№6003-25-00-2к/2293
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 1 желтоқсан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов, прокурор А.С.Камашевтың,
талап қоюшы Қ.Т.Тоқтамыстың және оның өкілі С.Абдигаппаровтың, жауапкердің өкілі А.Бекжановтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Қалдыбек Тоқтамысұлы Тоқтамыстың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қызылорда облысының полиция Департаменті» мемлекеттік мекемесіне тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы жұмыс орнына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіру туралы талап қоюы бойынша Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 9 қаңтардағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Қ.Т.Тоқтамыс сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 9 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты олардың күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін, прокурордың сот актілерін күшінде, шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сай істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 80-бабының 1-тармағының 12), 13) тармақшаларына сәйкес
қызметкер қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылады.
Анықталғаны талап қоюшы Қ.Т.Тоқтамыс Қызылорда қаласының полиция басқармасының (бұдан әрі-Басқарма) жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция қызметін атқарған.
2024 жылғы 30 сәуірде Қызылорда қаласының тұрғыны А.С.Ундербаевадан талап қоюшының қызмет бабы кезіндегі заңға қайшы ісәрекеттері үшін жауапқа тартуды сұраған арыз түскен.
Бұған қоса 2024 жылғы 17 мамырда Қызылорда тұрғыны Д.С.Жеңісовадан талап қоюшы қызмет бабын пайдалана отырып, негізсіз әкімшілік құқық бұзушылық туралы толтырылған хаттамалардың заңға сәйкестігін тексеру жөнінде арыз түскен.
Заңның 57-бабының 3-тарамағына сәйкес талап қоюшыға қатысты шара қолдану жөнінде А.С.Ундербаева мен Д.С.Жеңісованың арыздары негізінде «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қызылорда облысының полиция Департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) тарапынан 2024 жылғы 14 мамырда қызметтік тергеу жүргізу туралы №184 н/б бұйрық шығарылып, аталған арыздар бойынша 2024 жылғы 21 мамырда Департаменттің ұйымдастыру-аналитикалық жұмысы тобының инспекторы А.Әбішке қызметтік тергеу жүргізу жүктелген.
2024 жылғы 1 шілдедегі қызметтік тергеу қорытындысына сәйкес, жоғарыда көрсетілген арыздардағы деректер дәлелденіп, талап қоюшымен А.Ундербаеваға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (әрі қарай-ӘҚБтК) 437-бабының 1-бөлігі мен 440-бабының 1-бөлігі және Д.Жеңісоваға қатысты ӘҚБтК-нің 505-бабының 1- бөлігі мен 492-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар заңсыз рәсімделгені анықталып, талап қоюшыға өзінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны және заң талаптарының бұзылуына жол бергені үшін Ішкі істер органдарынан шығару түріндегі тәртіптік жаза тағайындау туралы ұсыныс берілген.
2024 жылғы 12 шілдеде Басқарма тарапынан жоғарыда аталған А.Ундербаева және Д.Жеңісоваға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша іс жүргізу ӘҚБтК-нің 741-бабының талабы негізінде, яғни іс жүргізуді болдырмайтын мән-жайлар бойынша тоқтатылған.
Нәтижесінде 2024 жылғы 29 тамыздағы №216 тәртіптік комиссия шешімімен талап қоюшыны құқық қорғау органдарынан шығару жөнінде ұсыныс келтірген. Департаменттің 2024 жылдың 2 қыркүйегіндегі №389-ж/қ бұйрығымен талап қоюшы өзінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамай, Заңның 80бабы 1-тармағының 12),13) тармақшалары негізінде құқық қорғау органдарынан шығарылған.
Соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, талап қоюды негізді түрде қанағаттандырудан бас тартқан.
Даулы болып тұрған сот актілерін қабылдау барысында соттар жұмыс берушімен тәртіптік жаза қолдану және оның түрін анықтау кезінде қызметкердің жасаған терiс қылық әрекеттерінің мазмұны мен сипатын, ауырлығын, кiнәлігінің дәрежесiн, өзге де айтарлықтай мән-жайларын ескеріп, талап қоюшының талабы қанағаттандырусыз қалдыруға жатады деген дұрыс тұжырымға келген.
Себебі талап қоюшымен қызметтік қатынастар Заңға және тиісті нормативтік құқықтық актілерге сәйкес реттелген.
Іс құжаттарынан талап қоюшыны құқық қорғау органдарынан шығару Заңның 80-бабы 1-тармағының 12),13) тармақшалары бойынша жүзеге асырылғаны анықталды.
Құқық қорғау органдарынан шығару туралы даулы бұйрық уәкілетті лауазымды тұлға тарапынан қабылданып, белгіленген тәртіппен рәсімделген.
Талап қоюшыға қатысты қызметтік теріс қылық фактісі бойынша қызметтік тергеу тағайындалған, талап қоюшыдан жазбаша түсініктеме алынған, оның құқықтары мен міндеттері түсінідіріліп, қызметтік тергеу нәтижелері бойынша тиісті қорытынды жасалған.
Қызметтен шығару тәртібі мен мерзімдері заң талаптарына сәйкес сақталған.
Жауапкер тарапынан ұсынылған бұйрықтар, қызметтік тергеу іс құжаттары және өзге де дәлелдемелер талап қоюшыны құқық қорғау органдарынан шығару кезінде заң талаптарының бұзылмағанын растайды.
Талап қоюшының қызметтен шығару заңсыз деген уәждері объективті дәлелдермен расталмады және сот оларды негізсіз деп таниды.
Аталған мән-жайларды ескеріп, сот талап қоюшыны құқық қорғау органдарынан шығару заңды, негізді және уәкілетті органның құзыреті шегінде жүзеге асырылған деген қорытындыға келеді.
Сондықтан талап қоюшыны бұрынғы қызметіне қайта орналастыруға және лажсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіруге құқықтық негіздер жоқ.
Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар А.Есдаулетов
Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.