ВС РК - Постановление от 09.04.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1332 (Административное)

6001-24-00-6ап/1332

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 9 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,

судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Д. Өміралиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы А.Б.Нұрбайдың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланның 5548 әскери бөлімі» РММ-не (бұдан әрі – Әскери бөлім) комиссия отырысының хаттамасын заңсыз деп танып, күшін жою және тұрғын үй төлемдерін төлеуді міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 желтоқсандағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 наурыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы А.Б.Нұрбай жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 желтоқсандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылудан бас тартылған. Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2 наурыз 2016 жылы талап қоюшы Әскери бөліммен келісім шарт бойынша әскери қызметке, тылды қамтамасыз ету взводының 1 бөлімшесінің маманы ретінде орналасқан.

26 ақпан 2021 жылы Әскери бөлім командирінің бұйрығымен талап қоюшы келісім-шарттың аяқталуына байланысты жұмыстан шығарылып, 19 наурыз 2021 жылғы Әскери бөлімнің тұрғын үй комиссияның хаттамасы бойынша 2016-2021 жылдар аралығына біржолғы тұрғын үй төлемдерін беру туралы шешімі негізінде 950 894 теңге алған.

9 ақпан 2023 жылы талап қоюшы Әскери бөлімге қайтадан әскери қызметші, бөлімше командирі лауазымына тағайындалып, 8 қыркүйек 2023 жылы Комиссияның хаттамалық шешімі бойынша тұрғын үйге мұқтаж деп танудан бас тартылған.

Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан қарай-Заң) 101-2 бабының 12 тармағына сәйкес әскери қызметшілердің тұрғын үй төлемдерін пайдалану арқылы тұрғын-жайды меншікке алу құқығы бір рет жүзеге асырылатыны көзделген.

Ал, осы заңның 101-3 бабының 3-тармағының 2) тармақшасына сай әскери қызметшілерді, егер олар не олардың зайыбы (жұбайы) осы Заңның 101-1-бабы 5-тармағының бірінші және үшінші бөліктерінде, 6-тармағының бірінші бөлігінде немесе 101-2-бабы 5-тармағының бірінші және үшінші бөліктерінде, 6-тармағының бірінші бөлігінде көзделген тұрғын үй төлемдерін алу орны бойынша алса, тұрғын жайға мұқтаж деп танудан бас тартылатыны көрсетілген.

Аталған заң нормасына сай, әскери қызметші бұрын алу орны бойынша жоғарыда көрсетілген негіздермен тұрғын үй төлемдерін алған болса, қайтадан тұрғын-жайға мұқтаж деп танылуға жатпайды.

Іс құжаттарымен анықталғандай тұрғын үй комиссиясының хаттамасы негізінде қабылданған 2021 жылғы 19 сәуірдегі Әскери бөлім командирінің №146 бұйрығы негізінде А.Б.Нұрбай 950 894 теңге сомасында бір жолғы тұрғын үй төлемдері төленген.

Сот алқасы, талап қоюшы әскери қызметші ретінде осыған дейін заңды құқықтарын пайдаланып, өзіне тиеслі бір жолғы тұрғын үй төлемдерін алуына байланысты, тұрғын-жайға мұқтаж деп танудан бас тартылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымдары заңды әрі негізді деп санайды.

Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.

Талап қоюшының шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы жауапкердің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 желтоқсандағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 наурыздағы қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев Судьялар Г.К. Нұрбаев Е.Д. Өміралиев Көшірмесі дұрыс. Судья Г.К. Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.