ВС РК - Постановление от 04.03.2024 по делу 6001-23-00-6ап/537 (Административное)

6001-23-00-6ап/537

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 4 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот

алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дүйсенбаев,

судьялар Г.К.Нұрбаев, Е.Д.Умралиев болып,

жауапкер өкілдері С[...], М[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы «Б[...]» шаруа қожалығының жауапкер «Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылық басқарамасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне субсидия төлеп беру өтінішті қабылдаудан бас тарту іс-әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша,

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 23 тамыздағы шешіміне және Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысына жауапкердің берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 23 тамыздағы шешімімен әкімшілік талап толығымен қанағаттандырылған.

Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Талап қоюшы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

15 қыркүйек 2021 жылы «Б[...]» шаруа қожалығы қой шаруашылығын асылдандыру мақсатында мемлекеттік субсидия алуға тиісті портал арқылы өтініш жолдаған.

Аталған өтініш қаржы жетіспеушілігіне байланысты күту парағына тіркелген. 2022 жылға бөлінген бюджет есебінен күту парағында тұрған өтінімдер бойынша субсидияларды төлеу туралы шешім қабылданып, наурыз айынан бастап тауар өндірушілерге субсидия төлене бастаған.

Алайда, 13 сәуір 2022 жылғы №[...] субсидиялар алуға берілген өтінімді қарау нәтижелері туралы жауапкердің хабарламасына сай, «Б[...]» шаруа қожалығының субсидия алуға берілген өтінімі «есептік нөмірі графасында деректер толтырылмаған» деген себеппен қайтарылған.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 15 наурыз 2019 жылғы №108 бұйрығымен бекітілген Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларының (бұдан әрі – субсидиялау қағидалары) 16тармағына сай, жергілікті атқарушы органның (көрсетілетін қызметті берушінің) жауапты орындаушысы өтінімді тіркеген сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде өтінімді осы қағидаларға 3-қосымшада көрсетілген деректердің толықтығына тексеруді жүзеге асырады, сондай-ақ, субсидия алуға берілген өтінімді қарау нәтижелері туралы хабарламаны не мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы уәжді жауапты жолдайды.

Субсидиялау қағидаларының 21-тармағына сәйкес, субсидиялар беруден бас тарту тауар өндірушінің субсидия алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігінің анықталуы; тауар өндірушінің және (немесе) субсидия алу үшін қажетті деректер мен мәліметтердің осы қағидаларда белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келмеуі негіздері бойынша жүзеге асырылады.

Ал аталған қағиданың 2-қосымшасының 2-бөлігінің 3) тармақшасына сай, субсидиялар алуға үміткер тауар өндірушілерге қойылатын өлшемшарттар: төлдің тууы 65%-дан кем емес, оны САТЖАҚ-да тіркеу және анасына бекіту (өтінім берілген сәтке дейін 12 айдан кем уақты ішінде САТЖАҚ-да мал басыналғаш рет тіркеген тауар өндірушілерді қоспағанда). Шаруашылықтың есепке алу нөмірі – бар болса деп көрсетілген.

Сот алқасы, жергілікті соттардың жауапкер талап қоюшының субсидия алуға берген өтінімін есептік нөмірі графасы толтырылмаған деген формальды себеппен қайтарған деген тұжырымымен толық келіседі.

Сонымен қатар, талап қоюшы өтінімін 2021 жылдың қыркүйек айында жолданған, алайда уәкілетті орган қаржы жетіспеушілігіне байланысты, оны резервке енгізіп, тек 2022 жылы ғана қарап, негізссіз қайтарған. Осы кемшіліктерді талап қоюшыға 2021 жылы өтінім берген кезде көрсеткен жағдайда, шаруа қожалығы оларды жойып, өтінімді қағидаларда белгілеген мерзімде қайта тапсырар еді.

Осының негізінде төмеңгі сатыдағы соттар әділеттілік өлшемшарттарын басшылықа алып, әкімшілік талапты қанағаттандыру жайлы негіздемелерін толық көрсеткен.

АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 23 тамыздағы шешімі және Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысы өзгеріссіз, жауапкер «Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылық басқарамасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Дүйсенбаев Г.Б.

Нұрбаев Г.К. Умралиев Е.Д.

Судьялар

Көшірмесі дұрыс Судья

Нұрбаев Г.К.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.