Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 12.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/2341 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 12 қараша №6003-25-00-2к/2341 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар А.А.Бақытжанова, Ч.И. Майшибаев, талап қоюшының өкілі Н.Қуандықұлы,

үшінші тұлға И.С.Әбілдаева,

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Банк) жауапкерлер жеке кәсіпкер (бұдан әрі - ЖК) «Бахыт» - Бахыт Зұлхарнайұлы Ешмаханнан және жеке тұлға Бахыт Зұлхарнайұлы Ешмаханнан, даудың нысанасына дербес талап мәлімдемейтін жауапкер жағындағы үшінші тұлға Индира Сақтапбергенқызы Әбілдаева, несие қарызын өндіру және қарызды кепіл мүліктен өндіру туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 ақпандағы қаулысына талап қоюшының өкілінің келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

2024 жылғы 18 қаңтарда Банк пен ЖК арасында жасалған қосылу шартына сай (бұдан әрі - Шарт) Банк жеке кәсіпкерге 36 айға 14 118 163 теңге шаруашылық ішіндегі қажеттіліктерге қарыз берген.

Берілген қарыздың қайтарылуын қамтамасыз ету мақсатында, 2024 жылғы 18 қаңтарда Банк (кепіл ұстаушы), ЖК (қарыз алушы) және жеке тұлға Б.З.Ешмахан (кепіл беруші) арасында үш жақты ипотека шарты (бұдан әрі - Кепіл шарты) жасалған. Кепіл шартына сәйкес кепілге кепіл берушінің меншігіндегі Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Т.Есетов көшесі, №108 мекен-жайы бойынша орналасқан тұрғын үй түріндегі мүлкі кепілге қойылған.

«BIBARIS» ЖШС-нің 2024 жылғы 8 қаңтардағы №2 есебіне сәйкес кепілге қойылған мүліктің нарықтық құны 38 520 000 теңге.

2024 жылғы 18 қаңтарда Банк (бенефициар), жеке тұлға Б.З.Ешмахан (кепілгер) және ЖК (Принципиал) арасында үш жақты принципалдың бенефициардың алдындағы міндеттемелерін орындауға кепілдік шарты (бұдан әрі - Кепілдік шарты) жасалған.

2024 жылғы 19 қыркүйекке ЖК-нің шарт бойынша қарызы 15 634 988 теңгені құраған, оның ішінде негізгі қарызы 11 686 061 теңге, мерзімінен кешіктірілген негізгі қарызы 2 119 714 теңге, мерзімінен кешіктірілген сыйақысы 1 607 452 теңге, есептелген сыйақысы 20 411 теңге, өсімпұл 71 350 теңге (713 499 теңгені 10%-ға азайта отырып), дебиторлық қарыз 130 000 теңге.

2024 жылғы 26 маусымдағы «Global Capital» ЖШС-нің №ПР/1 бағалау туралы есебіне сәйкес кепіл мүлкінің нарықтық құны 16 542 498 теңгені құраған.

«BIBARIS» ЖШС-нің 2024 жылғы 6 тамыздағы №130 есебіне сәйкес кепілге қойылған мүліктің нарықтық құны 25 390 000 теңге.

«SERT» бағалау орталығы» ЖШС-нің 2024 жылғы 13 қарашадағы №KOD0238/24-ЧЗ есебіне сәйкес кепіл мүліктің нарықтық құны 27 749 520 теңге.

Банк талап қоюында жауапкерлер шарт бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамағанын көрсетіп, соттан жауапкерлерден несие қарызын өндіруді және қарызды кепіл мүліктен өндіруді сұраған.

Бірінші саты сотының шешіммен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкерлерден талап қоюшының пайдасына несие шарты бойынша қарызы 15 634 987 теңге, мемлекеттік баж 469 050 теңге өндірілген, талап қоюдың берешекті кепілдегі мүліктен өндіруді туралы бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.

Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымында талап қоюшының өкілі жергілікті соттар істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол бергенін көрсетіп, сот актілерін өзгертіп, талап қоюды толық қанағаттандыруды сұрайды.

Талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, үшінші тұлғаның қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438 бабының 5 бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Қаралып отырған іс бойынша мұндай заң бұзушылыққа жол берілген.

Соттың жауапкерлерден шарт бойынша қарызды өндіргені орынды, заң талаптарына сай, сот актілері бұл бөлігінде шағымдалмаған.

Бірінші сатыдағы сот қарызды кепіл мүліктен өндіру туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуын кепілдегі тұрғын үйдің жауапкердің жалғыз баспанасы екенін, жауапкер ол үйде отбасымен бірге, оның ішінде кәмелетке толмаған бауырымен және анасымен тұратынын, қарызын төлеуден бас тартпайтынын, кепiл берушiмен кепiл мүлікке қатысты заң талаптары бұзылмағанын ескерген.

Екінші сатыдағы сот осы тұжырыммен келіскен.

Кассациялық сот жергілікті соттардың бұл тұжырымы заңға сәйкес келмейді деп санайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 299-бабының 1-тармағына (бұдан әрі – АК) сәйкес мiндеттемеге сәйкес несие берушiнiң (кепiл ұстаушының) борышқор кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған ретте кепiлге салынған мүлiк құнынан осы Кодексте белгiленген алып тасталатындарды қоспай, осы мүлiк тиесiлi адамның (кепiл берушiнiң) басқа несие берушiлердiң алдында артықшылықпен қанағаттандырылуға құқығы бар мiндеттеменi атқаруының осындай әдiсi кепiл деп танылады.

АК-нің 317-бабының 1-тармағында борышқор өзi жауап беретiн кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте кепiл ұстаушының (несие берушiнiң) талаптарын қанағаттандыру үшiн кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiндігі қарастырылған.

Мұндай талаптар кепіл шарты жасалған кезде де тараптармен көзделген.

Кепіл шартына сай кепіл беруші немесе борышкер міндеттемелерін орындамаған немесе лайықты орындамаған жағдайда, кепіл ұстаушы өз еркіммен соттан тыс немесе сот тәртібімен кепіл мәнін өндіріп алады.

Осылайша, кепіл беруші өзіне тиесілі мүліктерге билік етіп, оларды кепілге қойып, кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені бұзған жағдайда кепiл нысанасына өндiрiп алуға келісім берген.

АК-нің 317-бабының 2-тармағында кепілге берілген мүліктен өндіріп алудан бас тартудың негіздері, атап айтқанда, егер борышқордың кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi бұзуы болмашы болып және соның салдарынан кепiл ұстаушы талаптарының мөлшерi кепiлге салынған мүлiктiң құнына көрiнеу сәйкес келмесе, кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тартылу мүмкiндігі қарастырылған. Бұл заң талаптарына сай бір мезгілде мынадай жағдайлар болған кезде: 1) орындалмаған міндеттеменің сомасы (тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) есепке алынбастан) тараптар кепіл туралы шартта айқындаған, кепілге салынған мүлік құнының он пайызынан кемін құрағанда; 2) кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу кезеңі үш айдан кем болғанда, кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені бұзу болмашы және кепіл ұстаушы талаптарының мөлшері кепiлге салынған мүлiктiң құнына анық мөлшерлес емес болып табылады. Жеке тұлғаның тұрғын үйімен қамтамасыз етілген және кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыздар бойынша кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеменің бұзылуы болмашы болып табылады және кепіл ұстаушы талаптарының мөлшері бір мезгілде мынадай шарттар болған кезде: 1) орындалмаған міндеттеменің сомасы (тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есепке алмағанда) тараптар кепіл туралы шартта айқындаған, кепілге салынған мүлік құнының он бес пайызынан кем болса; 2) кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу кезеңі алты айдан кем болса, кепілге салынған мүліктің құнына анық мөлшерлес емес болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай мән-жайлар жиынтығы анықталмаған, борышкермен жол берілген бұзушылықтың аса елеусіздігі немесе осыған байланысты кепіл ұстаушының талаптарының мөлшерінің кепілге салынған мүліктің құнына сәйкес келмейтіндігі туралы қорытындылар жоқ.

Орындалмаған міндеттеменің сомасы жоғарыда көрсетілген шектен айтарлықтай асып түседі, ал кешіктіру мерзімі алты айдан асады.

Мұндай жағдайда сот алқасы жергілікті соттардың қарызды кепілдегі мүліктен өндіріп алуға құқықтық негіздері болған деп санайды.

«Бағалау туралы есептің нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 3 мамырдағы №501 бұйрығының 10-тармағына сәйкес бағалау туралы есепте көрсетілген бағалау объектісі құнының жиынтық шамасы, егер бағалау туралы есеп жасалған күннен бастап бағалау объектісімен мәміле жасалған күнге немесе жария оферта ұсынылған күнге дейін өткен уақыт алты айдан аспайтын болса, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, бағалау объектiлерімен мәмiле жасасу мақсаттары үшін ұсынымды болып танылады.

Осы орайда іске тіркелген бағалау есептері көрсетілген негіздер бойынша мерзімі өтіп кеткендіктен кепілге қойылған мүліктің бастапқы құны атқарушылық іс жүргізу барысында анықталуы тиіс.

Жергілікті соттар істің мән-жайын толық анықтағандықтан, бірақ материалдық құқық нормаларын қолдануда қате жібергендіктен, кассациялық сот істі жаңадан қарауға жібермей, дау айтылған сот актілерін талапты қанағаттандырусыз қалдырған бөлігінде өзгертіп, талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдау қажет деп санайды.

АПК-нің 109-бабының ережелеріне сәйкес жауапкерден мемлекет кірісіне 983 теңге мемлекеттік баж өндірілуге жатады.

Талап қоюшының кассациялық шағым бойынша 2025 жылғы 25 тамыздағы 235 508 теңге баж алымы төленгені туралы төлем құжаты салық жүйесімен байлам жасалмағаны себепті қабылданбайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы шешімі және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 ақпандағы қаулысы өзгертілсін.

Аталған сот актілері қарызды кепілге қойылған мүлік арқылы өндіруден бас тарту бөлігінде күші жойылып, осы бөлігінде талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

Жеке кәсіпкер Бахыт Зұлхарнайұлы Ешмаханның қарызы 2024 жылғы 18 қаңтардағы кепіл шартына сәйкес кепілдегі мүлік Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Т.Есетов көшесі, №108 мекен-жайы бойынша орналасқан тұрғын үйден өндірілсін.

Қалған бөлігінде сот актілері күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Талап қоюшы «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының пайдасына жеке кәсіпкер Бахыт Зұлхарнайұлы Ешмаханнан 983 (тоғыз жүз сексен үш) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.

Талап қоюшы «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының пайдасына мемлекеттік бюджеттен артық төленген 234 525 (екі жүз отыз төрт мың бес жүз жиырма бес) теңге баж алымы қайтарылсын.

Ғ.Бастаубаев

Төрағалық етуші судья

Судьялар

А.Бақытжанова

Ч.Майшибаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.