6001-23-00-6ап/2266
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 20 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Г.У.Альжанов, судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, прокурор М[...], жауапкер өкілі А[...],
мүдделі тұлға өкілі С[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының (бұдан әрі - Қызылорда су жүйесі, Кәсіпорын) «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» (бұдан әрі - Департамент) республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - РММ) қойған әрекетке дау айту талап қою бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 наурыздағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 шілдедегі қаулысына жауапкермен келтірілген кассациялық шағыммен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа Департаменттің 2020 жылғы 9 қаңтардағы №3НҚ бұйрығымен бекітілген тариф пен тарифтік сметаларға 2020, 2021 жылдарға салықтар және бюджетке төленетін басқа да төлемдер бойынша өзгерістер енгізбеу әрекеттерін заңсыз деп танып, тарифке өзгеріс енгізуді міндеттеу туралы талап қоюмен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Департаменттің 2020 жылғы 9 қаңтардағы №3-НҚ бұйрығымен бекітілген тарифке Қызылорда су жүйесінің 2020, 2021 жылдарға салықтар және бюджетке төленетін басқа да төлемдер бойынша өзгерістер енгізбеу әрекеттері заңсыз деп танылып, жауапкерге оған өзгерістер енгізу міндеті жүктелген.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 шілдедегі қаулысымен сот актісі күшінде қалдырылған.
Кассациялық шағымда жауапкер қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күштерін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған талап қоюшының өкілі кассациялық сатының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот отырысына қатысушылардың түсіндірмелерін және прокурордың кассациялық шағымға қарысы қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, сот алқасы келесі қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Соттармен анықталғандай, Департаменттің 2020 жылғы 9 қаңтардағы №3-НҚ бұйрығымен Қызылорда су жүйесінің тариф пен тарифтік сметалар 2020, 2021, 2022, 2023, 2024 жылдарға бекітілген. Салық заңнамасына 2020 жылғы 10 желтоқсандағы заңмен енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға байланысты табиғи монополиялар туралы заңнамасында реттелетін қызметті жүзеге асыру үшін табиғи монополия субъектісіне кейіннен өткізу кезінде шаруашылықауызсуға арналған жерасты суының нақты ысыраптары мөлшерлемелері 0,001-ден 0,005 айлық есептік көрсеткішке көтерілген және жаңадан белгіленген мөлшерлеме бойынша есептеу 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген.
Осы өзгерістерге байланысты салық органы Кәсіпорынға 2022 жылғы 19 сәуірде камералдық бақылау нәтижелерімен анықталған бұзушылықтар бойынша хабарламалар берген. Осыдан кейін Кәсіпорын жауапкерге 2020-2024 жылдарға бекітілген тариф пен тарифтық сметаларға өзгеріс енгізуді сұраған өтініммен жүгінген.
Өтінімді қарау нәтижесінде Департамент 2022 жылғы 28 қазандағы №81-нқ бұйрығымен Кәсіпорынның өтініміндегі стратегиялық тауарлар құнының және (немесе) мемлекеттік реттеуге жататын стратегиялық тауарларды тасымалдауға тарифтердің (бағалардың) өзгерту бөлігін қанағаттандырып, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер мөлшерлемелерінің өзгеруін тек 2022 жылға алып, 2020, 2021, 2023 және 2024 жылдарға қанағаттандырусыз қалдырған.
Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 6-бабына сәйкес табиғи монополиялар салаларындағы қызметті мемлекеттік реттеудің бір құралы - тарифті қалыптастыру, белгілеу және бекіту болып табылатындығы бекітілген.
Заңның 4-бабының 24), 26) тармақшаларына сәйкес:
a) тарифтік реттеудің шығындық әдісі - табиғи монополия субъектісінің баптар бойынша айқындалған, экономикалық негізделген шығындарына және пайдасына қарай тарифті қалыптастыру әдісі;
b) тарифтік смета - уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтің кірістерінің, шығыстарының және көлемдерінің тізбесі.
Заңның 15-бабымен тариф реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну бойынша шығындардың орнын толтыруды және табиғи монополия субъектісін дамытуға және оның тиімді жұмыс істеуіне және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де мақсаттарға бағытталатын пайда алуды қамтамасыз етуге тиістігі, тариф бес және одан көп жыл мерзімге белгіленетіндігі қарастырылған.
Заңның 22-бабының 1-тармағының 3) тармақшасымен Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер мөлшерлемелерінің өзгеруі уәкілетті орган бекіткен тарифті қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгертуге негіз болып табылатындығы бекітілген.
Кәсіпорын өзгертуді сұрап отырған тарифтің қолданылу мерзімі өтпеген, ал жауапкерге жүгіну кезінде Заңның 22-бабының 1-тармағының 3) тармақшасымен көзделген негіз болған.
2020 жылғы 10 желтоқсандағы Заңмен Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Кодексінің 748-бабының 2-бөлігінің кестесіне өзгерістер енгізіліп, Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында реттелетін қызметті жүзеге асыру және (немесе) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында реттелетін қызметті жүзеге асыру үшін табиғи монополия субъектісіне кейіннен өткізу кезінде шаруашылық-ауызсуға арналған жерасты суының нақты ысыраптары мөлшері 0,001-ден 0,005 айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне ұлғайтылған. Бұл өзгерістермен 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап есептер жүргізілетіні бекітілген.
Бұл ретте 2020 жылдан бастап уәкілетті орган бекіткен тарифті қолданылу мерзімі өтпеуіне, ол аяқталуына дейін салық заңнамасымен салық мөлшерлемесіне күтпеген өзгерістер енгізілуіне орай Кәсіпорынның өтініші бойынша бекітілген тариф пен тарифтық сметаларға өзгеріс енгізуге қатысты әкімшілік рәсімді жүргізу және 2022 жылғы 28 қазандағы бұйрықты қабылдау барысында Департамент заңдылық пен негізділік критерийлерін басшылыққа алмаған.
Департаменттің мұндай әрекеттері Кәсіпорынға ауыртпалық түсірген, өйткені 2020 жылғы 9 қаңтардағы бекітілген тариф пен тарифтік сметалар табиғи монополия субъектісінің қызметінде төленуге жататын салық ставкаларынан туындайтын шығыстары есепке алынбаған. Сондықтан, жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандыру туралы қорытындылары дұрыс.
Сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, дауланып отырған сот актілері күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 наурыздағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» РММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г. Альжанов
Ж. Ермагамбетова
Судьялар
Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.