6001-24-00-6ап/2224
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 12 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев, талап қоюшы Е.К.Барманкуловтың, өкілі Н.К.Қожабергеновтің, жауапкер өкілі О.М. Қайролла, Г.К. Жапаркуловтың қатысуларымен, талап қоюшы Барманкулов Ержан Кокановичтің жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне, «Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне 294 бас ұсақ малды алып қою әрекетін заңсыз деп танып, малдарды қайтаруды міндеттеу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 маусымдағы қаулысына жауапкер өкілінің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Е.К. Барманкулов жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» РММ-не (бұдан әрі – Департамент), «Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің қаржы бөлімі» КММ-не (бұдан әрі – Қаржы бөлімі) жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 ақпандағы шешімімен әкімшілік талап қою толығымен қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Жауапкер Департамент өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот актісімен келіспей, соттың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актісінің күшін жоюды және бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы, жауапкер өкілінің кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірін, талап және оның өкілі даулы сот актісін өзгеріссіз қалдыруды сұраған пікірлерін тыңдап, әкімшілік іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Бірінші сатыдағы сот талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда Е.К.Барманкулов шекара аумағында ұсталған ұсақ малдарына тиісті ветеринарлық анықтаманы сотқа ұсынбағанын, оның малдың иесі екендігін айғақтайтын дәлелдер келтірмегенін, сондықтан жауапкерлердің әрекеттері оның құқықтары мен мүдделерін бұзды деген уәждері негізсіз деп тұжырымдаған.
Апелляциялық сатыдағы сот алқасы бірінші сатыдағы соттың 294-бас ұсақ мүйізді малдар Е.К. Барманкуловқа тиесілі емес деген тұжырымы мерзімнен бұрын жасалынған деп қорытындыға келген.
ӘҚБтК-нің 17-бабына сай, меншiкке заңмен кепiлдiк берiледi.
Сот шешiмiнсiз ешкiмдi өз мүлкiнен айыруға болмайды.
Меншікке қол сұға отырып, мүлiк пен құжаттарды алып қою, тауарларды, өзге де мүлiктi, сондай-ақ тиiстi құжаттарды қарап-тексеру, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуді қамтамасыз етудің өзге де шараларын қолдану осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртiппен ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
Аталған Кодекстің 777-бабының 1, 2-бөліктеріне сәйкес, құқық бұзушылықтың құралы не нысанасы болған не оның iздерi қалған заттар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша заттай дәлелдемелер болып табылады.
Қажет болған жағдайларда заттай дәлелдемелер суретке түсiрiледi немесе өзге тәсiлмен тiркеледi және iске тiгiледi, бұл жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға немесе осы Кодексте көзделген өзге хаттамаға жазба жазылады.
Е.К. Барманкуловқа қатысты ӘҚБтК-нің 514-бабының 1-бөлігінің 5- тармағымен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша, 294бас ұсақ мүйізді малдар құқық бұзушылықтың құралы, не нысаны ретінде заттай дәлелдеме болып танылмаған, іске тіркелмеген.
ӘҚБтК-нің 795-бабының 2-бөлігінде, заттарды, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарларды және құжаттарды алып қою туралы хаттама жасалады, оның көшiрмесi өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамға немесе оның өкiлiне табыс етіледі не әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамада тиiстi жазба жасалады делінген.
Алайда Департамент қызметкерлері даулы малдарды Е.К.Барманкуловтан алып қойған кезде тиісті хаттама жасамаған, хаттама көшірмесі талап қоюшыға табысталмаған, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада тиісті жазба жасалынбаған.
Әкімшілік іс құжаттарында, 2023 жылдың 24 маусымында 10 адамнан құралған комиссия мүшелері ұсталған ұсақ мүйізді малдарға қарау жүргізу туралы акт толтырылып, аталған күні жасалынған акт негізінде малдарды «Алмаз» шаруа қожалығына тапсырған.
Алайда аталған актілерді жасау кезінде, талап қоюшы Е.К.Барманкулов осы малдардың иесімін деген уәждеріне қарамастан, одан қандайда бір түсініктеме алмаған, актіге қолын қойдырмай, 294-бас ұсақ малдарды алып қойған.
Одан бөлек, жауапкерлердің аталған малдарды алып, Қаржы бөліміне тапсырған кезінде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі №833 Қаулысымен бекітілген Жекелеген негiздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану қағидаларына сілтеме жасауы негізссіз болып табылады.
Себебі аталған Қағидалардың 4-тармағына сай, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – жергілікті атқарушы органдар) коммуналдық меншікке айналдырылған (түскен) мынадай мүлікті:
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен иесіз деп танылған;
мемлекетке мұрагерлiк құқығы бойынша өткен, сондай-ақ қайтыс болған адамнан мұрагерлiкке қалған;
олжаларды;
қараусыз қалған жануарларды;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен коммуналдық меншікке өтеусіз өткен, оның ішінде мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар мен көлік құралдарын;
мәдени құндылықтарға жататын заттарды қамтымайтын көмбелерді (көмбедегі үлесті);
тәркіленген мүлікті;
сот актілерінің негізінде мемлекет кірісіне айналдырылған заттай айғақтарды есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастырады. Алайда Е.К. Барманкуловтан алынған 294-бас ұсақ малдар жоғарыда көрсетілген мүліктер қатарына жатпайды, себебі олар иесіз деп танылмаған, мемлекетке мұра ретінде өтпеген, қараусыз қалған жануарлар емес, тәркіленбеген және мемлекет кірісіне айналдырылмаған.
Іс құжаттарынан аталған мал бастарын тексеру барысында 270 бастың құлақтарында белгілері бар екендігі анықталған.
Сонымен қатар, әкімшілік іс құжаттарында «Фарида» шаруа қожалығы директорының 295-бас «қошқар» ұсақ малын сату-сатып алу мәмілесіне сай, Е.К.Барманкуловқа сатқандығы туралы 2023 жылғы 18 маусымдағы қолхаты тіркелген.
Алайда жауапкерлер тарапынан Е.К.Барманкуловтың ұсынған қолхатына ешқандай баға бермеген, ол туралы арыз иесінен және «Фарида» шаруа қожалығы басшысынан түсініктер алынбаған. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 151-бабының 2- тармағына сай, заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен жазбаша (жай не нотариалдық) немесе өзге белгiлi бiр нысан белгiленбеген мәмiле, атап айтқанда, олар жасалған кезде атқарылатын мәмiлелердiң бәрi ауызша жасалуы мүмкiн.
ӘРПК-нің 12-бабына сай, Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасындағы барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №16-04/679 бұйрығымен бекітілген Жануарларды өткізу қағидаларының 4-тармағына сәйкес, жеке және заңды тұлғалар үш жұмыс күні ішінде ветеринария саласында қызмет атқаратын жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелерін, жергілікті атқарушы органдарымен құрылған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарды, мемлекеттік ветеринариялық-санитарлық бақылау және қадағалау органдарды жаңадан алынып жатқан (алынған) жануарды (жануарларды), оны (оларды) өткізу туралы хабарлайды. Жоғарыда көрсетілген «Фарида» шаруа қожалығы басшысы берген қолхатқа сай, 294-бас малдар Е.К. Барманкулов 2023 жылдың 18 маусымында, яғни демалыс күні сатып алған.
Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша малдар 2023 жылдың 22 маусымында ұсталған, яғни аталған Қағидада қарастырылған ветеринария бөлімшесіне хабарлауға берілген үш жұмыс күн ішінде орын алған. Аталған мән-жайларға бірінші сатыдағы сотпен тиісті құқықтық баға мүлдем берілмеген.
Сонымен қатар, сот алқасында Қаржы бөлімі тарапынан аталған малдарды коммуналдық меншікке өткізуіне тиісті деңгейде әрекеттер жасамалғаныда толығымен анықталған. Апелляциялық сатыдағы соттың уәждері мен заң талаптарына сілтемелері сот актісінде толық көрсетілген.
Істің мұндай тұрғысында апелляциялық сатыдағы сот алқасымен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормаларының бұзылуына жол бермеген.
Жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты сотымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, даулы сот актісін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Мұндай жағдайда жауапкер Шекара қызметі өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі Сапарбек Калдарбекович Мырзакуловтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Дуйсенбаев Г.Б.
Нұрбаев Г.К.
Судьялар
Өмірәлиев Е.Ж. Дуйсенбаев Г.Б.
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.