ҚАУЛЫ № 4к/152
31 шілде 2025 жыл Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында:
төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев,
судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып, жауапкердің өкілі М.Б. Бексейттің тікелей қатысуымен,
ашық сот мәжілісінде Асылхан Туреханович Тогузбаевтың (әрі қарайталап қоюшы) Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің «44859 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай - жауапкер) 2014 жылдың 11 тамызы мен 2018 жылдың 01 қаңтарына дейінгі аралықта тұрғын үйге мұқтаждық кезеңі үшін төленетін өтемақыны қайта есептеп, тұрғын үй төлемдерін төлеуді міндеттеу туралы талап қою арызы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,
Түркістан облысы Арыс аудандық сотының 24 мамыр 2024 жылғы шешіміне, Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 31 қазан 2024 жылғы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегені
Талап қоюшы бірінші сатыдағы сотқа талап арыз түсіріп, онда жауапкерге қарсы жоғарыдағы талаптармен жүгінген.
Түркістан облысы Арыс аудандық сотының 24 мамыр 2024 жылғы шешімімен және оны өзгеріссіз қалдырған Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 31 қазан 2024 жылғы қаулысымен аталған талап қою толығымен қанағаттандырылусыз қалдырылған.
Төменгі сатыдағы соттардың шешімдерімен келіспеген талап қоюшы, өзінің снімхат бойынша өкілі арқылы кассациялық шағым түсіріп, онда қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Оның ойынша, соттардың тұжырымы істің нақты мән-жайына сәйкес келмейді, ол әскери қызметін өтеу барысында қызметтік пәтермен қамтамасыз етілмеген және де заңға енгізілген соңғы өзгеріс бойынша тұрғын үй төлемдерін алу үшін «тұрғын үйге мұқтаж» деп танылу қажеттігі міндетті емес, еңбек еткен 2005-2023 жылдар аралығына қызмет атқару кезеңін (2014-2018 жылдар аралығын) қайта есептеп, тиісті мөлшерде тұрғын үй төлемін жүргізу қажет.
Іс бойынша кассациялық шағым берген талап қоюшы сот мәжілісіне белгілі бір жағдаймен қатыса алмайтындығы туралы жазбаша хабарлады, мұндай жағдайда сот істі кассатордың қатысуынсыз қарауға мүмкіндік бар деп санайды және бұл тұжырым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай – ӘРПК) 115 бабының бірінші бөлігіне қайшы келмейді. Істі қарауға қатысқан жауапкердің өкілінің пікірін тыңдап, даудың мәнжайын зерттеп, шағымның уәждерін тексеріп, сот төмендегі тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Аталған мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.
ӘРПК 5 бабының 2 бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Бұл міндетті төменгі сатыдағы соттар қамтамасыз еткен.
Туындаған дауды қарау барысында, ол осы дауға қатысты Қазақстан Республикасында қолданысқа ие материалдық және процестік құқық нормаларының талаптарын басшылыққа ала отырып, тараптардың әрекеттерін заң шеңберінде бағалаған.
Сотта анықталғанындай, талап қоюшы 2005-2023 жылдар аралығында жауапкердің қармағында әскери қызмет атқарған, оның 2023 жылғы 30 мамырдағы біржолғы тұрғын үй төлемдерін тағайындауды сұраған баянатына байланысты, сол жылдың 13 маусымында, арнайы есеппен тұрғын үй төлемдерін жүргізу туралы №296 бұйрық шығарылған, сөйтіп тұрғын үй қорынан қызметтік пәтермен қамтамасыз ету бойынша барлығы 2 446 200 теңге көлемінде бір жолғы тұрғын үй төлемі берілген. Төменгі соттардың анықтауы бойынша, талап қоюшы мен оның жұбайы (А.Б.Салыкбаева) арасындағы ортақ неке кезінде, Түркістан облысының Арыс қаласында меншігінде бірнеше тұрғын үй болған, кейіннен 2014 жылы оларды талап қоюшы өз атынан сыйға тартып, меншігінен шығарған, сөйтіп, иелену құқығын тоқтатқан. Аталған жағдай талап қоюшынының әскери қызметші ретінде тұрғынжайға мұқтаж болмағанын растайды.
Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (одан әрі – Заң) осы құқықтық қарым-қатынас пайда болған кезеңде күшінде болған 101-3-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, арнаулы мемлекеттік органдардың, ішкі істер органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлерін және (немесе) әскери қызметшілерді, егер олар не олардың зайыбы (жұбайы), зайыбының (жұбайының) некеге тұрғанға дейін тұрғынжайы болған жағдайды қоспағанда, өздері қызмет өткеріп жүрген елді мекенде тұруға жарамды тұрғынжайды соңғы бес жыл ішінде иеліктен шығаруды жүргізсе, тұрғынжайға мұқтаж деп танудан бас тартылады. Бұл жағдайда тұрғынжайда елу пайыздан кем үлестің иеліктен шығарылуы есепкеалынбайды.
Тағы бір ескеретін жәйт, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі тарапынан талап қоюшы тарапына 11 қаңтар 2024 жылы берген №ЖТ-2024-02833131 жазбаша жауабынан туындайтыны, Заңның 101-2 бабының 5 тармағы бойынша (30.06.2025 жылғы Заңмен жойылған), әскери қызметшілер әрбір қызмет өткеру орны бойынша меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрған кезеңдері шегеріле отырып, қарулы күштерге басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға қызметке кірген күннен бастап 01 қаңтар 2018 жылға дейін ғана тұрғын үй төлемдерін ала алады, сол себепті жауапкер тарапынан заңдылықтың бұзылуына немесе талап қоюшының құқығын шектеуге жол берілмеген.
Қаралып отырған жағдайда, төменгі сатыдағы соттар өздерінің осы іспен шығарған шешімінде, талап қоюшы мен жауапкердің кейбір уәждеріне қатысты лайықты құқықтық баға бере білген және ол бағамен кассациялық сот та келіседі, сондықтан олар туралы қазіргі қаулыда қайталап көрсетудің қажеттілігі жоқ.
Іс бойынша шығарылған шешімдер ӘРПК-нің 155-бабының талаптарына сәйкес келеді, олар нақты мән-жайлар мен әділеттілік принципіне сүйене отырып қабылданған.
Жоғарыда айтылған мән-жайларды ескере отырып, кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімі мен қаулысын заңды және негізді деп тауып, оларды бұзуға немесе өзгертуге ешбір дәлелдемелер анықталмады деп санайды.
Кассациялық шағымның уәждері бұрында төменгі соттардың зертеуінен өтіп, тиісті құқықтық бағаға ие болған. Қандай да бір жаңа, әрі заңды уәждер кассациялық шағым иесінен қазіргі кезде кассациялық сотқа ұсынылмады.
Осы себепті, іс бойынша шығарылған сот актілері өзгеріссіз, ал талап қоюшының кассациялық шағымы - қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысы, Арыс аудандық сотының 24 мамыр 2024 жылғы шешімі, Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 31 қазан 2024 жылғы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е.М. Нұралиев
Судьялар
Л.С. Кудекова
Ш.С. Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.