№6003-25-00-2к/4013
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 2 ақпан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарованың, судьялар А.К.Есдаулетовтың, Н.Б.Ормахановтың, талап қоюшы Е[...], оның өкілі К[...], жауапкер өкілі Т[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Е[...] жауапкер «Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесіне бұйрықтарды заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы бойынша Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы Е[...] сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 2 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, «Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) 2024 жылғы 27 желтоқсандағы №260-ЖҚ бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған, Басқарманың 2025 жылғы 7 ақпандағы №20-ЖҚ бұйрығына қатысты талап қанағаттандырудан бас тартылған.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертіліп, талап қоюды толық көлемде қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы апелляциялық сот тәртіптік жаза қолдану мерзімдерінің сақталуына және өзінің «Көмек-112» ақпараттық жүйесіне өзгерістер енгізуге кінәлігіне қатысты мән-жайларды дұрыс бағаламағанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімін өзгертіп, Басқарманың 2025 жылғы 7 ақпандағы №20-ЖҚ бұйрығына қатысты талап қоюын қанағаттандырып, апелляциялық қаулының күшін жоюды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Е[...] 2021 жылғы 12 тамыздан бастап «Атырау облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның (бұдан әрі - Кәсіпорын) директоры болып қызмет атқарған. Басқарманың 2024 жылғы 27 желтоқсандағы №260-ЖҚ бұйрығымен талап қоюшы қызметтік тексеру нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктер үшін «сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаға тартылған.
Қызметтік тексеру комиссиясының 2024 жылғы 26 қарашадағы анықтамасында медициналық қызметке лицензияның және санитариялықэпидемиологиялық рұқсат құжаттарының болмауы, жедел медициналық көмек көрсету қағидаларының сақталмауы сияқты бұзушылықтар көрсетілген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – ЕК) 66-бабының 1-тармағына сәйкес тәртіптік жаза жұмыскерге тәртіптік теріс қылық анықталған кезде тікелей, бірақ ол анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады.
Апелляциялық сатыдағы сот тәртіптік теріс қылық анықталған күн ретінде 2024 жылғы 26 қарашадағы қызметтік тексеру комиссиясының анықтамасы жасалған күнді негізді түрде қабылдаған. Себебі, 2024 жылғы 23-24 желтоқсанда талап қоюшы іссапарда болғаны анықталған. ЕК-нің 66-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес жұмыскердің іссапарда болуы тәртіптік жаза қолдану мерзімінің өтуін тоқтата тұрады. Осы мән-жайларды ескере отырып, 2024 жылғы 27 желтоқсандағы бұйрықпен жаза қолдану мерзімі бұзылмаған деген апелляциялық соттың тұжырымы заңға сәйкес келеді.
Кәсіпорынның бірінші басшысы ретінде талап қоюшы ЕК-нің 1-бабы 28), 30), 31), 76) тармақшаларында көзделген еңбек міндеттерін тиісінше орындауға міндетті болған. Аталған кемшіліктер оның лауазымдық міндеттеріне тікелей қатысты.
Сондықтан апелляциялық сатыдағы сот №260-ЖҚ бұйрықты заңды деп дұрыс тұжырымға келген.
Басқарманың 2025 жылғы 7 ақпандағы №20-ЖҚ бұйрығымен талап қоюшы «Көмек-112» ақпараттық жүйесіндегі шақырту карталарына өзгерістер енгізілуіне жол бергені үшін «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаға тартылған.
Іс құжаттарына сәйкес, 2025 жылғы 31 қаңтардағы қызметтік тексеру комиссиясының анықтамасында 8126 шақырту картасына әртүрлі өзгерістер енгізілгені анықталған.
Талап қоюшы тәртіптік жаза қолдану мерзімі бұзылғанын көрсеткен. Алайда ЕК-нің 66-бабының 2-тармағына сәйкес тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады.
Апелляциялық сатыдағы сот анықтағандай, құқық бұзушылықтың толық көлемі 2025 жылғы 31 қаңтардағы анықтама негізінде белгілі болған, ал бұйрық 2025 жылғы 7 ақпанда шығарылған. Демек, мерзім сақталған.
Сонымен қатар ЕК-нің 65-бабының талаптарына сәйкес жұмыскерден түсініктеме талап етіліп, тиісті хаттар жолданған, бұйрықпен таныстыру бойынша әрекеттер жасалған. Тәртіптік рәсімнің жекелеген формальды кемшіліктері жаза қолдану туралы актіні заңсыз деп тануға негіз болмайды, себебі талап қоюшының құқықтары елеулі түрде бұзылмаған.
Талап қоюшының «Көмек-112» жүйесіне өзгерістер енгізуге тікелей қатысы жоқ екендігі туралы уәждері де негізсіз, себебі кәсіпорынның бірінші басшысы ретінде ол ұйым қызметінің заңдылығы мен ақпараттық жүйелердің дұрыс жұмыс істеуіне жауапты. Бұл оның лауазымдық міндеттерінен туындайды.
Кассациялық шағымда келтірілген дәлелдер апелляциялық сатыдағы соттың қорытындыларын теріске шығармайды және материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылғанын дәлелдемейді.
Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актісінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждерге апелляциялық сатыдағы сотпен тиісті баға беріліп толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актінің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті, апелляциялық сатыдағы сот қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар
А.Есдаулетов
Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.