ҚАУЛЫ
2023 жылғы 7 наурыз 6001-22-00-6ап/2216 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып, жауапкер «Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (КММ) өкілі – У[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкерлер Қызылорда қаласы әкіміне, «Қызылорда облысының мемлекеттік сәулетқұрылыс бақылауы басқармасы» КММ-ге, «Қызылорда облысының құрылысы, сәулет және қала құрылысы басқармасы» КММ-ге, Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» КММ-ге, «Қазақстан Республикасының Төтенше жағдай министрлігінің «Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (РММ) тексеріс жүргізу әрекеттерін жасауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 10 маусымдағы, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 шілдедегі ұйғарымдарына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 10 маусымдағы ұйғарымымен талап қою арызы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген негізбен кері қайтарылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы А[...], кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі қайта қарауға жолдауды сұраған.
«Қазақстан Республикасының Төтенше жағдай министрлігінің «Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаменті» РММ өзінің кассациялық шағымға қарсы пікірінде шағымды қанағаттандырусыз қалдырып, жергілікті соттардың сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Талап қоюшы А[...] және іс бойынша басқа жауапкерлер сотқа келген жоқ, ал олардың өкілдері істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы әкімінің және «Қызылорда облысының құрылысы, сәулет және қала құрылысы басқармасы» КММ-ның сотқа келмеу себебі белгісіз.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Тараптар өкілдерінің сотқа келмеуі туралы уәждерін сот дәлелді деп санамайды.
Бұл жағдайлар, Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес істі сотқа келмеген тараптардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағыммен келіспеген пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
А[...] Қызылорда қаласы, [...] мекенжайындағы кафе «Мельница» объектісінің құрылыс нормативтері мен ережелеріне сәйкестігін анықтау мақсатында комиссиялық түрде тексеру жүргізу туралы талап қойған.
ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 11)тармақшасына сәйкес сот іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Жергілікті соттар талап қоюды қайтаруы негізді болып табылады.
А[...] талап қоюында кафе «Мельница» объектісіне қосымша құрылыстардың заңсыз салынғаны, тиісті арақашықтықтың сақталмағаны, құрылысқа рұқсат алынбағаны, өзінің мүлкіне қауіп төндіріп тұрғаны жөнінде уәждер келтірген.
Талап қоюшы меншік иесі ретінде өзінің бұзылған құқығын заңсыз құрылыстан қорғауды талап етіп отырған жағдайда, оның талабы әкімшілік іс жүргізумен емес, азаматтық іс жүргізу тәртібімен берілуі керек. Мұндай талап жауапкер ретінде даулы объект иесіне қойылады. Осындай азаматтық іс жүргізу шеңберінде талап қоюшының даулы объект бойынша құрылыс нормативтері мен ережелеріне сәйкестігін анықтау мақсатында арнайы мамандарды тарта отырып, сараптама жүргізуді талап етуге құқығы болады. АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 10 маусымдағы, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 шілдедегі ұйғарымдары күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.