрсету шарты жасалған, ол бірінші сатыдағы сотта іс қаралған сәтте қазынашылық органдарында тіркелмеген болған.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдарда білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі – Қағидалар) 64-тармағына сәйкес конкурстық комиссия конкурс қорытындылары туралы хаттаманы қалыптастыру кезінде конкурсқа қатысуға бір өтінім берілген жағдайларды қоспағанда, конкурсқа қатысуға өтінім берген әрбір әлеуетті өнім берушіге қатысты Үлгілік конкурстық құжаттамаға 7, 8-қосымшалардағы өлшемшарттарға сәйкес балл қояды.
Барынша көп балл жинаған әлеуетті өнім беруші конкурс жеңімпазы болып танылады.
Төмен тұрған соттар дауды шешіп, талапты қанағаттандыру барысында конкурстық комиссия тарапынан жол берілген бұзушылықтарды негізге алған.
Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, шығарылған сот актілерінің заңдылығын анықтап, олардың негізіне алынған мән-жайлар талапты қанағаттандыру туралы соттардың қорытындыларымен келіседі.
«Бек» ЖК мен «Нурмаханова» ЖК қатысты сот актілері дауланбайды, ал «Балғабаева Р.Ж.» ЖК-нің кассациялық шағымы кері қайтарылған. Осыған байланысты кассациялық сатыдағы сот АПК-нің 449-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, сот актілерінің заңдылығын Басқарманың кассациялық шағымында келтірілген уәждер шегінде тексереді.
Іс материалдарынан «Балғабаева Р.Ж.» ЖК үш мектеп бойынша диетолог ретінде Ж.И. Ташенованы мәлімдегені, сондай-ақ оған 2015 жылғы 30 қарашада «Болашақ» жоғары медициналық колледжі берген №044350 куәлікті ұсынғаны анықталған.
Алайда кейіннен Ж.И. Ташенова аталған колледжде білім алмағаны, оқу орны бұл куәлікті бермегені, сондай-ақ мөр бедерінің оқу орнының нақты мөріне сәйкес келмейтіні анықталған.
Осыған ұқсас бұзушылықтар №30 мектеп бойынша «Балғабаева Р.Ж.» ЖК мәлімдеген қызметкерлер – Б.Ж. Кабылбаева мен А.Ж. Алтыруова бойынша да анықталған. Оларға ұсынылған куәліктер (сертификаттар) іс жүзінде берілмеген, ал «Болашақ» университетінің жоғары колледжі мұндай мамандықтар бойынша оқыту жүргізбейді.
«Балғабаева Р.Ж.» ЖК тарапынан біліктілік талаптарына және конкурстық өтінімге қоса берілген құжаттарға қатысты шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат (деректер) ұсынылғаны расталды. Осыған байланысты, Қағидалардың 72-тармағының талаптарына сәйкес, оның өтінімі дауланып отырған конкурстарға қатысуға жіберілмеуге тиіс болған.
№250 мектеп бойынша «Нурмаханова» ЖК мәлімдеген еңбек ресурстарына қатысты оның өтінімінің сәйкессіздігі жөніндегі төмен тұрған соттардың қорытындылары да дұрыс болып табылады, бұл мән-жай іс материалдарымен объективті түрде расталған, ал керісінше дәлелдемелер ұсынылмаған. Аталған бұзушылықтар конкурстардың қорытындыларына ықпал еткен, сондықтан төмен тұрған соттар оларды заңсыз деп тану жөнінде негізді қорытындыға келген. Бұл қорытындылар істің нақты мән-жайларына сәйкес келеді, және кассациялық сот бұл тұжырымдармен келіседі.
Өкілдің қызметтері үшін шығыстарды өндіріп алу ӘРПК-нің 122бабына, сондай-ақ АПК-нің 109-бабының бірінші бөлігі мен 113-бабының ережелеріне сәйкес келеді.
Жоғарыда көрсетілген мән-жайлардың жиынтығы талапты қанағаттандыру үшін жеткілікті құқықтық негіздер болғанын көрсетеді. Төмен тұрған соттар істің барлық мән-жайларына дұрыс баға берген, ал дәлелдер, негіздер мен теріске шығару уәждері сот актілерінде жан-жақты баяндалған. Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер қаралып, кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.
Осыған байланысты кассациялық сот дауланып отырған сот актілеріне түзету енгізуге негіздер жоқ деп санайды.
АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Осы мән-жайларды ексере отырып, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі мен АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 мамырдағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев
Төрағалық етуші Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.