ҚАУЛЫ
2023 жылғы 27 маусым 6001-23-00-6ап/943, (2) Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Д. Өміралиев болып,
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының аға прокуроры – Д[...],
жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрілігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілі – К[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Маңғыстау облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдән әрі – Білім басқармасы), «Маңғыстау облысының білім басқармасының Ақтау қаласы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдән әрі – Білім бөлімі) жауапкер Д[...] 23 мамыр 2022 жылғы №01-90-1049 нұсқаманы заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 ақпандағы қаулысы мен ұйғарымына жауапкердің келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Департаменттің 23 мамыр 2022 жылғы №01-90-1049 анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Сонымен қатар, аталған сотпен анықталған заң бұзушылықтар бойынша жауапкердің мекенжайына жеке ұйғарым шығарылған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 ақпандағы қаулысы және ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Жауапкер өкілі кассациялық шағымдарында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы және ұйғарымымен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Талап қоюшы Білім бөлімінің өкілінен істі қарауды кейінге қалдыру туралы өтінішхат түскен. Аталған өтінішхат қанағаттандыруға жатпайды. Себебі талап қоюшы заңды тұлға бола тұра, сенімхат арқылы басқа қызметкерді сот отырысына қатыстыру үшін қамтамасыз етпеген.
Сонымен қатар, сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Сондықтан талап қоюшы өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) дәлелді деп санамайды.
Талап қоюшы және мүдделі тұлғалар немесе олардың өкілдері сот алқасының отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, прокурордың сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда 2017 жылғы 8 маусымда Білім басқармасы және «TC[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) арасында №55 және №51 балабақшаларды – сенімгерлік басқаруға беру туралы мемлекеттік жекешелік әріптестік шарты (бұдан әрі – МЖӘ шарты) жасалған.
МЖӘ шартына 2018 жылғы 28 қарашада жасалған №4 қосымша келісімге сәйкес білім беру қызметін көрсету мен мектепке дейінгі білім беру бойынша шарттарды орындау, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру және орындау бөлігінде барлық құқықтар мен міндеттерді беруге мемлекеттік әріптес Маңғыстау облысының білім басқармасы келісімін беретіндігі, жекеше әріптес «TC[...]» ЖШС өткізетіндігі, ал оператор «АС[...]» ЖШС қабылдайтындығы көзделген.
2021 жылғыы 14 желтоқсанда «TC[...]» ЖШС мен «А[...]» ЖШС арасында жасалған келісімге сәйкес, 2018 жылғы 18 қыркүйекте келісімі бұзылған.
2022 жылы 5 қаңтарда «TC[...]» ЖШС мен «АС[...]» ЖШС арасында МЖӘ шарты бойынша мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру және орындау бөлігінде құқықтар мен міндеттерді беру туралы Келісім жасалған. 2022 жылғы 21 ақпанда №9 қосымша келісім жасақталып, шартқа өзгерістер енгізілген. Осы қосымшаның 1 тармағына сай, 2018 жылғы 9 қарашада «TC[...]» ЖШС-мен «АС[...]» ЖШС операторы арасындағы келісім шартың бұзылуына байланысты жаңадан оператор тағайындалып, жаңадан тағайындалған оператор «АС[...]» ЖШС-мен келісім жасақталып, МЖӘ жобасының операторын анықтау туралы өзгерістер енгізілген.
Департамент «АС[...]» ЖШС-нің 50% құрылтайшысы У[...] өтініші негізінде, МЖӘ жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің орындалуын қаржыландыру мақсаттары үшін объектілерді беру шарттары мен рәсімдерін сақтау бойынша сәйкестік аудит жүргізген.
Аудит нәтижесімен 2022 жылы 29 сәуірде жасақталған аудиторлық есебі, бекітілген аудиторлық қорытындысымен талап қоюшыларға 2022 жылғы 23 мамырда №01-90-1049 анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама берілген.
Аталған нұсқамада: мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылатын операцияларды (қабылданған шарттық міндеттемелерді) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестендіру жөнінде шаралар қабылдауға; - Маңғыстау облысының білім басқармасының және Маңғыстау облысының білім басқармасының Ақтау қаласы бойынша білім бөлімінің кінәлі лауазымды тұлғаларының жауаптылығын белгіленген тәртіппен қарау жөнінде шаралар қабылдау; - бұзушылықтарға жол беруге ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында алдағы уақытта Қазақстан Республикасы заңнамасының қатаң сақталуын қамтамасыз ету ұсынылған.
Талап қоюшылар нұсқамамен келіспей, оны заңсыз деп тануды сұрап сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар талапты қанағаттандырғанда Мемлекеттік әріптес пен Жеке әріптес әрекеттері заң және шарт талаптарына сәйкес келеді деген тұжырым жасаған.
Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 18 шілдедегі шешімімен «TC[...]» ЖШС мен «АS[...]» ЖШС арасында жасалған 2021 жылғы 18 қыркүйектегі Шарттарды бұзу туралы 2021 жылғы 14 желтоқсандағы және Маңғыстау облысы «Білім беру бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «TC[...]» ЖШС арасында жасалған 2021 жылғы 21 ақпандағы № 9 қосымша келісім жарамсыз деп танылған. Алайда, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2 қараша 2022 жылғы қаулысымен бұл шешімнің күші жойылған.
Бұл жағдайда, У[...] келісімінсіз жасалған «TC[...]» ЖШС мен «АС[...]» ЖШС арасында жасалған 2021 жылғы 18 қыркүйектегі Шарттарды бұзу туралы 2021 жылғы 14 желтоқсандағы және Маңғыстау облысы «Білім беру бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «TC[...]» ЖШС арасында жасалған 2021 жылғы 21 ақпандағы № 9 қосымша келісім Қазақстан Республикасының «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктекстік туралы» Заңына қайшы келмейді.
Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 270-бабына сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
Бірінші сатыдағы соттың жеке ұйғарымы және оны күшінде қалдырған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы жоғарыда көрсетілген нормаларға сай қабылданған.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 ақпандағы қаулысы мен ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрілігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.