ВС РК - Постановление от 29.06.2022 по делу 6001-22-00-3гп/231 (Гражданское)

6001-22-00-3гп/231

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 29 маусым Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында

төрағалық етуші – алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар М.Ж.Бектұрғанов, Е.Ж.Исмаилов,

жауапкер П[...] өкілі адвокат К[...] қатысуымен

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының ғимаратында мобилді бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында арыз беруші «Атырау қаласы полиция басқармасы» ММ-нің жауапкер шетелдік П[...] Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығару туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 14 сәуірдегі шешіміне келтірген кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы П[...] өкілі адвокат К[...] өтінішхаты бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,

а н ы қ т а ғ а н ы :

«Атырау қаласы полиция басқармасы» ММ-нің (бұдан әрі – Полиция басқармасы) Өзбекстан Республикасының азаматы П[...] Қазақстанның заңнамасын бұзғаны үшін республика шегінен шығарып жіберуді сұраған.

Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 14 сәуірдегі шешімімен арыз қанағаттандырылған. П[...] Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарылып, шешімді орындау үшін оған жеті күн мерзім белгіленген. Жауапкерден мемлекет кірісіне 1532 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Өтінішхат иесі бірінші сатыдағы соттың тұжырымдары істің мәнжайларына сәйкес келмейтінін, онымен материалдық және процестік құқық нормалары өрескел бұзылғанын көрсетіп, Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 14 сәуірдегі шешімінің күшін жойып, Полиция басқармасының арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот алқасы жауапкер П[...] пен оның өкілі К[...] өтінішхатты қолдап келтірген уәждерін, Полиция басқармасының өкілі С[...] өтінішхатқа қарсылықтарын тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, тараптардың уәждерін талқылап, дауланған Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 14 сәуірдегі шешімінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтар орын алған.

Полиция басқармасымен ұсынылған деректер негізінде анықталғандай, Өзбекстан Республикасының азаматы П[...] Атырау қаласында тұру барысында бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Атап айтқанда:

  • 2021 жылғы 02 қарашада Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 437-бабының 1-бөлігімен (жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін, сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін тыныштықты бұзу) оған 7 292,50 теңге айыппұл салынған;

  • 2022 жылғы 28 ақпанда ӘҚБтК-нің 204-бабының 1-бөлігімен (жергiлiктi атқарушы орган белгiлегеннен тыс орындарда сауда жасау) оған 15 315 теңге айыппұл салынған.

Атырау қалалық соты Полиция басқармасының арызын қанағаттандыру туралы шешімін Өзбекстанның азаматы П[...] Қазақстан аумағында тұру кезінде республика заңнамасын бұзып, әкімшілік құқық бұзушылықтарды қасақана жасағанымен негіздеген.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот алқасы төмендегі негіздер бойынша Атырау қалалық сотының тұжырымы істің мән-жайларына сәйкес келмейтіні, даулы сот актісін қабылдау барысында материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағаны туралы қорытындыға келді. «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабына сай егер шетелдік Республиканың заңнамасын бұзса, оның iс-әрекетi мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келетiн болса, егер бұл халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, Қазақстан азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса, ол республика шегiнен қуылуы мүмкiн.

П[...] 2021-2022 жылдар аралығында сауда және қаржы саласындағы, қоғамдық тәртіпке және имандылыққа қол сұғатын құқық бұзушылықтарға жол бергені үшін екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған, тағайындалған айыппұл сомаларын төлеген.

Ұлты қазақ П[...] тарапынан мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүддесiне қайшы келетін құқық бұзушылықтар орын алмаған, жалпы республиканың шегінен шығарып жіберу негізгі немесе қосымша әкімшілік жазалар ретінде қолданылуы мүмкін әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол бермеген, он жылдан бері тарихи отанында тұрып, Қазақстанның азаматтығын алуға ниеті бар, осы республиканың азаматшалары – анасы және әпкесі Атырау қаласының тұрғындары.

Сонымен қатар, АПК-нің 72-бабына сай жауапкердің іс-әрекеттері халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне қайшы келіп, оларды қорғау үшiн шетелдікті республика шегінен тыс шығару қажеттілігін тудыратын мән-жайлар туралы дәлелдемелер ұсынылмаған.

Істің мұндай тұрғысында Атырау қалалық сотымен материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданылмай, елеулі түрде бұзуы және нақты мән-жайларға тиісті құқықтық баға берілмеуі салдарынан іс бойынша қабылданған сот актісін заңды және негізді деп тануға болмайды.

Сондықтан АПК-нің 427-бабы 1-бөлігінің 3), 4) тармақшаларына сәйкес кассациялық сот алқасы даулы сот актісінің күшін жойып, Полиция басқармасының шетелдік П[...] Қазақстанның шегінен шығарып жіберу туралы арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдап, өтінішхатты қанағаттандыруды дұрыс деп есептейді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы

қ а у л ы е т т і:

Атырау облысы Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 14 сәуірдегі шешімінің күші жойылсын.

Азаматтық іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.

«Атырау қаласы полиция басқармасы» ММ-нің жауапкер шетелдік П[...] Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығару туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Жауапкердің өкілі адвокат К[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Н.Шәріпов Судьялар М.Бектұрғанов Е.Исмаилов

Көшірмесі дұрыс. Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.