ВС РК - Постановление от 05.03.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2516 (Административное)

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 5 наурыз №6001-23-00-6ап/2516 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев пен Ғ.Ө.Әлжанов болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Ақбұлақ» өндірістік кооперативінің жауапкерлер Төлеби аудандық жер комиссиясына, «Төлеби аудандық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне үлестік жерін жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жаңа массивке беру туралы ұсыныс айту әрекеттерін заңсыз деп тану, жер комиссиясының 2023 жылғы 12 қаңтардағы №01/01 хаттамалық шешімін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 маусымдағы ұйғарымына, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшы «Ақбұлақ» өндірістік кооперативінің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік ісін қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 маусымдағы ұйғарымымен «Ақбұлақ» өндірістік кооперативінің (бұдан әрі – Кооператив) Төлеби аудандық жер комиссиясына, «Төлеби аудандық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне үлестік жерін жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жаңа массивке беру туралы ұсыныс айту әрекеттерін заңсыз деп тану бөлігінде әкімшілік талабы қайтарылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Қассациялық шағымда талап қоюшы соттардың ұйғарымдарының күшін жоюды және әкімшілік талапты жаңа құрамда қарау үшін сотқа қайта жолдауды сұраған.

Іс бойынша тараптартардан сот отырысын кейінге уақытқа қалдыруды немесе сот отырысын онлайн форматта жүргізі туралы өтініш хаттар келіп түскен.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, шағым уәждерін талқылап, келесідей тұжырымдарға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Төлеби ауданы әкімдігінің 2002 жылғы 28 ақпандағы №221 қаулысымен Төлеби ауданы, Б[...] ауылдық округінен 161,73 га ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскесі Кооперативке уақытша ұзақ мерзімге 49 жылға жер пайдалану құқығымен берілген.

Төлеби аудандық мәслихатының 2013 жылғы 29 наурыздағы №32/[...] шешімімен Төлеби ауданының Б[...], Көксәйек, С[...] елді мекендерінің бас жоспарларымен Зертас елді мекеніне бас жоспардың оңайландырылған нұсқасы бекітілген.

Бас жоспарға сәйкес, Кооперативті кадастрлық №[...] жалпы алаңы 161,73 га жер учаскесі елді мекен шегіне енгізіліп, жеке тұрғын үй массиві үшін 27,0 га жер учаскесі жоспардың бірінші кезеңіне қарастырылған.

Төлеби аудандық жер комиссиясының 2023 жылғы 12 қаңтардағы №01/01 хаттамалық шешімімен аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілген бас жоспарына сәйкес, жеке тұрғын үйлер үшін қаралған жаңа массивке 27,0 га жер учаскесін беру жөнінде шешім қабылдаған.

Төлеби ауданы әкімінің 2023 жылғы 17 қаңтардағы №17 қаулысымен Кооперативтің кадастрлық №[...] жалпы алаңы 161,73 га жер учаскесінің 27,0 га жер учаскесі жеке тұрғын үйлер үшін қаралған жаңа массив үшін мемлекет мұқтажына алу жөнінде шешім қабылданған.

Бірінше сатылы сот әкімшілік талаптың үлестік жерді жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жаңа массивке беру туралы ұсыныс айту әрекеттеріне дау айту бөлігінде қайтару барысында, ол әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) болып табылмайтыны жөнінде тұжырымға келген, сондай-ақ онымен апелляциялық сот алқасы келіскен.

Кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың көрсетілген тұжырымдармен келесі негіздерге байланысты толығымен келіседі.

ӘРПК-нің 4-бабының 1-бөлігінің 4), 5) – тармақшаларына сәйкес, әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.

Әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) – әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі).

Яғни әкімшілік іс жүргізу тәртібінде әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе міндет жүктейтін, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт немесе әрекет (әрекетсіздік) жатады.

Бұл орайда үлестік жерді жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жаңа массивке беру туралы ұсыныс айту әрекеттері жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган қабылдайтын әкімшілік акті немесе әрекет болып табылмайды, сол себепті әкімшілік тәртіпте даулауға жатпайды.

Бұл жерде талап қоюшының құқықтары мен мүдделері жер комиссиясының 2023 жылғы 12 қаңтардағы №01/01 хаттамалық шешімін даулау талабын қарау барысында қорғалуға жатады.

Осыған орай, талап қоюшының үлестік жерін жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жаңа массивке беру туралы ұсыныс айту әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап қоюы негізді қайтарылған.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланып отырған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 маусымдағы ұйғарымы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 шілдедегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «Ақбұлақ» өндірістік кооперативінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Е. Өмірәлиев Әлжанов

Ғ.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.