№6001-23-00-6ап/3298
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 28 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,
жауапкердің өкілі Б[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында Шымкент қаласы прокуратураның (бұдан әрі – Прокуратура) жауапкерлер Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Энергетика басқармасы), «Шымкент қаласының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Қаржы басқармасы), «МЗL[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «МG[...]» ЖШС), құрылтайшылары С[...], Т[...] 2019 жылғы 4 маусымдағы электрондық аукционның №124974 хаттамасын заңсыз деп тану, 2019 жылғы 10 маусымдағы №11502-ЭТП сатып алу-сату келісім-шартың жарамсыз деп тану, шығынды өндіру туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 3 мамырдағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 қазандағы қаулысына жауапкер Қаржы басқармасының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Прокуратура жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда ол «Таза қала» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын (бұдан әрі - «Таза қала» МКК-ны) төмен бағамен сатқаны бойынша талдау жұмыстарын жүргізілгенін, нәтижесінде тендерді өткізген кезде жауапкер Қаржы басқармасы бағалау объектісі туралы қолжетімді ақпараттарды жарияламағанымен және бәсекелестік жағдай жасамағанымен, тендерге қатысушылар «МG[...]» ЖШС мен «ЛТ[...]» ЖШС-гі өзара үлестік тұлғалар болып табылатындығымен негіздеген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 3 мамырдағы шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.
Қаржы басқарманың «Таза қала» МКК-ны сату туралы 2019 жылғы 4 маусымдағы электрондық аукционның №124974 хаттамасы заңсыз деп танылған; Қаржы басқармасы мен «МG[...]» ЖШС-нің арасында түзілген 2019 жылғы 10 маусымдағы №11502-ЭТП «Таза қала» МКК-нын сатып алу – сату туралы келісім шарты жарамсыз деп танылған.
Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымда жергілікті соттар іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, қабылданған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшының сот отырысына техникалық байланыс арқылы қатысуға рұқсат беру туралы өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылады, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өтетіні туралы уақытылы хабарлама жолданған. Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен жауапкер өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, Энергетика басқармасының «Таза қала» МКК-ны 2014 жылы 30 сәуірде мемлекеттік тіркеуден өткен. Қызмет түрі: қауіпсіз қалдықтарды өңдеу немесе жою болған.
Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1141 қаулысы негізінде жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес бәсекелес ортаға беруге ұсынылатын коммуналдық меншіктегі ұйымдардың тізбесіне «Таза қала» МКК-ы енген. «АК[...]» ЖШС-нің бағалау компаниясының 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №788 есебіне сәйкес «Таза қала» МКК-ның нарықтық бағасы 461,8 млн. теңгеге бағалаған. 2019 жылғы 25 ақпандағы Шымкент қаласының коммуналдық меншіктегі объектіні жекешелендіру комиссиясының №2, 4 хаттамаларына сәйкес «Таза қала» МКК-ның құны 461,8 млн. теңге деп белгіленіп, электрондық аукционға шығарылған.
2019 жылғы 27 ақпанында «ЗакупИнфо» республикалық газетінде Қаржы басқармасы мемлекеттік мүлік тізілімінің www.gosreestr.kz вебпорталында коммуналдық меншіктегі нысандарды, соның ішінде «Таза қала» МКК-н сату жөнінде электрондық аукцион (бағаны көтеру әдісімен) өткізілетіні хабарланған.
2019 жылғы 19 наурызында аукционға екі қатысушыдан төмен болуына байланысты №119361 электрондық аукционның өткізілмегендігі туралы акт түзілген.
2019 жылғы 17 сәуірінде «ЗакупИнфо» республикалық газетінде «Таза қала» МКК-н сату жөнінде электрондық аукцион (бағаны 50% төмендету әдісімен) өткізілетіні хабарланған.
2019 жылғы 8 мамырында аукционға екі қатысушыдан төмен болуына байланысты №12248 электрондық аукционның өткізілмегендігі туралы акт түзілген.
2019 жылғы 17 мамырында «ЗакупИнфо» республикалық газетінде «Таза қала» МКК-н сату жөнінде электрондық аукцион (бағаны төмендету әдісімен) өткізілетіні хабарланған.
2019 жылғы 4 маусымында аукционда «Таза қала» МКК-н 2,1 млн.теңгеге «МG[...]» ЖШС сатып алған.
2023 жылғы 13 қаңтарында Шымкент қаласының әкімдігінің №55 қаулысына сәйкес баланстық құны 632 094 539,75 теңге құрайтын мүліктер мен 24 158 900 теңге қаражатты қалалық коммуналдық меншікке қабылдау туралы «МG[...]» ЖШС-мен сыйға тарту шарты жасалған.
Мүліктерді сыйға алушы ретінде «Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының «Жасыл белдеу» КММ-не, 24 158 900 теңге қаражатты сыйға алушы ретінде сыйға тарту шартын жасасу үшін Қаржы басқармасына уәкілеттік берілген.
2023 жылғы 13 қаңтарында «МG[...]» ЖШС-гі мен «Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының «Жасыл белдеу» КММ-нің арасында №1 және Қаржы басқармасының арасында №2 сыйға тарту шарттары түзілген.
2023 жылғы 14 ақпандағы №39 Қаржы басқармасының №39 бұйрығына сай «Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының «Жасыл белдеу» КММ-нің теңгеріміндегі мүліктер Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Шымкент сушар» МКК-ның теңгеріміне бекітілген.
Бұл әрекеттермен келіспей, талап қоюшы сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар, талап қоюды ішінара қанағаттандырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы № 920 қаулысымен бекітілген «Жекешелендіру объектілерін сату қағидасының» талаптары бұзылып, заңсыз түрде «Таза қала» МКК-нын нарықтық бағасын 461,8 млн. теңгеге бағалағанын ескерместен небәрі 2 100 000 теңгеге «МG[...]» ЖШС-не сатылған. Нәтижесінде 2019 жылғы 10 маусымда Қаржы басқармасы мен «МG[...]» ЖШС-нің арасында «Таза қала» МКК-н сату – сатып алу туралы келісім шарты заңсыз жасалған.
Бұдан бөлек, веб-порталға «Таза қала» МКК-на қатысты тендер құжаттары салынбауына байланысты басқада әлеуетті қатысушылардың танысуға мүмкіндігі болмаған. Сонымен қатар, аукционға қатысуға өтінім берген қатысушылар «МGL[...]» ЖШС-гі мен «ЛТ[...]» ЖШС-гі өзара үлестес тұлғалар болып танылатыны соттармен назарға алынған. Атап айтқанда, «МGL[...]» ЖШС-нің 49% үлестік қатысу дәрежесінің құрылтайшысы С[...] болып танылған. Осыған қоса, 2015 жылы «ЛТ[...]» ЖШС-нің 51% үлесін «ЭСТ[...]» ЖШС-гі жекешелендіріп алған, сондай-ақ осы «ЭСТ[...]» ЖШС-нің 30% үлесі құрылтайшы С[...] тиесілі болған. Осылайша, бәсекелестікке жол берілмей «Таза қала» МКК-н сату тендеріне өзара үлестік мүдделі «МGL[...]» ЖШС-гі мен «ЛТ[...]» ЖШС-гі қатысуға жіберілгендігін дәлелденген.
Бұл жағдайда талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы тұжырым негізді болып табылады.
Қабылданған шешімнің негіздері мен уәждері қолдануға жататын заңның нақты нормаларын келтіре отырып, сот актілерінде толығымен баяндалған. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні пікірлерде келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І: Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 3 мамырдағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 20223 жылғы 5 қазандағы қаулысы қаулысы күшінде қалдырылсын.
«Шымкент қаласының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов
Е. Өмірәлиев
Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.