ҚАУЛЫ
2026 жылғы 11 наурыз №6003-25-00-4к/2242 (2) Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә.Әбдіғалиев,
судьялар – М.К.Қасымов, Г.М.Ыдырысова,
талап қоюшының өкілдері А.Н. Нұрлыкаримнің және М.С. Кумарбектің қатысуымен,
талап қоюшы «Электро-Лидер» ЖШС-ның Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешіміне және Астана қаласы әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысына кассациялық шағымы бойынша келіп түскен,
«Электро-Лидер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС) «Самрук-Қазына Контракт» ЖШС-ға жосықсыз әлеуетті өнім берушілер тізбесінен алып тастау туралы талап қоюы бойынша әкімшілік істі ашық сот отырысында қарап,
АНЫҚТАДЫ:
«Электро-Лидер» ЖШС жоғарыда аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінді.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешімімен және Астана қаласы әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысымен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылды.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерінің күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім шығаруды сұрады.
Жауапкер сот отырысына қатыспады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысушы адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшының өкілдерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерін талқылап, істің материалдарын зерттегеннен кейін кассациялық сот мынадай түйінге келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық тәртіппен шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Мұндай бұзушылықтарға соттар жол бермеген. Істің материалдарынан мынадай мән-жайлар анықталды:
«Электро-Лидер» ЖШС электр станциялары мен ұқсас объектілерді жөндеу және реконструкциялау саласында қызметті жүзеге асырады.
Бағаны төмендете отырып ашық тендер тәсілімен өткізілген сатып алу қорытындысы бойынша талап қоюшы «Электр станциялары мен ұқсас объектілерді жөндеу (реконструкциялау) жұмыстары» лоты бойынша жалғыз қатысушы және жеңімпаз деп танылған.
2024 жылғы 23 желтоқсанда тапсырыс беруші талап қоюшыға веб-портал арқылы сатып алу шартын қол қоюға жолдады. Шартқа қол қоюдың шекті мерзімі – 2024 жылғы 30 желтоқсан.
Белгіленген мерзімде «Электро-Лидер» ЖШС шартқа қол қоймаған. Мерзімді өткізіп алу себебін негіздеу кезінде талап қоюшы «Электро-Лидер» ЖШС-ның директоры 2024 жылғы 27 желтоқсан - 2025 жылғы 3 қаңтар аралығында ауырғанын, ал директордың ЭЦҚ-ны пайдаланып жүйеге кіріп жүрген Серіктестіктің бухгалтері шартқа директордың атынан қол қоюға өкілеттігі болмағанын көрсетті.
2024 жылғы 31 желтоқсанда «Самрук-Қазына Контракт» ЖШС Сатып алуды жүзеге асыру тәртібінің 3-тармағының негізінде талап қоюшыны автоматты түрде Қордың жосықсыз әлеуетті өнім берушілер тізбесіне (бұдан әрі – Тізбе) 24 ай мерзімге енгізген.
2025 жылғы 8 қаңтарда талап қоюшы Қордың келісу комиссиясына Тізбен мерзімнен бұрын алып тастау жөнінде өтініш берген. Келісу комиссиясының 2025 жылғы 15 қаңтардағы шешімімен мерзімнен бұрын алып тастаудан бас тартылған.
Төменгі сатыдағы соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімді қабылдай отырып, жауапкердің заңды әрекет еткені, тізбеден алып тастауға негіздердің жоқтығы жөнінде түйін жасаған.
Арыз беруші сот актілерімен келіспей кассациялық шағымында директордың ауырғаны шартқа қол қою мерзімін өткізіп алудың дәлелді себебі болып табылатынын; талап қоюшының шарт жасасудан жалтару ниеті болмағанын; бухгалтерде директордың атынан шартқа қол қоюға өкілеттіктің болмағанын; тапсырыс берушіге нақты материалдық залал келтірілмегенін көрсеткен. Алғашқы бұзушылық кезінде және тапсырыс берушіге теріс салдарлар болмаған жағдайда 24 айға Тізбеге енгізу ӘРПК-нің 10-бабына қайшы келетін мөлшерлес шара болып табылмайтынын көрсетті.
Кассациялық сот шағымның дәлелдерімен мына негіздер бойынша келіспейді.
«Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 1- тармағына сәйкес сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі электрондық сатып алу ақпараттық жүйесінде қалыптастырылады. Қордың және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестері) елу және одан көп пайыз мөлшері тікелей немесе жанама түрде меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен Қорға тиесілі заңды тұлғалардың сатып алуды жүзеге асыру тәртібінің (бұдан әрі - Тәртіп) 26-бабының 3-тармағында сатып алу шартына қол қоюдан жалтару (бас тарту) жағдайында шартқа қол қоюға белгіленген мерзім өткеннен кейін әлеуетті өнім беруші автоматты түрде Тізбеге енгізілетіні белгіленген.
Осылайша шартқа қол қоюдың белгіленген мерзімін өткізіп алу орын алған және талап қоюшы оған шағым жасамайды.
Шағымдағы директордың 2024 жылғы 27 желтоқсан-2025 жылғы 3 қаңтар аралығында ауырғаны шартқа қол қоюға объективті кедергі болды деген дәлелді төменгі сатыдағы соттар негізді түрде қабылдамады.
Істің материалдарымен анықталды: ТОО өкілдері 2024 жылғы 24 желтоқсан - 2025 жылғы 3 қаңтар аралығында zakup.sk.kz веб-порталына барлығы бес рет: 24 желтоқсанда, 27 желтоқсанда, 28 желтоқсанда (екі рет) және 30 желтоқсанда (үш рет) кірді. Бұл мән-жай бүкіл белгіленген мерзім ішінде ЖШС-да порталға қолжетімділік және заңды маңызы бар әрекеттер жасау мүмкіндігі болғанын көрсетеді.
Сонымен қатар директордың ауру фактісі шартқа қол қоюға кедергі болып табылмайды, өйткені талап қоюшының: басқа қызметкерге сенімхат ресімдеу; бухгалтерге немесе басқа уәкілетті тұлғаға тиісті тапсырма беру мүмкіндігі болды, бірақ бұл жасалмады.
Сатып алу жүргізу тәртібінде басшының ауруы әлеуетті өнім берушіні шартқа қол қою мерзімін өткізіп алу салдарынан босататын негіз ретінде көзделмеген. Тізбеге енгізу өнім берушінің жол берілген бұзушылыққа субъективті қатынасына қарамастан автоматты түрде жүзеге асырылады.
Шағымдағы бухгалтердің директордың ЭЦҚ-мен жүйеге кіргенімен, директордың атынан шартқа қол қоюға өкілеттігі болмады деген дәлел Тізбеге енгізуді заңсыз тануға негіз болмайды.
Арыз беруші тапсырыс берушіге нақты материалдық залал келтірілмеген, ол жаңа сатып алуды жариялай алады деп санайды. Бірақ осы дәлел істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейді. Соттар тендердің жалғыз жеңімпазы шартқа қол қоймағанын; екінші жеңімпаздың болмағанын; электр станцияларын жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жоспарланған мерзімде орындалмағанын анықтады. Тапсырыс беруші жаңа сатып алу рәсімін бастауға мәжбүр болды, бұл қосымша әкімшілік шығындарға әкеп соқтырды. Мөлшерлес қағидатының бұзылғаны туралы дәлел де қабылданбайды. ӘРПК-нің 10-бабында органның әкімшілік қалауына қатысты мөлшерлес талабы белгіленген. Алайда Тізбеге Тәртіптің 26-бабы 3-тармағына сәйкес енгізу оператордың дискрециялық өкілеттігін жүзеге асыру нәтижесінде емес, нормативтік актіде белгіленген тікелей автоматты тетік арқылы жүзеге асырылады. Оператор шартқа қол қою мерзімі өткеннен кейін осы әрекетті жасамау мүмкіндігінен айырылған. Демек, осы жағдайда Оператордың әрекеттеріне қатысты әкімшілік қалау бөлігінде мөлшерлес қағидаты қолданылмайды.
Жекелеген шаруашылық жүргізуші субъект үшін салдардың ауырлығы заңды әкімшілік әрекетті заңсыз деп тануға негіз бола алмайды.
Осылайша бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істің нақты мәнжайларын дұрыс анықтаған, ұсынылған дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға берген, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданған.
Жауапкердің талап қоюшыны Тізбеге автоматты түрде енгізу әрекеті Тәртіптің 26-бабы 3-тармағы талаптарына сәйкес жүзеге асырылған. Жауапкердің әрекеттерінде заңдылық, әділдік және мөлшерлес қағидаттарының бұзылғаны анықталмады.
Кассациялық шағымның дәлелдері төменгі сатыдағы соттар зерттеген мән-жайларды қайта бағалауға бағытталған және тексеру нысанасы болмаған жаңа дәлелдерді қамтымайды. Шағым жасалған сот актілерінің күшін жоюға немесе оларды өзгертуге негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешімі мен Астана қаласы әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
«Электро-Лидер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Д. Әбдігалиев,
Судьялар М. Қасымов,
Г. Ыдырысова
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.