ҚАУЛЫ
2026 жылғы 29 мамыр № 6003-26-00-4к/761 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Ә.Ж.Назарова,
судьялар – Г.М.Ыдырысова, Д.Н.Нұрлыбаева болып,
прокурор А.С.Камашевтың, талап қоюшы өкілдері А.А.Балабай, Н.М.Айтмухаметовтың, жауапкердің өкілі О.К.Оразовтың, мүдделі тұлға Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің өкілі А.Г.Ихсанованың қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқамаларды заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 24 қыркүйектегі шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 20 қаңтардағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – Серіктестік) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 24 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 20 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Сот актілерімен келіспей, жауапкер кассациялық шағымында оларды заңсыз деп танып, толық күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұрады.
Кассациялық сатыдағы сот тараптардың, мүдделі тұлғаның түсініктемелерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі–ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және
процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, бірыңғай дистрибьютор серіктестік тарапынан келіп түскен өтінімдердің негізінде медициналық техниканы сатып алу бойынша №№ 479816-1, 479024-1, 481056-1 және 480836-1 тендер өткізілген.
№ 479816-1 тендер тапсырыс беруші - «Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесі өтінімі негізінде лот №4645057-Т1 «Стационарлық цифрлық флюорографиялық рентген аппаратын» сатып алу бойынша өткізілген, жалпы сомасы 62 885 597,40 теңге, яғни бір бірлік үшін 31 442 798,70 теңгені құраған. 2024 жылғы 27 қыркүйектегі қорытынды хаттамаға сәйкес, «Ақтөберентген» АҚ-ы осы лоттың жеңімпазы болып танылған.
№479024-1 тендер тапсырыс беруші - «Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесі өтінімі негізінде лот № 4642913-Т1 «Стационарлық цифрлық флюорографиялық рентген аппаратын» сатып алу бойынша өткізілген, жалпы сомасы 31 442 798,70 теңгені құраған.
2024 жылғы 27 қыркүйектегі қорытынды хаттамаға сәйкес, «СВЕТОКОМ ПЛЮС» ЖШС-гі осы лоттың жеңімпазы болып танылған.
- №481056-1 тендер тапсырыс беруші - «Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесі өтінімі негізінде лот №4648048-Т1 «Стационарлық цифрлық флюорографиялық рентген аппаратын» сатып алу бойынша өткізілген, жалпы сомасы 146 000 000 теңге, яғни бірлігі үшін 36 500 000,00 теңгені құраған.
2024 жылғы 30 қазандағы қорытынды хаттамаға сәйкес, «СВЕТОКОМ ПЛЮС» ЖШС-гі осы лоттың жеңімпазы болып танылған.
- №481056-1 тендер тапсырыс беруші - «Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесі өтінімі негізінде лот No4647693-Т1 «Стационарлық цифрлық флюорографиялық рентген аппараты» сатып алу бойынша өткізілген, жалпы сомасы 42 179 000,00 теңгені құраған.
Лот 4647750-Т1 тапсырыс беруші - «Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесі өтінімі негізінде «Стационарлық цифрлық флюорографиялық рентген аппаратын» сатып алу бойынша өткізілген, жалпы сомасы 36 499 998,00 теңгені құраған.
2024 жылғы 24 қазандағы қорытынды хаттамаға сәйкес, «Ақтөберентген» АҚ-ы жоғарыда көрсетілген лоттар бойынша жеңімпаз болып танылған.
- №480836-1 тендер тапсырыс беруші - «Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесі өтінімі негізінде лот
No4647774-Т1 «Диагностикалық маммографиялық жүйесі» сатып алу бойынша өткізілген, жалпы сомасы 256 000 000,00 теңгені құраған. Аталған тендерге «NIKO PHARM» ЖШС және «Алма-Мед» ЖШС-гі қатысуға өтінім берген.
2024 жылғы 22 қазандағы қорытынды хаттамаға сәйкес, «NIKO PHARM» ЖШС-гі жоғарыда көрсетілген лоттар бойынша жеңімпаз болып танылған.
Осы тендердің қатысушылары «Ақтөберентген» АҚ-ы мен «NIKO PHARM» ЖШС-нің шағымдарының негізінде Департамент тарапынан өткізілген тендерлерге қатысты аудиторлық іс-шаралар өткізілген.
Департаменттің №114, 119, 120 және 121 аудиторлық есеп қорытындылары бойынша өтінім беруші «СВЕТОКОМ ПЛЮС» ЖШС-нің өтінімі тапсырыс берушінің техникалық ерекшелік талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған.
Атап айтқанда, аталған өтінім берушінің өтінімінде рентгендік қорғаныс кабинасы, бейнебақылау камерасы және автоматты қосқыш жоқ.
Бұл Сараптау орталығының аталған қатысушының тіркеу куәлігінен берген мәліметтеріне негізделген.
Сонымен қатар, Департаменттің № 115 аудиторлық есебінің қорытындылары бойынша «Алма-Мед» ЖШС-нің өтінімі тапсырыс берушінің техникалық ерекшелік талаптарына сай емес деп танылған. Аудиторлық іс-шаралар барысында анықталған және № 114, 115, 120 аудиторлық есептерінде көрсетілген бұзушылықтар тендердің қорытындыларына ешбір әсерін тигізбеген.
2025 жылғы 14 қаңтарда Серіктестік аудиторлық есепке жоғары тұрған орган - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің апелляциялық комиссиясына (бұдан әрі - Апелляциялық комиссия) қарсылық келтірген.
Апелляциялық комиссияның 2025 жылғы 2 мамырдағы шешімімен қарсылықтар ішінара қанағаттандырылып, аудиттік есептерден анодтық кернеу мен желі кедергісі бөлігіндегі сәйкессіздіктер алынып тасталды. Ал «NIKO PHARM» ЖШС-нің шағымы бойынша аудиттік есепке қатысты қарсылық қанағаттандырусыз қалдырылды.
Департаментпен 2025 жылғы 23 мамырда № №114, 115, 119, 120 және 121 аудиторлық есеп қорытындылары бойынша Серіктестіктің атына анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген жауапты адамдардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқамалар шығарылған.
Дауланып отырған нұсқаманы заңсыз деп тану кезінде төменгі соттар жауапкердің әрекеттерін ӘРПК-нің 73-бабының талаптарын бұзды деген негізге сүйенді.
Кассациялық сот соттардың бұл қорытындыларын төмендегідей негіздер бойынша негізсіз деп санайды.
ӘРПК-нің 1-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік рәсімдерді жүзеге асырудың ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді. ӘРПК Қазақстан Республикасының заңдарымен реттелмеген бөлігінде әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттейді.
Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидалардың 99, 101, 104-тармақтарына сәйкес аудиторлық есеп 2 (екі) данада жасалады және мемлекеттік аудит объектісінің басшысына немесе оны алмастыратын тұлғаға танысу үшін ұсынылады, аудиторлық іс-шараны жүргізу мерзімі 15 (он бес) жұмыс күнінен асқан жағдайда, мемлекеттік аудит объектісіндегі аудиторлық іс-шара аяқталатын күнге дейін 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады.
Аудиторлық іс-шараның нәтижелерімен келіспеген жағдайда аудиторлық есеп мемлекеттік аудит объектісінің басшылығы тарапынан қарсылықтардың бар екендігі туралы ескертпе жазыла отырып қол қойылады.
Мемлекеттік аудит объектісі қол қойылған аудиторлық есеп ұсынылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде аудиторлық есепке қарсылықты уәкілетті орган жанындағы Апелляциялық комиссияға жолдайды.
Аудиторлық есепке келіп түскен қарсылықтар, сондай-ақ мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының және (немесе) оның лауазымды тұлғаларының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) берілген шағымдар және оларға берілген дәлелді жауаптар міндетті түрде аудиторлық іс-шара материалдарына тіркеледі.
Аудиторлық есепке қарсылықтарды қарау тәртібі «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 11-1тарауында көзделген.
Аудиторлық есепке қол қойылғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде аудиторлық іс-шараны жүргізуге жауапты тұлға ішкі мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша аудиторлық қорытындыны қалыптастырады. Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларының, сондай-ақ оларды іске асыру үшін қабылданған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің актілерінің бұзушылықтары анықталған жағдайда мемлекеттік аудитор анықталған бұзушылықтарды жою және оларды жіберген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама қалыптастырады (Қағидалардың 107-тармағы). Қағидалардың 108-тармағына сәйкес аудиторлық қорытынды мен нұсқама аудиторлық қорытынды бекітілгеннен кейін 1 (бір) жұмыс күні ішінде мемлекеттік аудит объектісіне, мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және лауазымды тұлғаларға жолданады.
Іс материалдарынан көрініп тұрғандай, 2024 жылғы 6 желтоқсандағы № 119 аудиторлық есеп мемлекеттік аудит объектісінің басшысына табыс етіліп, оған қол қойылған.
Осылайша, Департамент Серіктестікке аудиторлық қорытынды және түпкілікті әкімшілік акт – нұсқама қабылданғанға дейін анықталған бұзушылықтар бойынша өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік берген, атап айтқанда анықталған бұзушылықтарды теріске шығаратын немесе нақтылайтын өз қарсылықтарын, дәлелдерін және құжаттарын ұсынуға мүмкіндік жасаған, бұл ӘРПК-нің 73-бабында көзделген тыңдалу рәсіміне сәйкес келеді.
Осыған байланысты жауапкердің осы бөліктегі уәждері назар аударуға тұрарлық, өйткені бұл жағдайда жеке тыңдау рәсімін өткізу талап етілмейді.
Нұсқаманың күшін жоя отырып, төмен тұрған соттар оның мәні бойынша заңдылығы мен негізділігіне зерттеу жүргізбей және бағалау бермей, тек рәсімдік бұзушылықтарға ғана сүйенген.
Осындай жағдайларда, нұсқаманың заңдылығы соттар тарапынан мәні бойынша тексерілмегенін ескере отырып, кассациялық сот әкімшілік істі жаңадан қарау үшін апелляциялық сатыдағы сотқа жіберу қажет деп санайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 3) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 20 қаңтардың қаулысы күші жойылсын.
Әкімшілік іс апелляциялық сатыдағы сотқа өзге құрамда жаңадан қарауға жіберілсін.
Жауапкердің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Ә.Назарова
Судьялар Г.Ыдырысова
Д.Нұрлыбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.