6кп-17-19 көшірме
Қ А У Л Ы
2019 жылғы 30 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья А.Қыдырбаева,
судьялар Н.Жолдасбеков, Б.Шермұхаметов,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының аға прокуроры Т[...] қатысуымен,
кассациялық тәртіпте ашық сот отырысында Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2018 жылғы 1 қарашадағы және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 29 қарашадағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы ұсынуымен келіп түскен
С[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 590-бабының 4-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2018 жылғы 1 қарашадағы қаулысымен С[...] Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 590-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған жиырма айлық есептік көрсеткіш, яғни 48 100 теңге мөлшерінде айыппұл салу жазасы тағайындалған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 29 қарашадағы қаулысымен аталған сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы ұсынуда соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды ұсынады. Ұсынудың уәждерін зерделеп, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қаулыларының күшін жойып, істі қайта қарауға жолдау туралы прокурордың қорытындысын тыңдап, мамандандырылған сот алқасы келесі тұжырымға келді.
Іс материалдарына сәйкес, 2018 жылғы 13 қыркүйекте С[...] басқаруындағы автокөлік құралының қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алған. Нәтижесінде 2018 жылғы 11 қазанда С[...] қатысты ӘҚБтК-нің 612-бабының 1-бөлігі бойынша құжатсыз көлік құралын жүргізгені үшін және ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігі бойынша көрінеу жалған белгілері бар көлік құралын жүргізгені үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар ресімделген.
ӘҚБтК-нің 612-бабының 1-бөлігі бойынша шығарылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулы ӘҚБтК-нің 741-бабының 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес тоқтатылған.
Жергілікті соттардың С[...] ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі екендігі туралы тұжырымы полиция қызметкерінің баянатына ғана негізделген. Алайда, іс құжаттарында С[...] басқаруындағы көлік құралының нөмірлік белгілерінің түпнұсқалығын немесе қолдан жасалғанын растайтын дәлелдер анықталмаған.
Демек, істі қарау барысында соттар кінәсіздік презумпциясы мен дәлелдеу процедурасының бұзылуына жол берген.
ӘҚБтК-нің 765-бабының 1 және 2-бөліктеріне сәйкес судьяның немесе органның (лауазымды адамның) әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының барлық белгілері бар іс-әрекеттің болғанын немесе болмағанын анықтауына негіз болатын заңды түрде алынған нақты деректер-дәлелдемелер болып табылады. Нақты деректер сарапшының, маманның қорытындыларымен және айғақтарымен анықталады. Егер ұсынылған дәлелдемелер жеткiлiксiз болса, iстi қарап жатқан сот не орган процеске қатысушыларға қосымша дәлелдемелер ұсынуды не оларды өз бастамашылығымен жинауды ұсынуы мүмкiн.
ӘҚБтК-нің 772-бабының 1-бөлігіне сәйкес іс үшiн маңызы бар мәнжайлар сарапшының арнаулы ғылыми бiлiмі негiзiнде жүргiзетiн iс материалдарын зерттеуi нәтижесiнде алынуы мүмкiн болған кезде, жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) сараптаманы тағайындайды. ӘҚБтК-тің 819-бабының 1-бөлігіне сәйкес судья, әкімшілік істі қарау кезінде құқық бұзушылықтың жасалғанын-жасалмағанын, тұлғаның кінәлілігін-кінәсіздігін, жауаптылыққа жататынын-жатпайтынын, сондай-ақ істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар басқа да мән-жайларды анықтауға міндетті. Мұндай жағдайда жергілікті соттардың қабылданған қаулылары Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінде көзделген кассациялық тәртіппен қайта қарауға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады.
Қайта қарау барысында бірінші сатыдағы сот жоғарыда аталған барлық мән-жайларға тиісті құқықтық баға бере отырып, заңды шешім қабылдауы қажет.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып, мамандандырылған сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 4-бөлігі бойынша С[...] қатысты қабылданған Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2018 жылғы 1 қарашадағы және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 29 қарашадағы қаулыларының күші жойылып, іс бірінші сатыдағы сотқа өзге құрамда қайта қарау үшін жолдансын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А. Қыдырбаева
Судьялар Н. Жолдасбеков Б. Шермұхаметов
Көшірмесі дұрыс. Н. Жолдасбеков
Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.