Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 07.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/1173 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 7 қазан №6003-25-00-2к/1173 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар А.К.Тлеубаева, В.Е.Тохтарбаева, Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасының прокуроры Е.Ә.Құдайбергеновтың, жауапкерлер Еңбекшіқазақ ауданы əкімінің өкілі Р.К.Мусахановтың, «Еңбекшіқазақ ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі А.Е.Чакибайдың, «Orkenbau» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері Р.Т.Асиловтың, Г.Б.Адилованың, үшінші тұлға «Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаменті» РММнің өкілі Р.Ж.Шамышевтың қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы, ашық сот отырысында

талап қоюшы Еңбекшіқазақ ауданы прокурорының жауапкерлер Еңбекшіқазақ ауданы əкімдігіне, «Еңбекшіқазақ ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің Еңбекшіқазақ аудандық жер кадастр жəне тіркеу бөліміне, «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалына, жеке кəсіпкер «Omega» Аманов Данияр Сарсенбаевичке, «Orkenbau» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан əрі - ЖШС) - 2016 жылғы 26 қыркүйектегі «Еңбекшіқазақ ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан əрі - Мекеме) мен Д.С.Амановтың арасында жасалған № 651, 2016 жылғы 26 қыркүйектегі Мекеме мен Д.С.Амановтың арасында жасалған № 680, 2016 жылғы 24 қазандағы Мекеме мен Д.С.Амановтың арасында жасалған № 696 жер учаскелеріне жалға беру типтік келісім шарттарын жарамсыз деп тану жəне мемлекеттік актінің күшін жоюды оған қоса жоғарыда көрсетілген құжаттарды мемлекеттік тіркеуін жоюды туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшы өкілінің Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешіміне жəне Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Еңбекшіқазақ ауданы прокуроры жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық

құқық нормаларын дұрыс қолданбағандарын, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер жеке орман өсіру үшін берілмейтінін, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан əрі -Жер кодексі) 48-бабында көрсетілген талаптар орындалмай, жауапкерге жер учаскесі сауда-саттық өткізілмей берілгенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, істі апелляциялық сатыға жаңадан қарауға жолдауды сұраған.

Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктемелерін тыңдап келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, осы Кодекстің 427- бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Азаматтық істің құжаттарына сəйкес Еңбекшіқазақ ауданы əкімдігінің (бұдан əрі - Аудан əкімдігі) 2016 жылдың 5 қыркүйектегі №862, 863 қаулыларымен жауапкер Д.С.Амановқа Бəйтерек жəне Жаңашар ауылдық округтеріндегі мемлекеттік жер қоры есебінен жекеше орман өсіру үшін, көлемі 32,23 га, 18,77 га құрайтын ауыл шаруашылық жайылым жер учаскелері 10 жылға уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беріліп, 2016 жылғы 26 қыркүйекте Мекеме мен Д.С.Амановтың арасында жер учаскесін жалға беру туралы №650, 651 тиісінше типтік келісім шарттар жасалынған.

Сондай-ақ, Аудан əкімдігінің 2016 жылғы 23 қыркүйектегі №932 қаулысымен жауапкер Д.С.Амановқа Бəйтерек ауылдық округіндегі мемлекеттік жер қоры есебінен жекеше орман өсіру үшін, көлемі 21,27 га құрайтын ауыл шаруашылық жайылым жер учаскелері 10 жылға уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беріліп, 2016 жылғы 24 қазанда Мекеме мен Д.С.Амановтың арасында жер учаскесін жалға беру туралы №696 типтік келісім шарт жасалынған.

2016 жылдың 27 қазанында жер учаскелеріне мемлекеттік актілер жасалынып, 2017 жылдың 18 наурызында Еңбекшіқазақ ауданының Әділет басқармасында заңды тіркеуден өткен.

2017 жылы 5 қарашада аталған үш жер учаскелері Д.С.Амановпен «Orkenbau» ЖШС-нің жарғылық капиталына беру туралы келісім шарт жасалған.

Жергілікті соттар талап қоюшының Аудан əкімдігімен жоғарыда көрсетілген жер учаскелері жер заңнамасының талаптары бұзыла отырып, сауда-саттық жүргізілмей жауапкер Д.С.Амановқа заңсыз берілуіне байланысты жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану туралы

шарттарын жарамсыз деп танылуға жатады деген уəждерін орынды негізсіз деп тапқан.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан əрі - АК) 158-бабының 1-тармағына сəйкес мазмұны заңнама талаптарына сəйкес келмейтін мəміле, сондай-ақ құқықтық тəртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мəміле, егер осы Кодексте жəне Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мəміле болып табылады жəне сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.

Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағында тізбеленген ерекше жағдайлардың қатарына кірмесе мемлекеттік меншіктегі жəне жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын беру тек сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асырылатыны көрсетілген.

Аталған баптың 1-тармағының 14-1 тармақшасында жеке орман шаруашылығына арналған жер учаскелері мемлекеттік меншігінен саудасаттықсыз (аукционсыз) берілетіні қарастырылған болатын.

Қазақстан Республикасының 2024 жылдың 6 сəуірдегі №71-VIII Жер кодексіне өзгеріс енгізу туралы заңына сəйкес, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 48-бабы 1-тармағының 14-1 тармақшасының күші жойылған.

Алайда, Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілері туралы» Заңының 1-тармағына сəйкес нормативтік құқықтық актілердің қолданылуы оның қолданысқа енгізілуіне дейін туындаған қатынастарға қолданылмайды. Жауапкер Д.С.Амановқа даулы жер учаскелері Жер кодексіне аталған өзгерістер енгізілгенге дейін берілген.

Қазақстан Республикасының Орман кодексінің 6-бабының 2- тармағына жəне Жер кодексінің 97-бабының 6-тармағына сəйкес Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке немесе ұзақ мерзімді пайдалануға орман өсіру үшін нысаналы мақсатпен жер телімдері ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден берілетіні айқындалған.

Мұндай жағдайда кассациялық сот жауапкер Д.С.Амановқа жер учаскелері жеке орман өсіру үшін берілген кезеңде заң талаптары бұзылмаған деп санайды.

Сондықтан сот дауланып отырған сот актілері заңды жəне негізді болып табылады.

Сонымен бірге, кассациялық сот жергілікті соттардың осы дау бойынша АК-нің 178-бабының 1-тармағында көрсетілген 3 жылдық талап қою мерзімі өтіп кеткен деген уəжімен келіспейді.

АК-нің 180-бабының 1-тармағына сəйкес талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады.

Талап қоюшы - Еңбекшіқазақ ауданы прокурорына талап қоюға негіз болған мəн-жайлар Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаментінің 2024 жылғы 5 желтоқсандағы тексеруі нəтижесінде белгілі болған, яғни талап қою мерзімі өтпеген. Аталған негізге байланысты сот актілерінен талап қою мерзімі өтіп кеткені туралы уəждер алынылып тастауға жатады.

Алайда, талап қоюшымен талап қою мерзімінің сақталынуы дауланған сот актілерінің заңдылығына əсер етпейді.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мəн-жайларды дұрыс анықтаған, істің материалдары толық, жан-жақты жəне объективті зерттелген, тараптар ұсынған дəлелдемелерге тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымның уəждері материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дəлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілгендіктен олар негізсіз деп саналады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешімі жəне Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: А.Тлеубаева

В.Тохтарбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.