ВС РК - Постановление от 24.09.2024 по делу 6001-24-00-6ап/159 (Административное)

6001-24-00-6ап/159 6001-24-00-6ап/159 (2)

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 24 қыркүйек Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Ғ.Ө. Әлжанов,

судьялар - Б.Т. Нажмиденов, Ж.Б. Ермағамбетова болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Korkem Alem» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (әрі қарай - Серіктестік) «Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Департаментінің Жаңаөзен қалалық басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (әрі қарай - Департамент) 2023 жылғы 2 маусымдағы №11 тексеру нәтижелері туралы актісінің 4- бөлігінің күшін жою туралы әкімшілік талап қоюы бойынша қабылданған,

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 қарашадағы ұйғарымдарына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 тамыздағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылған.

Аталған әкімшілік іс бойынша бірінші сатыдағы соты 2023 жылы 4 тамызда жеке ұйғарым қабылдап, істі негізінен қарау барысында «Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Департаментінің Жаңаөзен қалалық басқармасы» мемлекеттік мекемесінің тарапынан жіберілген кемшіліктер туралы «Маңғыстау облысының санитариялықэпидемиологиялық бақылау Департаменті» мемлекеттік мекемесінің басшысына тиісті шаралар қабылдауды ұсынған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 қарашадағы сот актілерімен бірінші сатыдағы сот актілерінің күші жойылып, талап арыз Серіктестікке қайтарылған. Талап қоюшы кассациялық шағымдарында апелляциялық сатыдағы соттың істің мән-жайларына дұрыс баға бермегенін көрсетіп, сот ұйғарымдарының күшін жоюды және бірінші сатыдағы соттың актілерін күшінде қалдыруды сұраған.

Сот отырысының орны мен уақыты туралы тиісінше хабарланған тараптардың өкілдері кассациялық сот отырысына келмеді, бұл Әкімшілік Рәсімдік-Процестік Кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес істі қарауға кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшының шағым уәждерін және іс құжаттарын зерделеп, сот алқасы төмендегі тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабына сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша апелляциялық сот алқасы материалдық және процестік

құқық нормаларын бұзуға жол бермеген.

Іс материалдарына сәйкес, «Маңғыстау облысының санитариялықэпидемиологиялық бақылау Департаментінің Жаңаөзен қалалық басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі Басқарма) Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының 2023 жылғы 15 мамырдағы №2-01-23-38219 хаты негізінде «Korkem Alem» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты 2023 жылғы 19 мамырдағы № 11 тексеруді тағайындау туралы актісіне сәйкес, жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Нәтижесімен, 2023 жылы 2 маусымда тексеру нәтижелері туралы №11 акт қабылдаған.

Тексеру нәтижелері бойынша Актінің 4 бөлігінде «Зертханалық және аспаптық өлшеулер нәтижелері мен стандарттау құжаттары арасында сәйкессіздік анықталған: 15 шаюдың микробиологиялық зерттеулерінің 1 оң нәтиже көрсеткен. (№11-25 шайындыларды микробиологиялық зерттеу хаттамасы 23.05.23-26.05.23ж)» №11-25 шайындыларды микробиологиялық зерттеу хаттамасына сәйкес ішек-қарын тазалайтын үстелден ішек таяқшалар тобының бактериясы анықталған.

Бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жою және талап қоюды қайтару кезінде алқа ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігінің 3) тармақшасының ережелерін қолдана отырып, тексеру нәтижелері туралы акт ауыртпалық әкелетін әкімшілік актінің белгілеріне жатпайтындықтан, әкімшілік іс жүргізуде қарауға жатпайды деп дұрыс қорытындыға келген. Осылайша, ӘРПК ережелерінің талаптарымен талап қоюдың қабылдану критерийлері белгіленеді.

ӘРПК-нің 4-бабының 4) және 5) тармақшаларына сәйкес әкімшілік акт - жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.

ӘРПК-нің 131-бабының бірінші бөлігінің және 132-бабының ережелеріне сәйкес сотқа берілген талап қоюлар мыналар болып табылады: ауыртпалық әкелетін әрекетті даулау туралы талап. Жоғарыда аталған құқықтық нормалардың тура мағынасынан жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін шектейтін және оларға міндеттер жүктейтін актілер сотқа шағымданудың нысанасы болуы мүмкін екендігі шығады.

Бұл ретте, тексеру нәтижелері туралы дауланған актісінде талап қоюшымен жіберген бұзушылықтардың тізбесін ғана көрсетіп, оларды жою туралы талаптармен мерзімдерін көрсетпеген. Жауапкермен талап қоюшыға қатысты жіберілген бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарылмаған.

Дауланған актінің талап қоюды қабылдану критерийлеріне сәйкес келмеуі ӘРПК-нің 138-бабының 11) тармақшасында көзделген негіздер бойынша оны қайтаруға әкеп соғады, талап қою әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.

Бұл жағдайда сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың қорытындылары істің нақты мән-жайларына қайшы келмейді деп есептейді.

Кассациялық сот алқасы жоғарыда келтірілген заң нормалары мен іс бойынша анықталған мән-жайлар негізінде апелляциялық сот алқасымен шығарылған сот ұйғарымдарының күшін жою үшін негіздер таппай, талап қоюшының кассациялық шағымдарын қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп санайды.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне және АПК-нің 451-бабының 2- бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 қарашадағы ұйғарымдары күшінде, талап қоюшы «Korkem Alem» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Ғ. Әлжанов Б. Нажмиденов Ж. Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс Ж. Ермағамбетова

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.