6001-20-00-3гп/358
ҚАУЛЫ
2020 жылғы 23 желтоқсан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – сот алқасының төрағасы М.Таймерденов, судьялар Б.Ералиева, Р.Қуанышбаева,
талап қоюшының өкілі Б[...],
жауапкерлер Я[...], Х[...], Ж[...] өкілі – У[...], «Ордабасы ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - ММ) өкілі Б[...] қатысуларымен мобильдік бейнеконференцбайланыс арқылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» ММ-нің (бұдан әрі – Басқарма) жауапкерлер «Ордабасы ауданы әкімдігі» ММ-ге, «Ордабасы ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-ге, Я[...], Х[...], Ж[...], мүдделі тұлға «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Түркістан облысы бойынша филиалының Ордабасы аудандық тіркеу және жер кадастры бөліміне әкімдіктің қаулыларын заңсыз, жер учаскесін жалға беру туралы шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша қабылданған
Түркістан облысы Ордабасы аудандық сотының 2020 жылғы 11 мамырдағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 28 шілдедегі қаулысына Басқарманың басшысы Т[...] келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Басқарма сотқа «Ордабасы ауданы әкімдігі» ММ-ге, «Ордабасы ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-ге, Я[...], Х[...], Ж[...] Ордабасы ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 12 қазандағы қаулыларын заңсыз және 2018 жылғы 22 қазанда жасалған жер учаскесін жалға беру шарттарын жарамсыз деп тану туралы талаппен жүгінген.
Түркістан облысы Ордабасы аудандық сотының 2020 жылғы 11 мамырдағы шешімімен Басқарманың талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 28 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Арызданушы өтінішхатында жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтіндігін, соттардың түйіндері істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, жер қатынастарын реттейтін материалдық заңнаманы қате қолданылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Жауапкерлердің өкілі У[...] өтінішхатқа берген қарсы пікірінде сот актілері заңды және негізді қабылдануына байланысты, оларды күшінде қалдыруды сұрайды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) талап қоюшының өкілінің өтінішхат уәждерін қолдаған түсінігін, жауапкерлер өкілінің қарсы пікірін, іс материалдарын зерттеп және өтінішхат уәждерін зерделеп, сот алқасы келесі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау үшін негiз болып табылады.
Іс материалдарынан анықталғандай, Ордабасы ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 29 тамыздағы № 452 қаулысымен жер учаскелерін жалға беру жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды) ұйымдастыру және өткізу мақсатында конкурстық комиссия (бұдан әрі – конкурстық комиссия) құрылған.
2018 жылғы 27 қыркүйекте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалға беру жөніндегі конкурстың № 1 қорытынды хаттамасы (бұдан әрі - хаттама) бойынша:
лот № 31 Төрткөл аумағынан 4,0 га, суармалы жерге Х[...],
лот № 33 Төрткөл аумағынан 6,5 га, суармалы жерге Я[...],
лот № 34 Төрткөл аумағынан 13,0 га, суармалы жерге Ж[...] жеңімпаздар болып танылған.
Ордабасы ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 12 қазандағы №№ 522, 524, 525 Төрткөл ауылдық округінде орналасқан аудандық арнайы жер қоры есебінен Х[...] 4,0 га, Я[...] 6,5 га, Ж[...] 13,0 га суармалы жерлер шаруа қожалығын жүргізу үшін 10 жылға бөлініп берілген.
Қаулыларды орындау мақсатында 2018 жылғы 22 қазанда жоғарыда аталған тұлғалар мен «Ордабасы ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-і арасында жер учаскелерін жалдау шарттары жасалған.
Жергілікті соттар дау айтылған шешімдерді заңсыз және жалдау шарттарын жарамсыз деп тану туралы талаптарды қанағаттандырудан бас тарта отырып, жер учаскелері жер комиссиясының қабылданған хаттамалық шешімі негізінде берілгендігімен негіздеген.
Сот алқасы бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қорытындыларын негізсіз және қолданыстағы жер заңнамасының талаптарына қайшы деп санайды.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 48-бабы мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiне құқықтарды саудасаттықта (конкурстарда, аукциондарда) алудың тәртібін реттейді.
Оны реттеу ережелері «Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды), оның ішінде электрондық түрде, ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын бекіту туралы» (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 290 бұйрығымен бекітілген.
Ереженің 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес конкурс – саудасаттық объектісін пайдаланудың неғұрлым қолайлы шарттарын ұсынған жеке және заңды тұлғаларға оны сатуға бағытталған сауда-саттықты өткізу нысаны.
Х[...], Я[...] және Ж[...] конкурсқа қатысу барысында ауылшаруашылық өнімдерін өсірумен айналысатындығы, 1 жұмыс орны қамтылатындығы, әрқайсысы 165 000 теңге, 200 000 теңге және 400 000 теңге инвестиция тартатыны және 1 бірлік ауылшаруашылық техникасы бар екені туралы ақпарат ұсынған және сол үшін оларға 5 балл есепке жазылған. Осыған байланысты жауапкерлер № 31, 33 және 34 лоттар бойынша бірауыздан жеңімпаз деп танылған.
Алайда іс материалдарына қарағанда, Х[...] тек конкурсқа қатысу туралы өтінішке қол қойған. Басқа құжаттарға (бизнес-жоспар, өмірбаян және т.б.) қолдары қойылмаған. Бұдан басқа, көрсетілген ауылшаруашылық техникасы оның атына тіркелмеген және көлікті жалға алу шарты жасалмаған.
Я[...] пен Ж[...] да осындай бұзушылықтары бар, яғни соңғылар конкурсқа қатысу туралы өтініштерден басқа құжаттарға қолдары қойылмаған.
Сонымен бірге, Ереженің 65-тармағына сай конкурстық комиссия ұсыныстарды (конкурстық өтінімдерді), олардың толықтығы, есептеулерде қателердің болуы, құжаттарға қойылған барлық қолдардың бар екендігі тұрғысынан, сондай-ақ жалпы алғанда құжаттардың ресімделуінің дұрыстығын зерделейді.
Осылайша, конкурстық комиссия осы лоттар бойынша өтінімдерді формальды қарап, жауапкерлерді жеңімпаз деп таныған, бірақта бұл қатысушылардың өтінімдерін жоғарыда аталған Ережеде белгіленген талаптарға сәйкес келмегендіктен қабылдамауы тиіс еді.
Сот алқасы, Кодекстің 97-бабы 6-тармағының 2) тармақшасы бойынша Қазақстан Республикасының жеке тұлғаларына және шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғаларына шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргізу, орман өсiру, ғылыми-зерттеу, тәжiрибе жүргізу және оқыту мақсаттарында, қосалқы ауыл шаруашылығын, бау-бақша шаруашылығын және мал шаруашылығын жүргiзу үшiн жер пайдалануға берілетінін атап өтеді.
Кодекстің 10-тарауы ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерге қатысты мәселелерді реттейді.
Осы заң нормасына сәйкес, ауылшаруашылық жерлері бұл жердің ең құнды санаты, оған елдің игілігін құрайтын ең жақсы құнарлы жерлер кіретіні көзделген.
Бұл ретте, ерекше қорғалатын жерлерді пайдалануға беру үшін формальды тәсілді қолдануға жол берілмейді.
Сонымен қатар, осы санаттағы жер учаскелерін игеру үшін берілген жер пайдаланушылары болып шаруалар немесе шаруа қожалықтары болуы керек, олардың басшылары заң бойынша жеке кәсіпкерлер болып табылуы тиіс.
Алайда, Х[...] «А[...]» шаруа қожалығы 2019 жылғы 28 наурызда, Я[...] «Е[...]» шаруа қожалығы 2019 жылғы 12 наурызда тіркелген. Ал, Ж[...] жеке кәсіпкер ретінде мүлдем тіркелмеген.
Сот алқасы жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, Басқарманың уәждері назар аударуға лайық деп санайды, осыған байланысты даулы келісімдер жарамсыз деп тануға жатады.
Сондай-ақ, сотта Ордабасы ауданы әкімінің 2018 жылғы 12 сәуірдегі № 522, 524, 525 қаулылары негізінде жалдау шарттары жасалып, мемлекеттік актілер шығарылып, олардың орындалғаны анықталған.
«Соттардың Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі 29-тарауының нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 24 желтоқсандағы № 20 нормативтік қаулысының 11-тармағына сәйкес егер жеке қолданылатын құқықтық акт негізінде азаматтық-құқықтық мәміле жасалса, онда талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен шағымдануға дауланып отырған мәміле жатады.
Бұл ретте әкімдіктің қаулыларын даулау туралы талабы азаматтық іс жүргізу тәртібінде қаралуға жатпайды, сондықтан осы бөлігінде iс бойынша іс жүргізу тоқтатылу керек.
Сот алқасы жоғарыдағылардың негізінде, сот актілерінің күшін жойып, Басқарманың жалдау шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызының қанағаттандыру және әкімдіктің қаулыларын заңсыз деп тану туралы бөлігінде іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы жаңа шешім қабылдануға жатады деп есептейді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысы Ордабасы аудандық сотының 2020 жылғы 11 мамырдағы шешімінің, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 28 шілдедегі қаулысының күші жойылсын.
Азаматтық іс бойынша жаңа шешім шығарылсын.
«Ордабасы ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-мен 2018 жылғы 22 қазанда жасалған Я[...] № 747, Ж[...] № 748, Х[...] № 749 жалға беру туралы шарттары жарамсыз деп танылсын.
Ордабасы ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 12 қазандағы №№ 522, 524, 525 қаулыларын заңсыз деп тану бөлігінде іс бойынша іс жүргізу тоқтатылсын.
«Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» ММ-нің өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
М.Таймерденов
Судьялар
Б.Ералиева
Р.Қуанышбаева
Көшірмесі дұрыс
Судья Р.Қуанышбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.