ВС РК - Постановление от 26.09.2023 по делу 6001-23-00-6ап/656 (Административное)

№6001-23-00-6ап/656 №6001-23-00-6ап/656 (2) №6001-23-00-6ап/656 (3)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 26 қыркүйек Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Ш.Т.Даниярова,

судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Е.Д.Өмірәлиев,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Ұлы Қабырға» Бұрғылау компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) Қызылорда облыстық прокуратурасына (бұдан әрі – Прокуратура), «Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) 2022 жылғы 13 мамырдағы № 167 бұйрыққа дау айту туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 қыркүйектегі ұйғарымы мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 қаңтардағы ұйғарымына талап қоюшының;

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 қыркүйектегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 қаңтардағы қаулысына жауапкерлер Прокуратура мен Басқарманың келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда Прокуратура 2020-2021 жылғы және 2022 жылдың өткен кезеңдегі қызметінде отандық және шетелдік жұмыскерлер арасындағы теңдікті реттейтін заңнамалардың сақталу жағдайына тексеріс жүргізіп, тексеру нәтижесінде ұсынудың қаралу қорытындысына сай Басқармамен заңсыз бұйрық қабылданғанын көрсеткен.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 қыркүйектегі шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.

Басқарманың 2022 жылғы 13 мамырдағы № 167 санды бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Осы соттың 2022 жылғы 22 қыркүйектегі ұйғарымымен 2022 жылғы 25 наурыздағы тексеріс нәтижесі туралы анықтаманы, Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасына 2022 жылғы 13 сәуірдегі ұсынысты, ұсынысты жасау әрекетті заңсыз деп тану туралы талап қоюдың бөлігі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабының 2-бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес қайтарылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Осы соттың 2023 жылғы 31 қаңтардағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Осы соттың 2023 жылғы 31 қаңтардағы жеке ұйғарымымен осы істі қарау барысында Басқармасы тарапынан орын алған бұзушылықтар жөнінде Қызылорда облысы әкімінің назарына жеткізілген.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы мен апелляциялық сот алқасының ұйғарымының күшін жоюды сұраған.

Жауапкерлердің кассациялық шағымдарында бірінші сатыдағы соттың шешімі мен апелляциялық сот алқасының қаулысының күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Тараптардың істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарау туралы өтінішхаттары қараусыз қалдырылады, өйткені сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын.

Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген.

Іс материалдарын анықталғандай, Прокуратура Серіктестікте 20202021 жылдары және 2022 жылдың қаңтар айында отандық және шетелдік жұмыскерлер арасындағы теңдікті реттейтін заңнамалардың сақталу жағдайына уәкілетті органдардың мамандарын қатыстыру арқылы тексеріс жүргізген.

Тексеріс нәтижесімен Прокуратура 2022 жылғы 25 наурызда анықтама дайындап, уәкілетті органдар тарапына заңдылықты бұзушылықтарды жою жөнінде ұсынулар енгізген.

Прокуратурамен 13 сәуір 2022 жылы №2-10-22-03579 санды ұсыныс дайындалып, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жолданып, шетелдікті рұқсатта көзделмеген жұмысқа тартылған Ю[...] 15 қыркүйек 2021 жылғы № KZ 29VDW00300472 рұқсатын қайтаруға шаралар қодануды; 1 және 2- санаттағы қазақстандық жұмыскерлердің сақталуы тиіс үлесіне кері әсерін тигізген 1,2-санаттағы 4 шетелдік жұмыскерлерге берілген рұқсаттарды кері қайтаруға шаралар қолдануды, Ю[...], Б[...], С[...], Ч[...] және Л[...] біліктілігі атқарып отырған лауазымдарына сәйкестігін анықтауға шаралар қолдануды; шетелдік рұқсатта көзделмеген және Сунь Жуйцзюнь мен Цуй Цзяньфэнді тиісті рұқсатсыз жұмысқа тартқаны үшін алдағы 12 ай бойы Серіктестікке жаңа рұқсат беруді тоқтатуды ұсынған.

Осы Ұсыну негізінде Басқарма 2022 жылғы 13 мамырда № 167 «Шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттың кері қайтарылып тоқтатылғандығы туралы» бұйрық (бұдан әрі – даулы бұйрық) шығарған.

Серіктестік Прокуратураның тексеру анықтамасымен, ұсынуларына және ұсыну беру әрекетімен, Басқарманың даулы бұйрығымен келіспей, сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырып, даулы бұйрық негізделмеген, оны қабылдау үшін тиісті жұмыстар жүргізілмегені туралы тұжырымға келген.

Осыған қоса, талаптың Прокуратура анықтамасы мен ұсынуларына қатысты бөлігі сот ұйғарымымен қайтарылған, себебі анықтама ауыртпалық салатын әкімшілік акт болып табылмайды, ұсыныстар мемлекеттік органдарға тек ұсынымдық сипат ретінде жіберілген және Прокуратураның тексеру жүргізу туралы іс-әрекеті талап қоюшының қандай да бір құқығын шектемейді, құқығын іске асырудан бас тартпайды және міндеттер жүктемейді.

Алайда соттардың талап қоюды қанағаттандыру бойынша тұжырымы негізсіз болып табылады.

ӘРПК-нің 154-бабына сай соттың шешімі заңды және негізді болуға тиіс. Соттың шешімі, егер ол заңның барлық талаптарын сақтай отырып және заңның негізінде шығарылса, заңды болып танылады. Егер шешім сотқа ұсынылған дәлелдемелерді сот отырысында жан-жақты және объективті зерттеу негізінде шығарылса, ол негізді болып танылады.

«Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының (бұдан әрі – Заң) 6 - бабы 1) тармақшасына сәйкес прокуратура органдары жүктелген міндеттер шегінде Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Конституциялық заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес: мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, мекемелер, олардың лауазымды адамдары, меншік нысандарына қарамастан өзге де ұйымдар қызметінің, сондай-ақ олар қабылдайтын актілер мен шешімдердің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады.

Заңның 17-бабы 1 тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының атынан жоғары қадағалау заңдылықтың сақталуын тексеруді, заңдылықтың жай-күйін талдауды, күшіне енген актілерді бағалауды жүргізу арқылы жүзеге асырылады.

Заңның 36-бабы 1,2 тармақтарына сәйкес прокурор өз құзыреті шегінде: заңдылықтың бұзылуын жою туралы; қылмыстық және өзге де құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы; Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де жағдайларда ұсыну енгізеді.

Ұсыну онда көрсетілген заңдылықтың бұзылуын жою жөніндегі шараларды қабылдай отырып, лауазымды адамның немесе органның – күнтізбелік отыз күн ішінде, ал адамның және азаматтың өмірі мен денсаулығы, мемлекеттің қауіпсіздігі үшін орны толмас зардаптың басталуы мүмкін болған жағдайларда прокурор белгілеген мерзімде қарауына жатады.

«Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру» қағидалары мен шарттарының (бұдан әрі - Қағида) 36-тармағында шетелдік жұмыскерді рұқсатта көрсетілген кәсіпке немесе мамандыққа сәйкес келмейтін кәсіп немесе мамандық бойынша тартқан кезде, сондай-ақ жұмыс беруші осы Қағидалардың 16-тармағында белгіленген шарттарды сақтамаған кезде жергілікті атқарушы орган шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған қолданыстағы рұқсатты кері қайтарып алады.

Бұл ретте жергілікті атқарушы орган саны осы Қағидалардың 16тармағында белгіленген пайыздық қатынастан асатын соңғы берілген рұқсаттарды кері қайтарып алады.

Қағиданың 24-тармағының 2, 4) тармақшаларында жұмыс беруші осы Қағидалардың 16-тармағында белгіленген шарттарды сақтамаған, жұмыс берушінің шетелдік жұмыскерлерді рұқсатсыз тарту, сондай-ақ шетелдік жұмыскердің рұқсатта көрсетілген кәсіпке немесе мамандыққа сәйкес келмейтін кәсіпке немесе мамандыққа тартылуы фактісі анықталған жағдайларда шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берілмейтіні және осындай факт анықталған күннен бастап он екі ай бойы жаңа рұқсаттар берілмейтіндігі көрсетілген.

Осыған орай Прокуратураның қадағалау актісімен Басқармаға Қағиданың 24, 36-тармақтарына сәйкес шаралар қолдану ұсынылды. Басқарма прокурордың ұсынуымен келісіп, өзінің әкімшілік қалауы бойынша әрекет ете отырып, даулы бұйрықты қабылдап, анықталған заң бұзушылықтарды жойған.

Сондықтан Басқармамен даулы бұйрықты қабылдау кезінде ӘРПК-нің 5, 6, 20-баптарында көзделген әкімшілік рәсімдердің міндеттері, қағидаттары, ережелері сақталған.

Арызданушының уәждері мен соттардың ұсынуды орындау алдында онда баяндалған фактілерді қосымша тексеру қажет деген тұжырымды сот алқасы дұрыс емес деп санайды. Себебі тексеру уәкілетті орган мамандарының қатысуымен жүргізілгенін, ал анықталған бұзушылықтардың айқын сипаты бар екенін және олардың талап қоюшымен болуын жоққа шығармағанын ескере отырып, сот алқасы даулы бұйрықтың формальды негіздер бойынша негізсіз және заңсыз жойылғаны туралы тұжырымға келеді.

Бұл жағдайда, жергілікті соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуы істің дұрыс шешілмеуіне әкеліп, АПК-нің 427-бабының бірінші бөлігі 3), 4) тармақшаларына сәйкес сот актілерінің күшін жою үшін негіз болып табылады.

Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған бірінші сатыдағы шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулының күшін жойып, талап қоюшының талап қоюы қанағаттандырудан бас тартуға жатады деп санайды.

Сонымен қатар, соттардың даулы анықтама мен ұсынулар, сонымен қатар Прокуратураның ұсыну енгізу іс-әрекеті әкімшілік акт болып табылмайтыны, сол себепті талаптың бұл бөлігі кері қайтарылуы туралы тұжырымы заңды болып табылады.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 қыркүйектегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 қаңтардағы қаулысының күші жойылсын.

Іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.

Талап қоюшы «Ұлы Қабырға» Бұрғылау компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қ[...] облыстық прокуратурасына, «Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесіне 2022 жылғы 13 мамырдағы № 167 бұйрыққа дау айту туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылсын. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 қыркүйектегі ұйғарымы мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 қаңтардағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «Ұлы Қабырға» Бұрғылау компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Жауапкерлер Қызылорда облыстық прокуратураның, «Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымдары қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Ш. Даниярова Ғ. Әлжанов Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.