6001-23-00-3Г/5103
2023 жылғы 23 қазан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Р.Ералиева,
талап қоюшы «Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Тексеру комиссиясы) жауапкер «Жамбыл облысы, [...] әкімдігінің тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - М[...]) нұсқама талаптарын орындауға міндеттеу туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 24 сәуірдегі шешіміне, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 шілдедегі қаулысына талап қоюшының келтірген өтінішхатын электрондық азаматтық істі сұрату арқылы алдын ала қарап,
Тексеру комиссиясы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 24 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Тексеру комиссиясының 2021 жылғы 26 ақпандағы № 02-Н Н[...] (бұдан әрі-Н[...]) 1-тармағының «ЖС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін «ААОАЖЖОАААЖ[...]» объектісі бойынша орындалмаған 564,1 мың теңгені құрайтын жобалық сметалық құжаттамада көрсетілген жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етсін деген 2) тармағының орындалуын міндеттеген.
Ал, Н[...] Жамбыл ауданында орналасқан жалпы сомасы 5 348 472,7 мың теңгені құрайтын ауыз су құбыры желілер мүліктік кешендерін шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының теңгеріміне өткізу қамтамасыз етілсін - деген 3) тармақшасының орындалуын міндеттеу туралы талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта арызданушы істі қарау барысында материалдық, процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерінің талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған бөлігінде күшін жойып, талап қоюды толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Сот актілеріне қарағанда, 2020 жылы желтоқсан айында Тексеру комиссиясымен М[...] мемлекеттік аудит жүргізіліп, нәтижесінде жалпы сомасы 5 354 658,3 мың теңгені құрайтын қаржылық бұзушылықтар анықталған, оның ішінде өтелуге жататыны 420,3 мың теңге, қалпына келтіруге жататыны 5 354 238 мың теңге.
Тексеру комиссиясының «Жамбыл облысы, [...] мемлекеттік органдарының бюджет қаражатын пайдалану, жекелеген бюджеттік бағдарламаларды іске асыру, коммуналдық мүлікті, ауыз су және жер ресурстарын басқару бөлігіндегі қызметіне тиімділік аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою және жауапкершілік шараларын қолдану туралы» Н[...] көрсетілген мерзімде орындау үшін жолданған.
Н[...] 1-тармағы 1), 2), 3) және 6) тармақшаларын белгіленген мерзімде тиісінше орындамағаны үшін аудит объектісінің басшысы - К[...] Жамбыл аудандық сотының 2021 жылғы 23 желтоқсандағы қаулысымен Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 462-бабы 3-тармағымен әкімшілік жазаға тартылып, әкімшілік айыппұл салынған.
М[...] 1- тармағының 2) және 3) тармақшалары орындалмаған.
Жергілікті соттарда анықталғандай, аудиторлық есепте аталған заң талаптары бұзылған, себебі Жамбыл ауданында орналасқан «Аса-су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының баланстық құны 5 348 472,7 мың теңгені құрайтын сумен жабдықтаудың тарату желілері мен мүліктік кешендері М[...] теңгеріміне тіркелген.
Сонымен қатар, «Жамбыл облысы, [...] әкімдігінің қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2021 жылғы 15 маусымдағы № 182 «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жол картасын бекіту туралы» бұйрығына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысына сәйкес аталған Кәсіпорын жекешелендіру немесе сатуға жоспарланған. Осыған байланысты 2021 жылғы 9 қыркүйектегі Қаржы бөлімінің бұйрықтарымен Жамбыл ауданы бойынша ауыз су нысандары М[...] ауылдық округ әкімі аппараттарының теңгерімдеріне берілген. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2022 жылғы
22 сәуірдегі № 003-КГ/Д-4299//20-04/07-1110 объектілерді сату алдындағы дайындықты тоқтата тұру туралы хатының негізінде аталған рәсімдер қазіргі кезде тоқтатылған.
Жергілікті соттар Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 35-бабының 1-тармағының 19) тармақшасына сілтеме жасап, ауылдық округ әкімінің құзыреттеріне де су пайдалану мәселелерiн басқару, ұйымдастыру және пайдалану құқықтары мен мүмкіндіктері берілген, яғни ауыз су нысандарының олардың теңгерімінде болуы заң талаптарымен келісіледі деген тұжырымға келген.
Аталған сот түйіндерімен келіспеген талап қоюшы өтінішхатта төмендегі мән-жайларды көрсеткен:
Аудит нәтижесінде жалпы сомасы 5 354 658,3 мың теңгені құрайтын қаржылық бұзушылықтар анықталған, оның ішінде өтелуге жататыны 420,3 мың теңге, қалпына келтіруге жататыны 5 354 238 мың теңге. Аудит жүргізу барысында 475,4 мың теңге қалпына келтірілген;
М[...] көрсетілген мерзімде орындау үшін жолданған.
М[...] тарапынан 2021 жылғы 16 қарашада Н[...] орындалу мерзімін ұзартып беру сұратылып, ол мерзім 2022 жылдың 15 қарашасына дейін ұзартылған және М[...] 2022 жылдың 8 қарашасына дейін Н[...] орындалуы туралы мәліметті ұсыну талап етілген.
М[...] 2022 жылғы 15 қарашадағы хатымен Н[...] 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларының талабын орындау бойынша мердігерлерге ескерту хат жолданғаны, алдағы уақытта талаптар орындалмаған жағдайда сот орындарына ұсынылатындығы және 6) тармақшасы бойынша бұзушылыққа жол берген бөлім басшылары қазіргі кезде жұмыс атқармауына байланысты тәртіптік жазаға тарту мүмкіндігі жоқ екені хабарланып, Н[...] орындалу мерзімін 2023 жылғы 15 тамызға дейін ұзарту сұратылған.
Тексеру комиссиясының 2022 жылғы 5 желтоқсандағы № 02-1777-И хатымен М[...] 2022 жылғы 15 желтоқсанға дейін қосымша ақпарат ұсыну талап етілген.
Алайда, М[...] тарапынан Н[...] 1-тармағының 2) тармақшасы бойынша растау құжаттары ұсынылмаған, яғни ол орындалмаған.
Қазақстан Республикасының Су кодексінің 27 бабы 1, 2 тармақтарына сәйкес сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін, коммуналдық меншіктегі су тарту құрылыстары, сорғы станциялары, су құбырын тазартқыш құрылыстар мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға бекітіліп берілген.
«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 134 бабы 2-тармағына сәйкес шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар өз қызметін елді мекендердің тіршілігін (энергиямен, газбен, сумен, жылумен жабдықтау, су бұру және коммуналдық қалдықтарды көму, қалдықтар полигондарын құру және пайдалану) қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
Яғни, жалпы сомасы 5 348 472,7 мың теңгені құрайтын ауыз су құбыры желілері мүліктік кешендері шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның теңгерімінде болуы тиіс.
Жоғарыдағылардың негізінде, жергілікті соттардың түйіндері іс құжаттарымен сәйкес келмейді.
Судья, өтінішхат берушінің көрсетілген уәждері сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын басшылыққа алып, азаматтық істі алқа отырысында қарау үшін беру қажет деп санайды.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ :
«Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 24 сәуірдегі шешімін, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 шілдедегі қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.
Судья Б. Ералиева
Көшірмесі дұрыс: Судья Б. Ералиева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.