6001-24-00-3гп/353
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 27 тамыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - алқа төрағасы Н.К. Шəріпов, судьялар Е.Ж. Айтжанов, Ж.М. Қашқынбаева, талап қоюшының өкілі Қ.Болатбекұлы,
жауапкердің өкілі А.А.Круглов, аудармашы Г.Н.Нурланованың қатысуымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланысы арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қызылорда облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан əрі - Департамент) жауапкер «Infinity Way» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан əрі - Серіктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюы бойынша қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2023 жылғы 8 қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы «Infinity Way» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің келтірген өтінішхатын азаматтық іс материалдарын зерделеу арқылы қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Департамент жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, Серіктестіктің шарт бойынша міндеттемелерді тиісті түрде орындамағанымен негіздеген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 12 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2023 жылғы 8 қарашадағы қаулысымен шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп танылған.
Өтінішхат иесі апелляциялық сатының сот актісімен келіспейтіндігін, соттың тұжырымы істің мəн-жайына сəйкес келмейтінін көрсетіп, апелляциялық сатының сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы іс бойынша жауапкер өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, талап қоюшының өкілінің дауланған сот актісінің күшінде қалдыру туралы
пікірін тыңдап, өтінішхаттың уəждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сот тарапынан жол берілген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2022 жылғы 19 желтоқсанда жасалған Департамент (тапсырыс беруші) пен Серіктестік (өнім беруші) арасындағы №367 мемлекеттік сатып алу туралы шарттың (бұдан əрі - Шарт) негізінде Серіктестік 179 дана «компьютер жиынтығы» тауарын шарт қазынашылық органына тіркелген күннен бастап 90 күнтізбелік күн ішінде жеткізуге міндеттенген.
Шарттың жалпы бағасы 112 168 560 теңге.
Шарт 2022 жылғы 19 желтоқсанда қазынашылық органында тіркелген жəне оның қолданылу мерзімі 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген.
Анықталғандай, тауар 2022 жылғы 26 желтоқсанда жеткізілгенімен, алайда ол шарттың техникалық ерекшеліктеріне сəйкес келмеген.
Талап қоюшы 2022 жылғы 30 желтоқсанда аталған факті бойынша жарнамалық акт жасап, оны жауапкердің электрондық поштасына жолдаған.
Талап қоюшы 2023 жылы 16 қаңтарда жауапкерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талаппен сотқа жүгінген. Бұл, жауапкердің тауарды шарттың қолдану мерзімі шегінде яғни, 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін жеткізгенін, бірақ шарттың талаптарына сəйкес келмеуі салдарынан қабылданбағанын дəлелдеген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдау кезінде, шарттың 2022 жылдың 19 желтоқсанында жасалып, оның əрекет ету мерзімі 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін болып бекітілуі шарт талаптарын орындауға жеткіліксіз екенін жəне Серіктестіктің шарт талаптарын орындамау түріндегі теріс пиғылының болмағанымен негіздеген.
Өз кезегінде, апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен келесі негіздермен келіспеген. Апелляциялық сатыдағы соттың пікірінше, Серіктестік шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамай, көрсетілген кемшіліктерді қалпына келтірмегендіктен, Серіктестіктің бұл əрекеттері жағымсыз салдарға əкеп соққан деген қорытындыға келген.
Алайда, апелляциялық сот алқасының мұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды.
Тараптардың арасындағы қарым-қатынастар «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның (бұдан əрі - Заң) нормаларымен жəне жасалған Шартпен реттеледі.
2015 жылғы 4 желтоқсандағы №434-V ЗРК Қазақстан Республикасының Заңының 12-бабының 4-тармағына сай, осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы өзіне мəлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей мұндай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті.
«Соттардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы туралы» ҚР Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сəуірдегі №4 нормативтік қаулысының 8- тармағында, мемлекеттік сатып алу туралы өнім берушілермен жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы талап қоюларды қарау кезінде соттар АК-нің 359-бабына сəйкес азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің негізі ретінде өнім берушінің кінəсін жəне АПК-нің 6-бабының бесінші бөлігіне сəйкес əділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып, Тапсырыс беруші үшін туындаған жағымсыз салдарларды назарға алуы қажет. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан əрі - АК) 272 - бабында міндеттеме міндеттеменің шарттарына жəне заңнама талаптарына сəйкес тиісінше, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған кезде-іскерлік айналым əдет-ғұрыптарына немесе əдетте қойылатын өзге де талаптарға сəйкес орындалуға тиіс екендігі айқындалған.
АК-нің 349-бабына сəйкес міндеттеменің бұзылуы деп оның орындалмауы не тиісінше орындалмауы (уақтылы, жұмыстардың кемшіліктерімен, міндеттеменің мазмұнында айқындалған басқа да шарттардың бұзылуымен) - тиісінше орындалмауы түсіндіріледі. Мемлекеттік сатып алу туралы заңның 43 бабының, 22 тармағына сəйкес шарт бойынша тауарларды берудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтерді көрсетудің ең аз мерзімі тауарды беруге, оның ішінде оны дайындауға (өндіруге), жеткізуге, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге кеткен мерзімнен кем болмауға, бірақ кемінде күнтізбелік он бес күн болуға тиіс. Яғни, Департамент пен Серіктестік арасында жасалған шарттың мерзімі заңға сəйкес келмейді.
Кассациялық сот алқасымен, шарттағы тараптардың міндеттемелері туралы 3.1 тармағының, екінші бөлігінде көрсетілгендей шарт күшіне енген күннен бастап, он жұмыс күн ішінде шарттың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жалпы соманың 3 (үш) пайызын аванс ретінде енгізу бөлігі орындалмағаны анықталды.
Сондай ақ, осы шарттың тауарлардың техникалық ерекшелікке сəйкестігін тексерудегі бөлігіндегі 4.3 тармағына сəйкес егер тексеру кезінде жеткізілген тауарлардың нəтижелері техникалық ерекшелік талаптарына сəйкес келмесе, өнім беруші тексеру кезінен бастап 45 күн ішінде тапсырыс беруші
тарапынан қандай да бір қосымша шығындарсыз техникалық ерекшелік талаптарына сəйкессіздіктерді жою туралы шаралар қабылдайды деп көрсетілген. Демек, Серіктестіктің осы мерзім ішінде техникалық ерекшеліктерге сейкес келмеген тауарларды қайта алып тапсыруға жəне кеткен кемшіліктерді жоюға мүмкіндігі болған.
Сонымен қатар, 2022 жылғы 30 желтоқсанда жарнамалық актісі тек қана біржақты жасалынған.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, Департаментінің талап қоюын қанағаттандыру туралы апелляциялық сот актісі жойылуға жатады.
Дауланған сот актісінде көрсетілген қорытындылар істің мəн-жайларына сəйкес келмеуіне байланысты, істі қарау барысында апелляциялық сатыдағы сот материалдық жəне процестік құқықтық нормаларының бұзылуына жол бергендіктен, осы іс бойынша қабылданған апелляциялық сот алқа қаулысының күші жойылып, іс бойынша бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылуға жатады.
Сонымен қатар, АПК-нің 109-бабына сəйкес кассациялық сатыдағы өтінішхат беру кезінде 923 теңге сомасында төленген мемлекеттік баж талап қоюшыдан өндіріліп алуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2023 жылғы 8 қарашадағы қаулысының күші жойылсын.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 12 қыркүйектегі шешімі күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қызылорда облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінен 923 (тоғыз жүз жиырма үш) теңге мемлекеттік баж ретінде төленген сот шығысы өндірілсін.
Жауапкер «Infinity Way» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтiнiшхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші: Н.К. Шәріпов
Судьялар Е.Ж. Айтжанов
Ж.М. Қашқынбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.