ҚАУЛЫ № 4к/1555
23 қыркүйек 2025 жыл Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші - судья Е.М.Нұралиев, судьялар - Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,
талап қоюшының өкілі А.Ж.Узганбаевтың, жауапкердің өкілі У.Н.Кургановтың тікелей қатысуларымен,
ашық сот отырысында Сатугулов Ихлас Муратовичтың (әрі қарайталап қоюшы) Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушылары республикалық палатасына (әрі қарай - жауапкер), Маңғыстау облысының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасын, Есімбек Лаура Жұмабекқызын, Изтурганова Гулнар Муратбековнаны тарта отырып (әрі қарай - мүдделі тұлғалар), 2024 жылғы 06 маусымдағы жауапкердің басқарма отырысының хаттамалық шешімін заңсыз деп танып, оның күшін жою, жеке сот орындаушының құқықтарын бастапқы қалпына келтіруге міндеттеу туралы талап қоюы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,
Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 желтоқсандағы шешіміне, Маңғыстау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегені
Талап қоюшы сотқа талап арыз түсіріп, онда жауапкерге қатысты жоғарыдағы талаппен жүгінген.
Бірінші сатыдағы соттың 2024 жылғы 19 желтоқсандағы шешімімен, әрі оны өзгеріссіз қалдырған екінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысымен, аталған талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Осы шығарылған сот актілерімен келіспеген талап қоюшы, өзінің сенімхат бойынша өкілі арқылы кассациялық шағым беріп, кейіннен оны қосымшамен толықтырып, төменгі сатыдағы соттардың шешімі мен қаулысының күшін жойып, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Іс бойынша тартылған мүдделі тұлғалар кассациялық соттың отырысына келмеді, істі кейінге шегеруді сұрамады. Мұндай жағдайда, кассациялық сот істі олардың қатысуынсыз қарауға мүмкіндік бар деп санайды және бұл тұжырым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (әрі қарай – ӘРПК) 115 бабы бірінші бөлігіне қайшы келмейді.
Тараптардың өкілдері берген түсініктерді тыңдап, даудың мән-жайын зерттеп, шағым мен оның қосымшасының уәждерін тексеріп, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Мұндай мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.
ӘРПК 5 бабының 2 бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Қазіргі таңда қалпына келтірілуге жататын талап қоюшының бұрын бұзылған құқықтары немесе бостандықтары әрі заңды мүдделері жоқ. Тараптар арасында туындаған дауды сотта қарау барысында анықталғаны, талап қоюшы өзінің жеке сот орындаушы ретіндегі қызметін 2019 жылғы 18 маусымда берілген №5478 лицензияның негізінде атқарған.
Іс бойынша мүдделі тұлға Л.Ж.Есімбектің арызы бойынша, жауапкер басшысының 2024 жылғы 16 мамырдағы №01-16/16-05/2 бұйрығымен, талап қоюшы тарапынан кәсіби ар-намыс кодексінің нормаларын бұзу фактісі бойынша тексеріс тағайындалып, оның қорытындысы сол жылғы 21 мамырда рәсімделіп, осыған қатысты жинақталған барлық құжаттар жауапкердің қарамағындағы тәртіптік комиссияның қарауына жолданған.
Тексеру нәтижесінен көрінетіндігі, арыз иесі (мүдделі тұлға Л.Ж.Есімбек) кәмелетке толмаған балаларын алып беру туралы атқару парағын, өзінің арызымен қосып, өндіріп алушы ретінде 2023 жылдың қазан айында талап қоюшыға тапсырады. Алайда соңғы, 2024 жылғы 02 мамырға дейін атқарушылық іс жүргізу өндірісін қозғамай, өндіріп алушыдан өз қызметіне 500 000 теңгені, «WhatsApp» қосымшасы арқылы смс-хабарлама жолдап, талап еткен.
Бұдан тыс, 2024 жылғы 21 мамырдағы жауапкер басшысының №0116/21-05/1 бұйрығымен, осы іс бойынша екінші мүдделі тұлға Г.М.Изтурганованың арызы негізінде талап қоюшы тарапынан кәсіби арнамыс кодексінің нормаларын бұзу дерегі бойынша тапғы да бір тексеріс тағайындалып, оның 27 мамырдағы нәтижесі, алғашқыда айтылғандай жолмен тәртіптік комиссияның қарауына жолданған. Аталған тексеру барысында анықталғаны, өндіріп алушы Г.М.Изтурганова борышкер М.Айтжанованы үйден шығару туралы атқарушылық құжатты талап қоюшыға орындауға табыстаған, ал соңғы өз кезегінде одан қызметіне деп 300 000 теңге талап еткекн. Сөйтіп, 2023 жылғы 12 қарашада Г.М.Изтурганова, талап етушінің (сот орындаушының) «Каспий Банк» АҚ-ғы шотына 150 000 теңге аударған, қалған соманы атқару өндірісі аяқталғаннан кейін төлейтін болған. Бірақ, атқару өндірісі бойынша 2024 жылдың сәуір айына дейін ешқанадай әрекеттер жасалмай, 150 000 теңге Г.М.Изтургановаға қайтарылған.
Талап қоюшыға қатысты дәлелдеме құжаттар 2024 жылғы 31 мамырда тәртіптік комиссияда қаралып, оның хаттамалық шешімімен талап қоюшыны жеке сот орындаушылардың республикалық палатасы мүшелігінен шығару, әрі оны лицензиясынан айыру туралы ұсынысты уәкілетті органға жолдау жауапкердің басқармасына ұсынылған.
Осыған орай, сол жылдың 06 маусымында жауапкердің басқарма отырысы хаттамалық шешім шығарып, тәртіптік комиссияның жоғарыдағы екі ұсынысын да қанағаттандырып, талап қоюшыға ендігәрі атқару құжаттарын бөлмеу, таратпау және атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне тоқтам қою туралы шешім шығарған.
Жауапкердің осы әкімшілік актісінің заңдылығын даулап, талап қоюшы кейіннен сотқа жүгінген.
Бұл талапты жан-жақты қараған төменгі соттар «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (әрі қарай - Заң) кейбір нормаларын дұрыс басшылыққа алған. Атап айтқанда Заңның 170, 172-1 баптарын, одан тыс 2022 жылғы 14 қыркүйекте төралқа отырысында бекітілген жеке сот орындаушыларының тәртіптік жауапкершілігі туралы Ереженің (әрі қарай - Ереже) 2.7, 2.10 тармақтарын негізді қолданған.
Ескеретін дерек, осы іс бойынша анықталған жағдайлар орын алмай тұрып, бұрын да талап қоюшыға тәртіптік жауапкершіліктер қолданылған.
Атап айтқанда, жеке сот орындаушыларының аумақтық палата басшысының 2024 жылғы 26 наурыздағы №02-06/26-03/03 бұйрығымен, Р.Р.Нурбаеваның, А.С.Хайтбаеваның арыздары негізінде талап қоюшыға «сөгіс» жарияланса, сол жылдың 13 мамырдағы №02-06/13-05/5 бұйрығымен, Мұнайлы ауданы прокуратурасының тәртіптік іс қозғау туралы қаулысы негізінде «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Бұл жәйт заңды күші бар Ақтау қаласы №2 сотының қарауында болып, 2024 жылғы 22 қазанда талап қоюшының мүддесін қолдамайтын мазмұнда шешім шығарылған. Талап қоюшының басында өтелмеген «сөгіс» және «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазалары болуына, сөйтіп қатаңдықтың өсуіне байланысты, әрі оның ар-намыс кодексінің талаптарын бұзуына орай, жауапкердің оны палата мүшелігінен шығарып, лицензиясынан айыру туралы уәкілетті органға ұсыныс беруі заң талаптарына толықтай сәйкес келеді және бұл қорытынды қаралып отырған іс бойынша түскен талапты қанағаттандырмауға негіз болады деп санайды кассациялық сот.
Жалпы дауды жан-жақты зерттеп, дұрыс шеше білген төменгі сатыдағы соттар заң шеңберінде әрекет етіп, заңдылық талаптарын сақтаған. Сонымен қатар талап қоюшы тарапының әрбір уәждеріне тиісті құқықтық баға бере білген. Ол туралы қабылданған сот актілерінде тиянақты баяндалған, сондықтан қайтара қайталап көрсетудің қажеттілігі жоқ.
Мұндай жағдайда іс бойынша қабылданған сот актілерін бұзуға немесе өзгертуге ешбір негіз жоқ. Кассациялық шағымның уәждері оған себеп бола алмайды.
Қандай да бір жаңа, әрі заңды уәждер кассациялық шағым иесінен кассациялық сотқа қазіргі кезде де ұсынылмады.
Осы себептерді ескеріп, кассациялық сот іс бойынша шығарылған сот актлерін өзгеріссіз, ал талап қоюшының кассациялық шағымы мен оның қосымшасын қанағаттандырусыз қалдыру қажет деп табады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша шығарылған Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 желтоқсандағы шешімі, Маңғыстау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысы – күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы мен қосымшасы - қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е.М. Нұралиев
Судьялар
Л.С. Кудекова
Ш.С. Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.