Қ А У Л Ы
2026 жылғы 5 мамыр № 6003-26-00-2к/561 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.Қ.Рустембеков , судьялар Л.С.Алпысова С.Қ.Нұрабай,
прокурор А[...], талап қоюшының өкілі Н[...], жауапкердын өкілі О[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әріДепартамент) жауапкер «А[...]» шаруа қожалығына, даудың нысанына дербес талап мәлімдемейтін талап қоюшы жағындағы үшінші тұлға «Шиелі ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жер учаскесін мақсаты бойынша пайдаланылмағаны үшін мәжбүрлеп алып қою туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 мамырдағы шешіміне және 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актісінің күшін жойып, талап қоюды толықтай қанағаттандыру туралы шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот тараптарды тыңдап, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Апелляциялық сот мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.
Іс құжаттарына қарағанда Шиелі ауданы әкімдігінің 2006 жылғы 21 қарашадағы № 1596 қаулысымен «А[...]» шаруа қожалығына (бұдан әрі-ШҚ) Шиелі ауданы, «А[...]» ауылдық округі, № 3 ауыспалы егістігі кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесіндегі жалпы көлемі - 1147,0 гектар, оның ішінде егістігі - 727,7 гектар, жайылымдылығы 109,1 га, басқа алқаптар - 310,7 гектар жер учаскесіне және №5 ауыспалы егістігі кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесіндегі жалпы көлемі - 888,0 гектар, оның ішінде егістігі - 622,3 гектар, жайылымдылығы 12,3 га, басқа алқаптар - 253,4 гектар жер учаскелеріне тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін 46 жыл мерзімге ортақ үлестік уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы табысталған.
Шиелі ауданы әкімдігінің 2023 жылғы 23 қаңтардағы № 135 санды қаулысымен Шиелі ауданы инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiру (ротациялау) схемасы бекітілген.
Шиелі ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімімен «А[...]» ШҚ тарапынан Шиелі ауданы, «А[...]» ауылындағы № 3-ші ауыспалы егіс жүйесінің 3-ші танабындағы және №5-ші ауыспалы егіс жүйесінің 5-ші танабындағы жерде ротация сақталмай, оларды ұтымсыз пайдаланып жатқандығын анықтап, тиісті шара қолдану үшін Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментіне 7 тамыз 2023 жылы хат жолдаған.
Талап қоюшы жауапкер тарапынан жер учаскесінде жер заңдылықтарының сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізіп, жауапкермен № 3-ші ауыспалы егіс жер учаскесінің 3 -ші танабында демалуы керек жер учаскесінде 95,2 га күріш дақылы және №5-ша ауыспалы егіс жер учаскесінің 5-ші танабында болуы тиіс 83,4 га ескі жоңышқа дақылының орнына 83,4 га күріш дақылы орналастырылғанын анықтаған.
Тексеру нәтижесінде талап қоюшы 2023 жылғы 7 қыркүйекте 1 (бір) жыл мерзімге бұзушылықтарды жою туралы № 216 нұсқама қабылдаған.
2023 жылғы 7 қыркүйекте талап қоюшы жауапкерді ӘҚБтК-нің 93, 99 баптарымен кінәлі деп танып, ескерту жазасын тағайындаған.
Нұсқаманың 1 (бір) жылдық мерзімі өткеннен кейін талап қоюшы нұсқама талаптарының орындалуы туралы 2024 жылы 11 қыркүйекте жауапкерге сұрау хат жолдаған, жауапкермен жауап ұсынылмаған.
Шиелі ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі 2024 жылы да жауапкермен инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiру (ротациялау) схемасының бұзылғандығын анықтаған.
Атап айтқанда, № 3-ші ауыспалы егістігі жер учаскесінің 3-ші танабында болуы тиіс 95,2 га күріш дақылының орнына 95,2 га бақша дақылын орналастырған. Шиелі аудандық сотының 2024 жылғы 30 қазандағы қаулысымен «А[...]» ШҚ ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, айыппұл жазасы тағайындалған.
Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Бірінші сатыдағы сотпен жауапкердің егістік жер учаскелеріне 2023 жылы № 3-ші ауыспалы егіс жер учаскесінің 3 -ші танабында демалуы керек жер учаскесінде 95,2 га күріш дақылы және №5-ша ауыспалы егіс жер учаскесінің 5-ші танабында болуы тиіс 83,4 га ескі жоңышқа дақылының орнына 83,4 га күріш дақылы орналастырылғаны, 2024 жылы да № 3-ші
ауыспалы егістігі жер учаскесінің 3-ші танабында болуы тиіс 95,2 га күріш дақылының орнына 95,2 га бақша дақылын орналастырғандығы анықталған.
Яғни, жауапкер 2023 жылы 178 га және 2024 жылы 95,2 га егістік жер учаскесіне жоңышқа дақылын орналастырудың орнына күріш дақылын орналастырып, дақылдарды кезектестiру схемасын бұзған, ал 2025 жылға ротация схемасы сақталуда.
Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар зерттемеген дәлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқылы емес.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген. Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
Талап қоюшының шағымдағы басқа уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Талап қоюшы өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 мамырдағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаменті» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.Қ.Рустембеков
Судьялар:
Л.С.Алпысова
С.Қ.Нұрабай
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.