№6001-24-00-6ап/1142
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 17 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының прокуроры
Б.Саттыбаевтың қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Малика Мусахановна Абдраймованың жауапкер Түркістан қаласының әкіміне жер учаскесіне құқық табыстаудан бас тарту туралы дәлелді бас тартуын заңсыз деп тану және жер учаскесіне құқық табыстау жөнінде қаулыны қабылдауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 1 наурыздағы қаулысына талап қоюшының өкілі Г.Б.Сихимовтың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап, АНЫҚТАҒАНЫ: М.М.Абдраймова жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 27 қарашадағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.
Жауапкер Түркістан қаласы әкімінің 2023 жылғы 27 қыркүйектегі №KZ87VVX00258986 дәлелді бас тарту заңсыз деп танылған.
Жауапкер Түркістан қаласы әкіміне талап қоюшы М.М.Абдраймоваға Түркістан қаласы, А.Дибаев көшесі 2 өтпе, №14 мекенжайдағы жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы қолайлы қаулыны қабылдау міндеттелген.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімнің күші жойылып, іс бойынша жаңа шешім қабылданып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында іс бойынша апелляциялық сот алқасы материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы шешімді қалпына келтіруді сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өтетіні туралы уақытылы хабарланғандықтан талап қоюшының сот отырысына техникалық байланыс арқылы қатысуға рұқсат беру туралы өтініші қанағаттандырусыз қалдырылады.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, прокурордың қорытындысын тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілген.
Іс құжаттарымен анықталғандай, Түркістан қаласы, СМП-194 көшесі, №18 үй (кейіннен Түркістан қаласы, А.Дибаев көшесі, №18 болып ауысқан) мекенжайындағы тұрғын үй 1994 жылғы 15 ақпандағы №1-230 жер учаскені мерзімсіз пайдалану туралы шарттың негізінде Т.Байметовке табысталған.
1996 жылғы 2 сәуірдегі №2-700 айырбастау келісім шарты негізінде Т.Байметов аталған тұрғын үйді Мұсахан Әбдірайымовқа айырбастау тәртібімен берген.
2016 жылғы 24 маусымында М.Әбдірайымов қайтыс болып, 2023 жылғы 22 мамырында берілген №1176 заң бойынша мұраға құқық туралы куәлікке сәйкес талап қоюшы М.М.Абдураймова мұра қалдырушы М.Әбдірайымовтың мұрагері болып табылатыны куәландырылған.
Талап қоюшы Түркістан қаласының әкіміне өтінішпен жүгініп, Түркістан қаласы, А.Дибаев көшесі, №18 мекенжайдағы (қазіргі таңда Түркістан қаласы, А.Дибаев көшесі, №2 өтпе, №14) жер учаскесіне меншік құқығын беру туралы қаулыны шығарып беруді сұраған.
Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы жер бөлу комиссиясының 2023 жылғы 21 ақпандағы №437 қорытындысына сәйкес М.М.Абдраймоваға Түркістан қаласы, А.Дибаев көшесі, №2 өтпе, №14 мекенжайдағы жер учаскесін жеке меншік құқығымен беруге келісім берілген.
Түркістан қаласы әкімімен 2023 жылғы 27 қыркүйекте қабылданған №KZ87VVX00258986 дәлелді бас тартуға сәйкес талап қоюшыға сұрап отырған 0,1225 га жер теліміне құқық беруден бас тартылған.
Талап қоюшы аталған жер теліміне құқық беруден бас тартумен келіспей, сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот, талап қоюды қанағаттандырып, даулы әкімнің шешімімен талап қоюшының құқықтары бұзылып, оның заңда көзделген мүдделеріне нұқсан келгенін көрсеткен.
Апелляциялық сот алқасы бұл тұжырыммен келіспей, М.М.Абдраймованың меншігіндегі тұрғын үй ауыстыру шарты негізінде оған өткенге дейін Т.М.Байметовке тиесілі болған, соңғының үйі орналасқан жері мемлекетпен оған мерзімсіз пайдалануға берілген, яғни жер учаскесі оның жеке меншігінде болмаған, сондықтан М.Абдраймовке, кейін М.М.Абдраймованың үйінің орналасқан жері, оның жеке меншік құқығында бола алмайды.
Яғни, жердің пайдалану құқығы және жердің жеке меншік құқығы, екеуі екі түрлі, бір-біріне қарама-қайшы келетін ұғым, жердің пайдалану құқығы деген жердің жеке меншік құқығын білдірмейді деп көрсеткен.
Сонымен қатар, талап қоюшы Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 50-бабы 2-тармағында көзделген бір рет тегін берілетін жер учаскесін пайдалану құқығын пайдаланып қойғанын ескерген. Сот алқасы апелляциялық сот алқасының талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымы негізсіз деп санайды.
ӘРПК-нің 154-бабына сай соттың шешімі заңды және негізді болуға тиіс. Соттың шешімі, егер ол заңның барлық талаптарын сақтай отырып және заңның негізінде шығарылса, заңды болып танылады. Егер шешім сотқа ұсынылған дәлелдемелерді сот отырысында жан-жақты және объективті зерттеу негізінде шығарылса, ол негізді болып танылады.
Соттармен анықталғандай, Түркістан қалалық әкімшілігінің 1992 жылғы 29 маусымдағы №162 шешімімен Т.Байметовке мерзімсіз пайдалануға Түркістан қаласы, СМП-194 поселкасынан жалпы ауданы 1 000 шаршы метр жер учаскесі бекітілген жоспар бойынша бес бөлмелі, аумағы 72,40 шаршы метр бір қабатты тұрғын үй мен қосалқы құрылыстарын қам кірпіштен салу үшін берілгені көрсетілген.
Бұл үлгілік шарт Жылжымайтын мүліктерді бағалау және тіркеу бюросының Түркістан қалалық филиалында 1994 жылғы 24 наурызда №36 кіріс нөмірмен тіркелген.
Т.Байметов пен М.Әбдірайымов арасында 1996 жылғы 2 қыркүйекте тұрғын жайларды ауыстыру туралы шарты түзілген.
Сол уақыттан бері талап қоюшының әкесі М.Әбдірайымов даулы жер учаскесін мерзімсіз қолданып келген.
«Жер туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 22 желтоқсандағы Жарлығының 122-бабы 1- тармағына сәйкес осы Жарлық күшіне енгенге дейін жеке қосалқы шаруашылық, бау шаруашылығы, тұрғын үй салу мен оны қамту, саяжай құрылысы үшін жерді өмір бойы мұраға қалдырылып иелену құқығымен жер учаскелері берілген ҚР азаматтары осы Жарлық күшіне енген күннен бастап осы жер учаскелерінің меншік иелері болады. Жарлық талаптары бойынша мұра қалдырушының даулы жер учаскесіне меншік құқығы туындаған, бірақ заң күйінде рәсімделмеген.
Сондықтан мұрагердің заң талабы бойынша мемлекеттен жер учаскесін тегін алуға бір рет қана құқылы және оны қолданып қойғандығы туралы апелляциялық сот алқасының тұжырымы негізсіз болып табылады.
Мұрагер мұра қалдырушының атындағы мүліктердің құжаттарын рәсімдеуге байланысты жауапкерден жер учаскесіне меншік құқығын беру туралы қаулыны шығарып беруді сұраған.
Бұл жағдайда, бірінші сатыдағы сотының талап қоюды қанағаттандыру жайлы тұжырымы заңды және істің мән-жайларына сәйкес келеді.
ӘРПК-нің 14-бабымен әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуына, шектеуіне, тоқтатуына, сондай-ақ оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленбеген талаптарды сақтау мақсатында міндет жүктеуіне тыйым салынған.
Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 1 наурыздағы қаулысының күші жойылсын.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 27 қарашадағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі Г.Б.Сихимовтың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.