ВС РК - Постановление от 23.06.2025 по делу 6001-25-00-6КГ/12 (Об административном правонарушении)

6кг-12-25

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 23 маусым Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Е.Мәукен, судьялар Н.К.Құрманғалиев, Г.Ғ.Исамберлиева, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі

А.Төремұратұлының,

Атырау облысы Мақат аудандық прокуратурасының өкілі

А.Р.Сагындыковтың,

«Атырау облысы Полиция департаментінің Мақат аудандық полиция бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі Р.Р.Исемгалиевтің, әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға К.Т.Тулкибаевтың адвокаты Н.Т.Уатбаевтың қатысуларымен

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс жүйесі арқылы Атырау облысы Мақат аудандық сотының 2025 жылғы 13 қаңтардағы және Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 ақпандағы қаулыларына Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры орынбасарының наразылығымен келіп түскен,

Кенжебай Тулкибаевич Тулкибаевқа қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 612-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Атырау облысы Мақат аудандық сотының 2024 жылғы 13 қаңтардағы қаулысымен К.Т.Тулкибаевқа қатысты ӘҚБтК-нің 612-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік іс жүргізу әкімшілік жауаптылыққа тарту мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылған. Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры орынбасарының наразылығында соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділіктің бұзылуына байланысты соттың қабылдаған қаулысы қайта қарауға жататыны көрсетілген.

Наразылық уәждерін қолдаған уәкілетті орган мен прокуратура өкілдерінің, әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаның адвокатының наразылыққа қарсы пікірлерін, жергілікті сот актілерінің күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолдауға жататыны туралы прокурордың қорытындысын тыңдап және іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай жағдайлар орын алған.

Жергілікті соттардың қаулылары әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің материалдары мен анықталған мән-жайларына сәйкес келмейді, ал әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өткізіп алынғаны туралы тұжырым негізсіз болып табылады.

Іс материалдарына сәйкес К.Т.Тулкибаев 2024 жылғы 15 қазанда сағат 01.05 шамасында, көлік құралын басқару құқығынан айрылған жүргізуші бола тұра, Мақат ауданындағы Мақат кенті, Вокзал маңы шағын ауданы, Алаш көшесінде мемлекеттік тіркеу белгісі 546 AGА 04 маркасы «УАЗ» көлік құралын басқарған.

Аталған факті бойынша К.Т.Тулкибаевқа қатысты ӘҚБтК-нің 612-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Өйткені бұған дейін К.Т.Тулкибаев автокөлікті масаң күйде басқарғаны үшін Жылыой аудандық сотының 2022 жылғы 10 қаңтардағы қаулысымен ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылған және 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасына тартылған.

К.Т.Тулкибаевтың көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші бола тұра көлік басқарған әрекетін уәкілетті орган ӘҚтК-нің 612-бабының 3-тармағымен дұрыс саралаған.

Аталған құқық бұзушылық әрекетті жасағанын К.Т.Тулкибаевтың өзі де жоққа шығармаған.

ӘҚБтК-нің 62-бабының 1-бөлігінде көзделгендей, осы Кодексте көзделген жағдайлардан басқа кезде тұлға әкімшілік құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екі ай өткеннен кейін әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды.

Аталған баптың 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жаза қолдану мерзімінің өтуі сараптама тағайындалған кезден бастап, прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін қарау кезеңіне, өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізіліп жатқан адамды күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарылған, сондай-ақ іс сотқа немесе мемлекеттік органның әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген лауазымды адамына жіберілген кезден бастап тоқтатыла тұрады.

Іс материалдарына қарағанда, К.Т.Тулкибаев әкімшілік құқық бұзушылықты 2024 жылғы 15 қазанда жасаған. Оған қатысты жасалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жинақталған іс құжаттарымен бірге әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс жүргізудің бірыңғай тізілімі арқылы 2024 жылғы 15 қазанда сотқа жолданып, электрондық құжат айналымы арқылы сотқа келіп түскен. Сол кезден бастап мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрған.

2025 жылғы 8 қаңтарда аудандық соттың К.Т.Тулкибаевқа қатысты істі уәкілетті органға кері қайтару туралы жасақтаған актісіне қарағанда, әкімшілік іс электрондық нұсқаның ашылмауына байланысты хаттама жасақтаған органға қайтарылған. Яғни, әкімшілік іс 2024 жылғы 15 қазаннан 2025 жылғы 8 қаңтар аралығында аудандық соттың іс жүргізуінде болған.

2025 жылғы 13 қаңтарда әкімшілік іс электрондық құжат айналымы арқылы соттың іс жүргізуіне қайтадан түскен.

Сол себепті төменгі сатыдағы соттардың әкімшілік құқық бұзушылық жасалған күннен бастап істі сотқа қарауға жолдап, сотқа түскен күнге дейін екі ай, яғни әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі өткізіліп алынғаны туралы тұжырымы негізсіз.

«Соттардың Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің Жалпы бөлігінің нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы №12 нормативтік қаулысының 16-тармағына сай, ӘҚБтК-нің 62-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жазаны қолдану мерзімінің өтуі істі сотқа немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген мемлекеттік органның лауазымды адамына жіберген кезден бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ереже әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау үшін ведомстволығы бойынша басқа мемлекеттік органға берілмейтін жағдайларға да қатысты. Ескіру мерзімін тоқтата тұрудың басталғаны істің сотқа немесе лауазымды адамға мәні бойынша қарауға іс жүзінде жіберілген күнінен айқындалады (поштаға тапсыру, электрондық құжат айналымы арқылы алған күні, тиісті хат-хабарды тізілімде тіркеу күні және тағы басқалары).

Әкімшілік істің 2024 жылғы 15 қазан мен 2025 жылғы 8 қаңтар аралығында аудандық соттың іс жүргізуінде болғаны «Әкімшілік іс жүргізудің біріңғай тізілімінде» көрсетілген датамен және 2025 жылғы 8 қаңтардағы сотпен жасалған актпен, бірінші сатыдағы соттың жекеше қаулысының күшін жою туралы апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен қуатталады.

К.Т.Тулкибаевтың көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған жүргізуші бола тұра, автокөлік басқарғанын соттар ӘҚБтК-нің 612-бабының 3-бөлігімен саралап, оның аталған әрекетті жасағаны толық дәлелденгені туралы дұрыс қорытындыға келген. Алайда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың әкімшілік іс аудандық сотқа 2025 жылғы 13 қаңтарда түскені және осыған байланысты әкімшілік жауаптылыққа тарту мерзімі өткізіліп алынғандықтан оны тоқтату туралы тұжырымдары іс материалдарына қайшы шығарылған.

ӘҚБтК-нің 829-14-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот қаулысы заңды және негізделген болуға тиіс.

Жергілікті соттардың қаулылары аталған заң талаптарына сай келмегендіктен күші жойылып, К.Т.Тулкибаевты әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы жаңа қаулы шығарылуға жатады.

Осыған байланысты кассациялық алқа ӘҚБтК-нің 55-57 баптары негізінде әкімшілік жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мәнжайлар жоқтығын ескеріп, К.Т.Тулкибаевқа 612-бабының 3-бөлігінде көзделген санкция шегінде елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл жазасын белгілеу қажет (50х3692=184600) деп санайды.

Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Атырау облысы Мақат аудандық сотының 2025 жылғы 13 қаңтардағы және Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 ақпандағы К.Т.Тулкибаевқа қатысты қаулыларының күші жойылып, жаңа қаулы шығарылсын. Кенжебай Тулкибаевич Тулкибаевты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 184 600 (бір жүз сексен төрт мың алты жүз) теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынсын.

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарының кассациялық наразылығы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Е.Мәукен Судьялар Н.Құрманғалиев Г.Исамберлиева Көшірмесі дұрыс Г.Исамберлиева

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.