ҚАУЛЫ
2023 жылғы 5 желтоқсан 6001-23-00-6ап/1197 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Д. Өміралиев болып, талап қоюшының өкілі Т[...],
жауапкер Түпқараған ауданының әкімінің өкілі Т[...], «Түпқараған аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі А[...]
қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «АК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер Түпқараған ауданының әкіміне, «Түпқараған аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесіне берген кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылдың 29 қарашадағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 наурыздағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 29 қарашадағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, күштерін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкерлер өкілдерінің кассациялық шағыммен келіспеген пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Істің мән-жайларына қарағанда 2021 жылғы 12 шілдеде Серіктестікке Маңғыстау облысы, [...] кен орнынан құмқиыршық тас қоспасын өндіруге арналған лицензия берілген.
Серіктестік пайдалы қазбалар орналасқан 71,72 га жер учаскесін «ТАШ[...]» ЖШС-нің иелігінен мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алу жөнінде жергілікті атқарушы органға өтініш берген. Бірақ бұл өтініш қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жауапкерлердің бұл бас тарту әрекетін даулап Серіктестік сотқа жүгінген. Соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқанда мына мәнжайларды негізді басшылыққа алған.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1, 1-1 тармағына сәйкес, жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін. Айрықша жағдайлар деп мемлекет мұқтажын қанағаттандырудың өзге тәсiлінің болмауы түсініледі.
Осы баптың 5-тармағына сәйкес, коммерциялық мақсаттарды және мемлекеттік емес мүдделерді қанағаттандыру мақсаттарын көздейтін кез келген иеліктен шығару не мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру мақсаттарынан туындамайтын және қоғамдық маңызы бар мақсаттарды көздемейтін өзге де иеліктен шығару жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару болып танылмауға тиіс.
Серіктестіктің құм-қиыршық тас қоспасын өндіруі мемлекеттік мүдделерді және қоғамдық маңызы бар мақсаттарды көздейтіндігі дәлелденбеген. Керісінше, бұл қазбалар кәсіпкерлік мақсатта өндіруге алу көзделген. Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылдың 29 қарашадағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «АК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.