6001-22-00-6ап/470
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 28 маусым Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар Ш.Т.Даниярова, Г.Б.Дүйсенбаев, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры
Д[...],
талап қоюшының өкілі А[...],
жауапкерлер:
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі (бұдан әрі – Аудит департаменті) Е[...],
«Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі (бұдан әрі –Басқарма) Ш[...],
мүдделі тұлғалар:
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі (бұдан әрі - Ішкі мемлекеттік аудит комитеті) М[...],
«СМА[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі (бұдан әрі - «СМА[...]» ЖШС) М[...],
«Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілі (бұдан әрі - Сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы) А[...],
«Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істер комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі (бұдан әрі - Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істер комитеті) Ж[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы ««АҚ[...]»» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік) жауапкерлер Аудит департаментіне, Мемлекеттік сатып алу басқармасына, «А[...] аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім, тапсырыс беруші) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға және мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамаға дау айту туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 13 желтоқсандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламамен және мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамамен келіспей, жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда Департамент тарапынан камералдық бақылау барысында Серіктестікпен 2011-2020 жылдары аралығында атқарған жұмыстары негіссіз есепке алмағанын көрсеткен.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 қаңтардағы қаулысымен күшінде қалдырылған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 13 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында соттар іс бойынша шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Серіктестік өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкерлер өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы және мүдделі тұлғалардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар жол бермеген.
Іс материалдарынан анықталғандай, Басқарманың ұйымдастыруымен Қызылорда облысы, [...] маңызы бар автомобиль жолының құрылысы жұмыстарына ашық конкурс тәсілімен (бұдан әрі – Даулы конкурс) мемлекеттік сатып алу өткізіліп, оған қатысуға ««АҚ[...]»» ЖШС, «Ш[...]» ЖШС, «Прогресс» Корпорациясы» ЖШС, «СМА[...]» ЖШС, «ПЭ[...]» ЖШС, «СОК[...]» ЖШС өтінімдері жіберілген.
Даулы конкурстың 2021 жылғы 24 тамыздағы №6062629-ОК1 қорытынды хаттамасына сәйкес Серіктестік (шартты жеңілдік-6,4%) жеңімпаз болып танылған, ал екінші орын - «СМА[...]» ЖШС (3,2%).
Конкурс нәтижелеріне Аудит департаменті 2021 жылғы 15 қыркүйекте №431010000-4-7-146322 камералдық бақылау нәтижелері бойынша әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесі бойынша шартты жеңілдіктер дұрыс белгіленбегеніне байланысты бұзушылықтарды жою туралы хабарлама (бұдан әрі – Даулы хабарлама) берген.
Даулы хабарлама негізінде ұйымдастырушы конкурс нәтижелерін қайта қарап, 2021 жылғы 19 қазандағы №6062629-ОК1 мемлекеттік сатып алудың қорытындылары негізінде «СМА[...]» ЖШС жеңімпаз ретінде жариялаған.
2021 жылғы 21 қазанда «СМА[...]» ЖШС мен Бөлім арасында №152 құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы жалпы сомасы 1 317 562 177,68 теңгеге шарт (бұдан әрі - Шарт) жасалған.
Даулы конкурс аудандық маңызы бар автомобиль жолының құрылысы жұмыстарына жарияланғанына байланысты, жергілікті соттар талап қоюшының бұрыңғы атқарған жұмыстары автомобиль жолдарын салу емес, тек абаттандыру жұмыстарын жүргізгенін анықтаған. Сондай-ақ, талап қоюшымен ұсынылған Қызылорда облысы, [...] елді мекені бойынша жол құрылысы жұмыстарына 0,2% шартты жеңілдік берілген.
Бұл жағдайда, соттармен аталған жұмыс тәжірибесі Департаментпен камералдық бақылау барысында негізсіз ескерілмей, ол үшін 1% шартты жеңілдік берілмегені анықталған.
Бірақ, 1% шартты жеңілдік өткізілген конкурс нәтижесіне әсер келтірмейді, өйткені Даулы конкурстың нәтижесі бойынша «СМ[...]» ЖШС-не 3,2% шартты жеңілдік берілген.
Осы дәлелдемелер жиынтығына берілген объективті баға соттарға даулы хабарлама әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді деген тұжырымға келіп, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыруға негіз болған.
Бұл тұжырым іс құжаттарымен қуатталған.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 155-тармағына сәйкес, егер әлеуетті өнім берушінің жұмыс тәжірибесі болған жағдайда, конкурстық комиссия сатып алынатын жұмыстар нарығында әлеуетті өнім берушінің тәжірибесі болуының әрбір жылы үшін, оның ішінде конкурс мәні болып табылатын жұмыстардың осындай (ұқсас) түрлері бойынша шартты жеңілдіктер берілетіні көзделген.
Конкурстық комиссиямен талап қоюшының жұмыс тәжірибесі ретінде есепке алынған 7 құрылыс нысаны («Наурыз», «Олжа», «Саида» сауда үйлерінің, «Тұлпар» дүкенінің, «Ақниет» мейрамханасының және Жанармай бекеттерінің аумақтары) бойынша автомобиль жолдарын салу құрылыс жасалмаған, тек асфальттау жұмыстары жасалған. Яғни, бұл жұмыстар автомобиль жолдары құрылысына жатпайды.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі №245 «Автомобиль жолдары туралы» Заңының 1-бабының 3) тармақшасына сәйкес, автомобиль жолы – автомобильдердiң және басқа да көлiк құралдарының белгiленген жылдамдықпен, жүктемелермен, габаритпен үздiксiз, қауiпсiз жүрiсiн қамтамасыз ететiн, автомобильдер жүрiсiне арналған инженерлiк құрылыстар кешенi, сондай-ақ осы кешендi орналастыру үшiн берiлген жер учаскелерi (көлiк жерлерi) және олардың үстiндегi белгiленген габарит шегiндегi әуе кеңiстiгi болып табылады.
Осыған байланысты, жоғарыда аталған 7 нысан автомобильдер жүрiсiне арналған инженерлiк құрылыстар кешенi болып табылмаған. Сондай-ақ аталған нысандар орналасқан жер учаскелері арнайы автомобиль жолдарын орналастыру үшiн берiлген жер учаскелерi (көлiк жерлерi) болып табылмаған.
Демек, талап қоюшының мемлекеттік сатып алу бойынша өздерінің жұмыс тәжірибесіне қатысты тапсырған конкурстық құжаттары есепке алынбаған, себебі ол жұмыстар автомобиль жолдарын салу құрылыс жұмыстарына жатқызуға болмайтынын көрсеткен.
Талап қоюшының жұмыс тәжірибиесіне қатысты тапсырған құжаттарының ішінен тек Қызылорда облысы, [...] елді мекеніне қатысты аудандық маңызы бар автомобиль жолының құрылысын жүргізгені дәлелденген, себебі ол жұмыстарды атқарғаны саулет бақылау бөлімінің есебіне алынғанын.
Мұндай жағдайда, даулы хабарламаның күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 8-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.
ӘРПК-нің 10-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді.
Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.
Сот алқасы ӘРПК-нің 2-тарауына сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарының бірі мөлшерлестік қағидаты болып табылатынын назарға алады.
Осы кодекстің 6-бабына сәйкес әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу осы тарауда баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Осы тарауда белгіленген әкімшілік рәсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.
Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 13 желтоқсандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
«АҚ[...]» ЖШС кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Г. Дүйсенбаев
Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.