6001-22-00-6ап/591
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 14 маусым Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Н.Ү.Қайыпжан,
судьялар Г.Б.Дуйсенбаев., Б.Т.Нажмиденов.,
талапкер Қ[...].,
жауапкер - жеке сот орындаушысы А[...].,
мүдделі тұлғалардың өкілдері Қ[...]., Д[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талапкер К[...] жауапкерлер жеке сот орындаушысы А[...], жеке сот орындаушыларының республикалық палатасына, мүдделі түлға «First Heartland Jusan Bank» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Банк), Д[...], А[...]
жеке сот орындаушысының тыйым салған мүлікті өткізуге беру туралы іс-әрекеттерін заңсыз деп тану, электрондық аукцион нәтижесі туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 25 қаңтардағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 ақпандағы қаулысына жауапкер А[...] келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
К[...] жауапкер жеке сот орындаушысы А[...] (бұдан әрі – сот орындаушысы) өзінің меншігіндегі дүкенді электрондық аукцион арқылы өткізу туралы шешімін, аукцион болатын күнді және оның нәтижесі туралы хабардар етпей, жылжымайтын мүлкін өте төмен бағаға сатуға жол беріп, аукцион нәтижесін уақытында даулауға мүмкіндік бермегенін негіздеп сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 25 қаңтардағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, сот орындаушысы А[...] талапкер Қ[...] жылжымайтын мүлкін өткізуге беру туралы іс-әрекеттері мен электрондық аукцион нәтижесі туралы хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 ақпандағы қаулысымен сот шешімі күшінде қалдырылып, «Шешімнің қарар бөлігі А[...] пен Д[...] арасында жасалған сатып алу-сату туралы шарты жарамсыз деп танылсын», деген сөйлеммен толықтырылған.
Ж[...].А[...] кассациялық шағымында жергілікті соттар материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол бергенін, істің мән-жайларына біржақты қарағанын, дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға бермегенін көрсете келе, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Ж[...].А[...] өтінішхат уәждерін қолдаған түсінігін, талапкер Қ[...] сот актілерін өзгеріссіз қалдыру туралы пікірін, мүдделі тұлғалар Қ[...], Д[...] сот актілерінін күшін жоюды сұраған пікірлерін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
«Сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 5-тармағының талаптарына сәйкес, шешiм iс жүргiзу құқығының нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе ұқсас қатынасты реттейтiн заңның қажеттi негiздерiн қолданғанда не азаматтық заңнаманың жалпы бастауларынан және мәнiнен, адалдық, парасаттылық пен әдiлдiк талаптарынан туындағанда, заңды болып табылады.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, сот орындаушысы А[...] 2020 жылғы 27 наурыздағы қаулысымен Қ[...] «АТФ Банк» АҚ-ның пайдасына 4 284 754 теңге 91 тиын өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалған.
2021 жылғы 1 сәуірдегі жылжымайтын мүлікті бағалау есебіне сәйкес, Қ[...] меншігіндегі Шымкент қаласы, Абай ауданы, Киров бөлімшесі, Туркестанская көшесі, жалпы аумағы 0,0077 га кадастрлік нөмірі [...] жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің нарықтық құны 5 025 849 теңгеге бағаланған.
2021 жылғы 1 маусымда сот орындаушысы тыйым салынған мүлікті көрсетілген бағаға өткізу туралы қаулы қабылдаған, ал электронды аукцион нәтижесі бойынша аталған мүлік 2 764 216 теңге 95 тиынға Д[...] сатылған.
2021 жылғы 23 маусымда сот орындаушысы А[...] пен Д[...] арасында сатып алу-сату туралы шарт түзілген.
Төмеңгі саты соттары талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда сот орындаушысы тарапынан Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі-Заң) талаптардың бұзылуына жол беріп, Қ[...] жылжымайтын мүлкінен айырылып, Банкке де қарыз болып қалуы әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарына сай келмейді деген тұжырым жасаған.
Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келіседі. Заңның 126-бабының 3-тармағына сай сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.
Іс құжаттарына қарағанда, сот орындаушысының тарапынан Қ[...] жылжымайтын мүлкін бағалау, оны өткізу тәртіптері, өз мүлкін өзі бағалауды жүргізуге болатыны жөнінде түсіндірілмеген, ол туралы ұсынылмаған, керісінше бағалаушыны тағайындау туралы қаулы шығарғанымен, ол қаулыны тиісті түрде тараптарға жолдамаған. Сот орындаушысы А[...] даулы мүлікке бағалау жүргізілгеннен кейін және мүлік алынып қойылғанға немесе өткізілгенге дейін бағалау құнынан төмен болмайтын құн бойынша өткізуге Қ[...] құқы бар екендігі жөнінде 2021 жылғы 25 мамырдағы хатпен 2021 жылғы 31 мамырға дейін, яғни 5 күн ғана қысқа мерзім бергенімен, ол хат талапкерге жолданбаған.
Сауда-саттықтың қорытындыларында Қ[...] жеткізілмеген, оған шағым жасау тәртібі түсіндірілмеген, яғни Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» 2017 жылғы 31 наурыздағы №1 Нормативтік қаулысының 13-тармағының талаптары орындалмай, сот орындаушысының назарынан тыс қалдырған.
Нәтижесінде, сот орындаушысы А[...] тарапынан Заңның 16-бабының 1-тармағының, 27-бабының, 68-бабының талаптарының бұзылуына жол берілген.
Бұл мән-жайлар сотта, атқарушылық іс-жүргізу құжаттарын зерттеу барысында анықталған.
А[...] хабарлама хаттарды Қ[...] ұялы байланыс нөміріндегі «Ватсап» желісіне жібердім, сондықтан ол хабардар болған, деген уәждері негіссіз, себебі аталған хабарлама хаттардың талапкерге тиісті түрде жеткізілгені, немесе ол хаттардың оқылғаны жөнінде нақты дәлелдемелер сотқа ұсынылмаған. Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы №100 бұйрығымен бекітілген «Тыйым салынған мүлікті, оның ішінде электрондық аукцион нысанындағы сауда-саттықта өткізу қағидаларының» (бұдан әрі - Қағида) 16-2 тармағына сәйкес тыйым салынған мүлікті электрондық аукционға шығарылуына, сондай-ақ мүлікті өткізуге арналған өтінімде берілген деректердің толықтығына және дұрыстығына сот орындаушысы жауапты болады.
Алайда, сауда саттықтың барысы туралы құжаттардан екінші қатысушы А[...] сауда-саттық кезінде қандай-да бір іс-әрекет жасағаны мүлдем көрініс таппағаны сотта жан-жақты зерттеліп, тиісті құқықтық баға берілген.
Істің мұндай тұрғысында төмеңгі саты соттарының Қ[...] талабы толық қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымын сот алқасы ӘРПК-нің 8-бабына, яғни әділдік қағидатына сай келеді деп санайды.
Төмеңгі саты соттарымен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған. Дегенмен, апелляциялық алқа сотының 2021 жылғы 23 маусымдағы сот орындаушысы А[...] пен Д[...] арасындағы жасалған мүлікті сатып алу-сату туралы шартыда жарамсыз деп танылуға жатады деген тұжырымын сот алқасы негіссіз деп санайды. Себебі, тараптар арасында жасалған сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану мамандандырылған әкімшілік сотының құзырына емес, азаматтық соттың құзіретіне жататыны апелляциялық алқа сотының назарынан тыс қалып, талап арыздың шегінен шығып кеткен. ӘРПК-нің 84-бабының 3-бөлігіне сәйкес, заңсыз әкімшілік актінің күші жойылған кезде әкімшілік актіні заңсыз деп танудың заңды салдары туралы шешім қабылдану қажет, яғни тараптар бастапқы қалпына келтірілу қажет деген ұғымды білдіреді.
Бұндай жағдайда, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің қарар бөлігі өзгертілуге, ал жауапкер А[...] қассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп есептейді.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 25 қаңтардағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 ақпандағы қаулысы өзгертілсін.
Сот актілерінің 2021 жылдың 26 маусымдағы жеке сот орындаушысы А[...] пен Д[...] арасындағы мүлікті сатып алу-сату туралы шартын жарамсыз деп танылған бөлігінің күші жойылсын. Шешімшің қарар бөлігі: «Жеке сот орындаушысы А[...] тараптарды бастапқы қалпына келтіруді міндеттеуге.» деген сөйлеммен толықтырылсын.
Сот актілерінің қалған бөлігі күшінде қалдырылсын.
Жеке сот орындаушысы А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Қайыпжан
Г. Дуйсенбаев
Судьялар
Б. Нажмиденов
Көшірмесі дұрыс Судья
Г. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.