ҚАУЛЫ
2025 жылғы 10 қырқүйек іс №7199-23-00-4к/955 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотты құрамында:
төрағалық етуші судья Ж. Оспанова,
судьялар М. Манабаева, Л.Қаирбаева болып,
прокурор Б.Саттыбаевтың,
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Ордабасы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілдері Б. Ажибеков, Н. Али-Асқардың қатысуымен ашық сот отырысында
талап қоюшы Жанат Алмасовна Примжанованың жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Ордабасы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма)
банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрудан босату әрекетін жасау туралы туралы талабы бойынша қабылданған
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 ақпандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ж. Примжанова сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, онда банктік операциялар жүргізуіне тыйымды Басқарма өзінің дара кәсіпкер ретіндегі қызметі тоқтағаннан кейін заңсыз салғанын келтірген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қою кері қайтарылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы апелляциялық соттың қаулысымен келіспей, оның күшін жойып, бірінші саттыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған талап қоюшы белгісіз себептермен кассациялық соттың отырысына келмеді, бұл Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 29 маусымдағы № 350-VI Әкімшілік рәсімдік - процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес істі қарауға кедергі болмайды. Жауапкер өкілдерінің түсініктемелерін, прокурордың сот актісінің зандылығы туралы қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік - кодексінің (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жоя отырып және Шымкент қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі ауданаралық сотының қарауына жатпауына байланысты талап қоюды қайтара отырып, апелляциялық алқа талап қоюшы банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрудан босату міндетін жүктеу туралы талап қойғанын, алайда шығыс операцияларын тоқтата тұру өкімдеріне дау айтпағанын көрсеткен.
Апелляциялық сатыдағы соттың бұл тұжырымдары қате болып табылады. Себебі, талап арыздың мазмұнына қарағанда, талап қоюшы осы өкімдермен келіспегендіктен сотқа жүгінген.
Талап арызында Ж.А.Примжанова 2015 жылғы 1 шілдеде дара кәсіпкер ретінде тіркеліп, 2022 жылғы 15 ақпанда есептен шығарылғанын, осы мерзім аралығында оның салық төлемдері бойынша қандай-да бір берешегі болмағанын, камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы салық органының хабарламасы өзіне беймәлім болғанын көрсетіп, банктік опрерацияларға Басқармамен тыйым тек 2023 жылдың желтоқсанында салынған алға тартқан.
Дау келтірген өкімдері электрондық құжат нысанында болғандықтан, өзінің талабын ӘРПК-нің 106-бабының үшінші бөлігіне тұрғылықты жері бойынша сотқа қойған. Мұндай жағдайда бірінші сатыдағы сот ӘРПК-нің 16-бабында көзделген соттың белсенді рөлі қағидатын іске асыра отырып, талап қоюшының талабын нақтылауына, ондағы кемшіліктерді түзетуіне жәрдемдесіп, әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін қажетті процестік әрекеттерді жүргізуі тиіс болған.
Бірінші сатыдағы сот тарапынан орын алған бұл кемшіліктер апелляциядағы сот назарынан тыс қалған.
Осылайша, апелляциялық сатыдағы сот ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігінде белгіленген әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеттерін толық көлемде іске асырмаған. Сондықтан баяндалғандардың негізінде шағымдалып отырған сот актісінің күші жойылуға, әкімшілік іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолдануға жатады.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қаулыда баяндалған негіздер бойынша ішінара қанағаттандырылады.
Осы іс бойынша шығыстар АПК-нің 107- бабы, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының 108-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес шешілуге жатады.
Кассациялық шағым беру кезінде талап қоюшы төлеген 1107 теңге мөлшеріндегі мемлекеттік баж тиісті бюджеттен қайтарылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігін және АПК-нің 451-бабының 2) тармақша 2-бөлігін басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ :
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 ақпандағы қаулысының күші жойылсын.
Бұл істі жаңадан қарау үшін апелляциялық сотқа жіберілсін.
Жанат Алмасовна Примжановаға 1 107 (бір мың бір жүз жеті) теңге мөлшерінде төленген мемлекеттік баж қайтарылсын.
Талап қоюшы өкілі Г.Назаркулованың кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші судья
Ж. Оспанова
Судьялар М. Манабаева
Л. Қаирбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.