Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 03.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4127 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 3 ақпан №6003-25-00-2к/4127 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, талап қоюшының өкілі М.Ж.Абуованың, жауапкер С.Е.Аблаевтың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында

талап қоюшы Мақсат Екматқүлұлы Нурахаевтың жауапкерлер Сапарәлі Еламанұлы Аблаевқа және Халима Абилдаевна Уалиеваға ар-намыс пен іскерлік беделді қорғау, таратылған мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді деп танып, оны теріске шығаруды міндеттеу, моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық істі талап қоюшының өкілі М.Ж.Абуованың Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

М.Е.Нурахаев жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттар істің мәнжайын дұрыс анықтамағанын, психологиялық-филологиялық зерттеу қорытындысын назарға алмағанын, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс материалдарына қарағанда талап қоюшы М.Е.Нурахаев Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы лауазымын атқарады.

2024 жылғы 10 қазанда С.Е.Аблаев қорғауындағы Х.А.Улиеваның мүддесінде әрекет ете отырып, Қазақстан Республикасы Қаржы министріне, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасына арызбен (бұдан әрі - даулы арыз) жүгініп, онда талап қоюшы М.Е.Нурахаев пен Сарыағаш ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері А.Абдуалиев, Х.Жуманов және жеке кәсіпкер Т.Т.Архабаев тарапынан салық заңнамасының талаптары орындалмай жүргенін көрсетіп, аталған тұлғаларға қатысты қатаң шара қолдануды сұраған.

М.Е.Нурахаев талап қоюмен жүгіне отырып, даулы арыздың мазмұны шындыққа сай келмейтінін, ондағы мәліметтер теріс мәнді жағымсыз сипатта берілгенін және өткен шақ санатында ақпаратты баяндау мақсатында кесімді формада келтірілгенін көрсетіп, таратылған мәліметтерді шындыққа сай келмейді деп тануды, мәліметтерді теріске шығаруды міндеттеуді, жауапкерлерден Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының Мамандандырылған бөбектер үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің пайдасына 300 000 теңге моральдық зиянды өндіруді сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот тәжiрибесiнде азаматтардың және заңды тұлғалардың ар-намысы мен абыройын және iскерлiк беделдiлiгiн қорғау жөнiндегi заңдылықты қолдану туралы» 1992 жылғы 18 желтоқсандағы №6 Нормативтік қаулысының (бұдан әрі - Нормативтік қаулы) 1-тармағына сәйкес азаматтардың және ұйымдардың ар-намысына және абыройына кір келтіретін мәліметтерді тарату деп мына жағдайлар танылады: баспа жүзінде жарияланған, радиомен, теледидардан, жалпы басқа да бұқаралық құралдарды пайдалану арқылы хабарланған, мінездемелерде, арыздарда, әртүрлі ұйымдарға жолданған хаттарда көрсетілген, көпшілік алдында сөйлеу кезінде, лауазымды адамдарға, немесе басқада, оның ішінде бір немесе бірнеше адамға ауызша айтылған мәліметтер.

Қоғам немесе жеке азаматтардың заңдарды сақтау, моральдық принциптерді орындау туралы көзқарастары бойынша ұйымдар мен азаматтар жөніндегі шындыққа жатпайтын мәліметтер олардың ар-намысына және абыройына кір келтіретін мәліметтер деп есептелінеді (мәселен, арамдық істерді, семьяда, еңбек ұжымында тәртіпсіздік жасады деген, мекеме жөнінде өндіріс-шаруашылық жұмысына нұқсан келтіретін мәліметтер). Сонымен қатар тұрмыста, ұжымда, қоғам орнында, жұмыста болған көпшіліктер туралы айтылған сын мәліметтер шындыққа жатса талап қоюшының ондай мәліметтерді теріске шығару туралы қойылған талабын негізді деп есептеуге болмайды. Ар-намыс деген - азаматтың рухани және әлеуметтік сапасының биіктігі, қоғам бағасы. Абырой деген - өз рухани байлығын, рухани санасын, қоғамдағы маңыздылығын, орнын адамның өзінің іштей бағалауы.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 141, 143-баптары бойынша қозғалған азаматтық істерді қарағанда соттар талап бойынша бекерге шығару туралы көрсетілген мәліметтер таратылғанын, олар ұйымның атағына, азаматтың ар-намысына және абыройына кір келтіретінін, мәліметтер шындыққа жататынын толық анықтау керек деп көрсетілген.

Жергілікті соттар даулы арызда көрсетілген мәліметтер талап қоюшының ар-намысы мен қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер деп тануға негіз болмайтынын және моральдық зиян өтемін өндіруге құқықтық

негіздер анықталмағанын назарға алып, талап қоюды дұрыс қанағаттандырусыз қалдырған.

Соттар сот даулы арызды жауапкерлер өзінің пікірі мен субъективті көзқарасын білдіріп жазғандығын, ондағы көрсетілген мәліметтер талап қоюшының ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтірмейтінін, жеке мүліктік емес құқықтарын бұзуға алып келетін мәлімет ретінде бағалануға жатпайтындығын орынды негізге алған.

Сондай-ақ, соттар даулы арыздың мазмұны бағалау сипатына ие екенін, ондағы автордың пікірі мен субъективті пайымы болып табылады деген дұрыс тұжырым жасаған.

Жауапкерлер Конституциямен кепілдік берілген өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау құқығын пайдаланып, келіп түскен ақпаратты заңға сәйкес тексеруге міндетті лауазымды тұлғаларға жүгінуі орын алған.

Істі қарау барысында талап қоюшы АПК-тің 72-бабының талабына сәйкес, ар-намысы мен қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратылғанын дәлелдей алмаған.

Сондықтан жергілікті соттар талап қоюшы Н.Е.Нурахаевтың ұсынған 2024 жылғы 1 қарашадағы №56-24 психологиялық-филологиялық зерттеу қорытындысын назарға алмаған.

Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот дауланған сот актілері заңды және негізді, жергілікті соттармен анықталған мән-жайларға дұрыс құқықтық баға берілген, заң нормалары дұрыс қолданылған деп табады.

Талап қоюшының кассациялық шағымдарында келтірген уәждері дәйексіз, олар жергілікті сотардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген.

Талап қоюшы мен оның өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының өкілі М.Ж.Абуованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

А.Тогумбетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.