6001-22-00-6ап/1291(4)
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 12 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б.Дуйсенбаев, судьялар – Н.Ү.Қайыпжан, Б.Т.Нажмиденов болып, талап қоюшы О[...] қатысуымен,
О[...] жеке сот орындаушы (бұдан әрі – ЖСО) Т[...], Қазақстан Республикасы жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасына жауапкердің іс-әрекетін және қаулыларын заңсыз деп тану, күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 сәуірдегі ұйғарымына, шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 мамырдағы қаулысына, жеке ұйғарымына талап қоюшы мен жауапкер өкілі А[...] кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жауапкерге аталған әкімшілік талап қоюмен жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 сәуірдегі шешімімен О[...] талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, ЖСО Т[...] 2021 жылғы 19 қазандағы алимент берешегін анықтау туралы қаулысы өзгертіліп: О[...] 2020 жылдан 2021 жылдың 31 тамызына дейін алимент берешегі 407 920,3 теңгеге өзгертілген.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 мамырдағы қаулысымен бірінші сатылы сотының шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы мен жауапкер өкілі кассациялық шағымдарында іс бойынша шығарылған сот актілерімен келіспейтіндерін көрсетіп, олардың күштерін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа басқа құрамда қайта қарау үшін жолдауды сұраған.
Жауапкерлер істі қараудың уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар бола отырып, кассациялық сатының сот отырысына келмеді.
Аталған тұлғалардың Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының 1-бөлігіне, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 418бабының екінші бөлігіне сәйкес келмеуі істі қарауға кедергі келтірмейді, осыған байланысты сот алқасы істі олардың қатысуысыз қарауды есептейді. Сот алқасы, шағымның уәждерін қолдаған талап қоюшының түсінігін, іс құжаттарын және шағымдардың уәждері мен прокурордың пікірін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, АПК-нің қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша осындай негіздер жоқ.
Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда, Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының 2020 жылғы 22 шілдедегі сот бұйрығымен О[...][...].Атанчаеваның (бұдан әрі – өндіріп алушы) пайдасына 2019 жылы 13 шілдеде туылған О[...] 18 жасқа толғанға дейін ай сайын жалақысынан және өзгеде табысынан 1/4 мөлшерінде алимент өндірілген.
ЖСО-сы 2021 жылы 4 наурызда өндіріп алушының арызы негізінде борышкерден өндіріп алушының пайдасына ай сайын табысының немесе өзге де кірісінің 25 пайыз мөлшерінде алимент өндіру туралы атқарушылық өндірісін қозғаған. 2021 жылғы 12 наурызда борышкерге пошта арқылы хабарлама жолдап, онда оған сот бұйрығымен өндірілген алименті өз еркімен төлеуді ұсынған және сот шешімін орындамаған жағдайда тиісті түрдегі жауапкершілік қарастырылғандығын түсіндіріп көрсеткен. 2021 жылғы 27 наурызда борышкердің сенімді өкілі Ш[...] өтініші бойынша атқарушы құжаттарын берген.
2021 жылғы 30 наурызда берешекті борышкердің жалақысы және өзге табысынан өндіру туралы қаулы қабылдаған.
2021 жылғы 19 шілдеде өндіріп алушының арызы негізінде борышкердің алимент берешегін анықтау туралы қаулы шығарып, онда 2020 жылдың шілде айынан 2021 жылдың қаңтар айы аралығында борышкер жұмыс істегендігі туралы анықтамалар тапсырмағандықтан, О[...] алимент бойынша берешек сомасы орташа айлық жалақы мөлшері негізінде 445 920,3 теңге көлемінде есептеген.
2021 жылғы 27 тамызда бұрын шығарылған қаулыға өзгерістер енгізіп, қаулыда борышкердің 2021 жылы 4 ақпанда өндіріп алушының пайдасына төлеген 20 000 теңгені алимент бойынша қарызынан шегеріп, О[...] берешегін 425 920,3 теңге сомасына қайта есептеп, 2021 жылы 19 шілдедегі қаулының қарар бөлігінде «А[...]» деп қате жазылғанға түзету енгізіп «О[...]» деп көрсеткен. 2021 жылғы 19 қазандағы қаулысымен борышкер О[...] алимент берешегі 427 920,3 теңгеге қайта есептеліп, О[...] ЖСО-ның қызмет ақысы есебіне 85 584,06 теңге өндірілген.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 99-бабы 2, 3-тармақтарына сәйкес алименттер бойынша берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақыт iшiнде борышкер алатын нақты жалақыны (кірісті) негiзге ала отырып, шешiм орындалатын жерде белгiлейдi.
Егер борышкер бұл кезеңде жұмыс icтeмeген немесе оның жалақысын және өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, ай сайынғы төлемдер және (немесе) алимент бойынша берешек оны өндiрiп алу кезiнде Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерi негізге ала отырып айқындалады.
Борышкер О[...] ресми түрде жұмыс істемегеніне және оны сот отырысында жоққа шығармағанына орай соттардың ЖСО-мен берешек сомасын есептеуде орташа айлық жалақы көрсеткіші дұрыс қолданылғандығы туралы қорытындылары істі қарау барысында анықталған мән-жайлар негізінде жасалған. Талап қоюшының өндіріп алушы мен баласы 2020 жылы оның асырауында болғандықтан, ол кезеңге алимент өндірілуге жатпайтындығы жөнінде уәждеріне қатысты соттардың қорытындылары негізді, өйткені О[...] осы уәждерге қатысты нақты дәлелдемелер сотқа ұсынылмаған.
Яғни, соттардың ЖСО-ның 2021 жылғы 19 шілдедегі және 27 тамыздағы қаулыларын заңсыз деп тануға негіз жоқтығы туралы тұжырымдары дұрыс.
Сот алқасы жергілікті соттармен ЖСО-ның қаулысына дұрыс құқықтық баға берілгендігін көрсете отырып, соттардың борышкердің алимент берешегі ЖСО-мен дұрыс есептелмегені жөнінде тұжырымдары мен осы бөліктегі шешімнің уәждерін дұрыс деп санайды.
Сот отырыстарында анықталғандай, ЖСО-мен борышкердің 2021 жылдың ақпан айында өндіріп алушыға төлеген 20 000 теңге төлемі есепке алынбаған.
ӘРПК-нің 129-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасында дәлелдеу ауыртпалығын дау айту жөніндегі талап қою бойынша – ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер көтеретіндігі қарастырылған. Осыған орай, шешімнің О[...] алимент бойынша берешегін 20 000 теңгеге, яғни 427 920,3 теңгеден 407 920,3 теңгеге азайтылуға жататындығы туралы тұжырымы негізді, өйткені жауапкермен оның түзетулер енгізу туралы қаулысы заңды әрі негізді шығарылғандығы дәлелденбеген.
Атап айтқанда ЖСО-сы сотқа мұндай дәлелдемелерді ұсынбаған, ал түзету енгізу туралы қаулы атқару өндірісі соттан кері қайтарылғаннан кейін шығарылып, ол өз кезегінде атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізілмеген.
Осы орайда апелляциялық сот алқасының жеке ұйғарымы заңды әрі негізді болып табылады.
ӘРПК-нің 3-бабы 7-бөлігінің 2) тармақшасында іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтындығы көзделген.
Сол себепті жергілікті соттардың талап қоюдың ЖСО-ның қылмыстық жауапкершілігін шешуді міндеттеу және қызметтен шеттету, мемлекеттік лицензиясын жарамсыз деп тану, күшін жою туралы бөлігіне қатысты тұжырымдары дұрыс әрі негізді, өйткені талап қоюдың осы бөлігі әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.
Сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидаттарына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан, шағымдалған сот актілерінің күштерін жоюға, кассациялық шағымдарды қанағаттандыруға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 сәуірдегі шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 мамырдағы қаулысы мен жеке ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Е[...] мен жауапкер өкілі А[...] кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г. Дүйсенбаев Судьялар Н. Қайыпжан Б. Нажмиденов Көшірмесі дұрыс.
Судья
Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.