ҚАУЛЫ
2025 жылғы 30 шілде №6003-25-00-4к/112 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев, судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,
талап қоюшының өкілі Н.А. Кайназаров, мүдделі тұлға А.Ш. Дауренбекованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшының өкілінің Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2024 жылғы 15 қазандағы шешіміне және Шымкент қаласының сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2024 жылғы 19 қарашадағы қаулысына кассациялық шағымы бойынша,
Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны «№10 қалалық емхана» (бұдан әрі – Емхана) мемлекеттік сот орындаушысы Серік Нурлан Серіковичке 2024 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысын заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша талап арызын қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Емхана атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулының күшін жою және оны қайта қозғауының заңсыздығын негіздеп, жоғарыда көрсетілген әкімшілік талап арызымен сотқа жүгінген.
МАӘС-тің 2024 жылғы 15 қазандағы шешімімен, ӘІжСА-ның 2024 жылғы 19 қарашадағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, талап арызды қанағаттандырудан бас тартылды.
Кассациялық шағымда талап қоюшының өкілі материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларының дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, сот актілерін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрады.
Жауапкерден істі оның қатысуынсыз қарау туралы өтініш келіп түсті.
Тараптардың уәждерін тыңдап, кассациялық шағымның дәйектерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, кассациялық сот келесіні анықтады.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес, кассациялық шағымдану тәртібі мен кассациялық инстанциядағы іс жүргізу Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларымен айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қараудың негіздері болып, заңсыз сот актісінің қабылдануына әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларының елеулі бұзылуы табылады.
Мұндай құқық бұзушылықтарға соттармен жол берілмеген.
Іс бойынша анықталған мән-жайлардан белгілі болғандай, бұрынғы сот актілері негізінде А.Ш.Дауренбековаға қатысты қолданылған тәртіптік жазалар жойылып, ол бұрынғы қызметіне қайта тағайындалған.
2024 жылғы 25 шілдеде берілген атқарушылық парақ негізінде сот орындаушы Серік Н.С.-ның 2024 жылғы 31 шілдедегі қаулысымен атқарушылық іс жүргізу қозғалған.
Емхана басшысының 2024 жылғы 2 тамыздағы №550ж/қ бұйрығымен Дауренбекова А.Ш. персоналдар бөлімінің басшысы лауазымына қайта қабылданып, мәжбүрлі түрде жұмыссыз жүрген уақыты үшін өтемақы төлеу белгіленген. 2024 жылғы 5 тамыздағы сот орындаушысының қаулысымен атқарушылық іс жүргізу «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 47-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес, атқарушылық құжаттың талаптары толық орындалуына байланысты тоқтатылған.
2024 жылғы 6 қыркүйекте Шымкент қаласы прокуратурасымен Дауренбекова А.Ш.-ның нақты жұмысқа кіріспегенін негізге ала отырып, Шымкент қаласының Әділет департаментіне сот орындаушысының 2024 жылғы 5 тамыздағы №2-40-24-14111 қаулысын жою қажеттігі туралы нұсқамасы енгізілген.
Шағымданып отырған сот орындаушысының 2024 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысымен 2024 жылғы 5 тамыздағы атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулының күші жойылған. Заңның 105-бабының 2-тармағына сәйкес, жұмысқа қайта қабылдау туралы шешiмнiң орындалуы жұмыс беруші жұмыстан босату немесе ауыстыру туралы өзінің заңсыз актісінің күшін жою туралы акт шығарғаннан кейiн жұмыстан заңсыз босатылған немесе ауыстырылған қызметкер бұрынғы мiндеттерiн атқаруға iс жүзiнде кіріскен сәттен бастап аяқталған болып есептеледi.
«Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 35-бабының 1,2-тармақтарына сәйкес, прокурор атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша жазбаша нұсқама береді. Прокурордың құзыреті шегінде берген нұсқамалары міндетті түрде орындалуға жатады.
Төменгі соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарта отырып, атқарушылық құжаттың талаптарының орындалмаған фактісі анықталғанын және прокуратураның нұсқамасы бар екенін негізге алған. Жауапкер заңсыз жұмыстан босатылған қызметкердің бұрынғы лауазымдық міндеттерін орындауға іс жүзінде кіріскеніне көз жеткізбей, атқарушылық іс жүргізуді тоқтатқан.
Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, төменгі соттардың А.Ш.Дауренбекованың бұрынғы лауазымдық міндеттерін орындауға іс жүзінде кіріспегені, жұмыс орнына жіберілмегені жөніндегі қорытындыларымен келіседі.
Мұндай жағдайларда жоғарыдағы мән-жайлар атқарушылық іс жүргізуді тоқтатуды болдырмайды, мұндай тоқтату мерзімінен бұрын жүзеге асырылған. Сот орындаушысы заңсыз жұмыстан босатылған қызметкердің бұрынғы міндеттерін орындауға іс жүзінде кіріскеніне көз жеткізбей, тиісті тексеру жүргізбеген.
Аталған мән-жайларға прокуратура органдары 2024 жылғы 6 қыркүйекте енгізілген нұсқамада назар аударған, ол 2024 жылғы 5 тамыздағы қаулының күшін жоюға негіз болған.
Көрсетілген прокуратура нұсқамасы жойылмаған, заңсыз деп танылмаған және «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның 35-бабының талаптарына сәйкес, міндетті түрде орындалуға жатады.
Заңның 105-бабының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің әртүрлі мазмұнына қатысты уәждер қабылданбайды, себебі осы баптың нормаларын жалпы түсінуі бойынша, заңсыз жұмыстан босатылған қызметкер өз жұмыс орнына іс жүзінде кірісіп, бұрынғы міндеттерін атқаруға кіріскен сәттен бастап ғана атқарушылық құжаттың орындалуы аяқталған болып есептеледі. А.Ш.Дауренбековаға қатысты бұл талаптар орындалмаған.
Заңның 47-бабының 2-тармағына сілтеме жасай отырып келтірілген уәждер бірінші және апелляциялық саты соттарында қаралмаған және талқылау нысанасы болмағандықтан, кассациялық саты сотымен бағалануға жатпайды.
Кассациялық шағымдағы дәйектер өз мазмұны, мағынасы және мақсаты бойынша бірінші және апелляциялық саты соттарында келтірілген дәйектерге ұқсас. Бұл дәйектер апелляциялық саты сотында қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа дәйектер келтірілмеген.
Іс бойынша төменгі соттар мән-жайларды дұрыс анықтап, материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларын дұрыс қолданған, шағымданып отырған сот актілерін жоюға негіздер жоқ.
Осындай мән-жайларды ескере отырып, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуы тиіс.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ: Осы іс бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 қазандағы шешімін және Шымкент қаласының сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Д. Әбдіғалиев
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.