ҚАУЛЫ
2024 жылғы 9 қаңтар 6001-23-00-6ап/1768 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Ш.Т. Даниярова болып,
мүдделі тұлға «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) өкілі С[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Ф[...]» ЖШС-нің Алматы қаласы әкімдігіне 19 сәуір 2022 жылғы № 2/115-157 «Жер теліміне уақытша жер пайдалану құқығын беру туралы» қаулысының «К[...]» ЖШС-не жер теліміне уақытша ақылы жер пайдалану құқығын беру туралы бөлігін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылдың 21 желтоқсандағы шешіміне, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысына мүдделі тұлға «Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 желтоқсандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.
2022 жылғы 19 сәуірде №2/115-157 Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, Жұлдыз-1 шағын ауданы, 1/3 жер учаскесі, кеңейту үшін 0,3560 га, төрт жыл он бір ай мерзімге уақытша өтеулі қысқа мерзімді жер пайдалану, аумақты көркейту және көгалдандыру үшін (елді мекен жерлері), кадастр нөмірі №[...], «К[...]» ЖШСне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы берілуін заңсыз деп танылып, осы бөлігінде қаулының күші жойылған.
Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Мүдделі тұлға кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күштерін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Басқа тараптардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Мүдделі тұлғаның өкілінің кассациялық шағыммен келіскен пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Алматы қаласы әкімінің 1993 жылғы 23 мауысымдағы № 258Ц шешімімен Алматы қаласы, Түрксіб (Октябрь) ауданы, Лавренев көшесінің шығысы, Жұлдыз ықшам ауданының солтүстік-батысындағы ауданы 0,340 гектар жер (бұдан әрі - даулы жер) «ФБ[...]» ЖШС-не тұрақты пайдалану құқығына берілген.
2 мамыр 1994 жылы жерді иеленуге және пайдалануға құқық беретін мемлекеттік №АА001033 Акті беріліп, ол белгіленген тәртіпте тіркелген.
Алматы қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 19 сәуірдегі №2/115-157 қаулысымен жоғарыда аталған даулы жер 4 жыл 11 ай мерзімге аумақты көркейту және көгалдандыру үшін «К[...]» ЖШС-не уақытша өтеулі қысқа мерзімді жер пайдалану құқығы берілген.
Талап қоюшы оның пайдалануында болған жер учаскесін «К[...]» ЖШС-не беруді заңсыз деп есептеп, жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандыруы негізді болып табылады.
Даулы жер «ФБ[...]» ЖШС-нің иелігінен шығарылмаған және құқығы тоқтатылмаған.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының «Соттардың жер заңдарын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдесіндегі №6 Нормативтік қаулысының 8-тармағына сай, бір жер учаскесіне екі және одан да көп меншік иелерінің (жер пайдаланушылардың) меншік құқығының туындауы, сондай-ақ аралас жер учаскелерінің шекарасын бұзу туралы дауды шешкен кезде сот Жер кодексінің 43-бабында белгіленген талаптарды назарға алуы керек. Жерді бөліп беру тәртібін сақтау қажет болған жағдайда, тараптардың әрқайсысының жерге құқықтарының туындау негіздерін, сонымен қатар құқық белгілейтін құжаттарын, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу хронологиясын тексеру керек.
Сотта «ФБ[...]» ЖШС-нің жер учаскесіне жер пайдалану құқығы «К[...]» ЖШС-нің құқығынан бұрын тіркелгені анықталған.
Сонымен қатар, даулы жер мен оған салынған құрылыстың «ФБ[...]» ЖШС-нің тиесілі екендігі Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 қаңтардағы қаулысымен бекітілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылдың 21 желтоқсандағы шешімі, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар Ғ. Әлжанов Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.