6001-21-00-3гп-489
Қ А У Л Ы
2021 жылғы 30 қараша Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқаның төрағасының м.а. Б.Ж.Тоқтарова, судьялар Б.Р.Ералиева, А.Ә.Сапарова,
«Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі Қ[...],
талап қоюшы жеке кәсіпкер А[...], оның өкілі Т[...],
үшінші тұлғалардың Б[...], «С[...]» жеке кәсіпкердің өкілі М[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында TrueConfмобилбайланыс арқылы талап қоюшы жеке кәсіпкер А[...] (бұдан әрі – ЖК А[...]) жауапкер «Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Мекеме) конкурс комиссиясының тексеру нәтижесін заңсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 29 маусымдағы қаулысын қайта қарау туралы Мекеменің және үшінші тұлға «С[...]» жеке кәсіпкердің (бұдан әрі – ЖК С[...]) келтірген өтінішхаттарымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
ЖК А[...] тұрақты тасымалдауға қызмет көрсету жөніндегі 2021 жылғы 15 қаңтардағы № 33 конкурс комиссиясының тексеру нәтижесін және 2021 жылғы 19 қаңтардағы № 34 конкурс хаттамасында көрсетілген № 1 лот «Ақтау-Қызылтөбе 2 -Ақтау» маршруты бойынша тасымалдауға қызмет көрсету конкурсының нәтижесін заңсыз деп тану туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 2 сәуірдегі шешімімен ЖК А[...] талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 29 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, ЖК А[...] талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Мекеме мен ЖК С[...] өтінішхаттарында апелляциялық сатыдағы сот алқасының қаулысымен келіспей, соттың материалдық және процестік
құқық нормаларын бұзуға жол бергенін көрсетіп, дауланған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы іс бойынша жауапкер Мекеменің өкілі Қ[...], үшінші тұлға ЖК С[...] өкілі М[...] өтінішхаттарды қолдаған түсініктерін, ЖК А[...] және оның өкілі Т[...], үшінші тұлға Б[...] өтінішхаттарға қарсы пікірлерін, өтінішхаттардың уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5 –бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер бар деп санайды.
Іс құжаттарына қарағанда, Мекеме 2020 жылы 16 желтоқсанда жолаушылар мен багажды автомобильмен ішкі облыстық тұрақты тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығына арналған конкурсты өткізу туралы хабарландыру берген.
Хабарландыруда барлығы 3 лот бойынша конкурс жарияланған.
Оның ішінде ауданаралық ішкі облыстық «Ақтау-Қызылтөбе 2 -Ақтау» маршруты бойынша № 1 лот бар.
Аталған лот бойынша ЖК А[...] пен ЖК С[...] қатысқан.
Конкурс Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. Қ[...] № 349 бұйрығымен 2015 жылы 26 наурызда бекіткен «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау» қағидаларының (бұдан әрі – Қағида) талаптарына сәйкес өткізілген.
Конкурстық құжаттаманың 7-қосымшасына сай 2021 жылғы 15 қаңтарда конкурсқа шығарылатын жолаушылар мен багажды автомобильмен республика ішкілік тұрақты тасымалдау маршруттарының негізгі сипаттамаларына сәйкес автобустардың автоматты түрде ашылатын екі жолаушы есігі бар, 19 - 86 орны бар, қалалық типті болуы тиіс. Қағиданың 167-тармағына сәйкес Комиссия төрағасы Конкурсқа қатысушылар ұсынған мәліметтердің растығын сол жерге шығып тексеруді ұйымдастыру үшін Комиссия құрамына кірмейтін жергілікті атқарушы органдарының, көліктік бақылау органдарының және ӘПҚ-нің өкілдерінен конкурс алдындағы комиссияны құрған.
Комиссия анықтамасына сәйкес ЖК А[...] ұсынып отырған жылжымалы құрамы ішінара талапқа сай келмейтіндігі, атап айтқанда «Паз» маркалы мемлекеттік белгісі [...] автокөлігінің салонында жолаушы отыратын 22 орындықтың бар екені, яғни 1 орындықтың жетіспейтіндігі (негізі 23 орындық болуы қажет) анықталған.
Қағиданың 174-тармағына сай конкурс алдындағы комиссия мүшелері конкурстық құжаттамаға қоса берілетін құжаттар көшірмелерінің дұрыстығын, конкурстық ұсыныста көрсетілген автокөлік құралдары класстарының, моделінің және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің сәйкестігін, сондай-ақ конкурстық ұсыныста көрсетілген жылжымалы құрамды сақтау, өндірістік-техникалық базада техникалық қызмет көрсетуі және жөндеу мүмкіндігін тексереді.
ЖК А[...] конкурстық ұсынысында [...] автобусының орындықтар санын 23 деп көрсеткен.
2021 жылғы 15 қаңтардағы Комиссия отырысының № 33 хаттамасына сай қатысушылардың өтінімі мен қоса берілген құжаттардағы мәліметтерді нақтылау үшін қосымша құжаттарды тиісті мемлекеттік органдардан ресми хатпен алдыру жөнінде шешім қабылданып, комиссияның екінші отырысының болатын уақыты 2021 жылғы 19 қаңтар сағат 15 болып белгіленген. 2021 жылғы 19 қаңтардағы Комиссия отырысының № 34 хаттамасына сәйкес жалпы конкурс барысында ЖК А[...] құжаттары мен жылжымалы құрамынан 2 бұзушылық анықталған:
мемлекеттік белгісі [...] автобусының қалалық № 5 маршрутының негізгі құрамындағы көліктер қатарында болуы;
мемлекеттік белгісі [...] автокөліктің салонында жолаушы отыратын 22 орындықтың бар екені, яғни 1 орындықтың жетіспейтіндігі (негізі 23 орындық болуы қажет).
Ұсынылған құжаттарда көрсетілген мәліметтердің нақты және толық еместігіне байланысты Қағиданың 176-тармағының 1 және 2-тармақшаларына сәйкес, ЖК А[...] өтінішін қараудан бас тартылған; ЖК С[...] жеңімпаз болып танылған. ЖК А[...] конкурс өткізу кезінде заң бұзушылықтарға жол берілгенін, көрсетілген автокөліктің салонында 1 орындықтың жетіспеуі бойынша Мекемеге конкурс нәтижелері шыққанға дейін толық ақпарат беріп, бір орындықтың қалпына келтірілгенін, конкурс талаптарына сәйкес автобустардың автоматты түрде ашылатын екі жолаушы есігі бар, қалалық типті 19 орындықты болуы керектігі көрсетілгенін, бұл автобустың өзінің маршрутында тұрақты жүргенін көрсетіп, Комиссияның шешімдерімен келіспей конкурс нәтижесін сотта даулаған.
Қағиданың 176-тармағының 1 және 2-тармақшаларына сай ұсынылған құжаттардың осы Қағиданың 170-тармағына сәйкес келмеуі және (немесе) толық еместігі; ұсынылған құжаттарда көрсетілген мәліметтердің нақты еместігіне байланысты тасымалдаушыға өтінішті қараудан бас тартылады.
Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырудан бас тартып, Мекемемен жарияланған «Ақтау-Қызылтөбе-2-Ақтау» маршруты бойынша жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тұрақты тасымалдауға қызмет көрсету құқығына қатысты конкурстың Қағида талаптарына сай жүргізілгендігі туралы тұжырымға келген.
Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келіспей, [...] автокөлігі салонында жолаушы отыратын 1 орындықтың жетіспеуі бұзушылық болып табылмайды, өйткені конкурстық құжаттамада 19 - 86 орны бар деп және ол конкурс алдындағы комиссияның нәтижесі шыққанша қалпына келтірілген деп көрсеткен.
Сонымен қатар, Мекеме тарапынан мемлекеттік белгісі [...] автобусының № 5 маршрут тасымалдаушысы ЖК Б[...] арызы бойынша негізгі құрамға қосылғандығы дәлелденбеген деген.
Керісінше, іс құжаттарымен Б[...] көрсетілген автокөлікті № 5 маршруттың негізгі құрамына қосу арқылы куәлікті өзгерту туралы арызын бермегендігі дәлелденген.
Өтініш берушілер апелляциялық сатының жоғарыда көрсетілген тұжырымын негізсіз деп санайды.
Қағиданың 170-тармағының 4 тармақшасына сәйкес жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдаудың басқа маршруттарында негізгі жылжымалы құрам ретінде пайдаланылатын жылжымалы құрамды негізгі ретінде ұсынуға жол берілмейді.
«Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің 2021 жылғы 14 қаңтардағы № 04-17-41-1 хатына сәйкес конкурсқа ЖК А[...] тарапынан негізгі құрам ретінде ұсынылған «Паз» маркалы мемлекеттік белгісі [...] автобусы, жеке кәсіпкер Б[...] ұсынған Ақтау қалалық № 5 маршрутттың негізгі құрамындағы көліктер қатарында бар екендігі және қызмет көрсету Куәлігіне енгізілгені анықталған.
Мекеме басшысы Қ[...] куәлігінің көшірмесіне сәйкес қалалық № 5 маршрутына берілген қызмет көрсету мерзімі 2021 жылдың 29 желтоқсанына дейін жарамды екені көрсетілген.
Алайда істегі Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының сотқа берген жауабында (2021 жылғы 23 маусымдағы № 4799-21-5-20/2384 хатына) «Паз» маркалы мемлекеттік белгісі [...] автобусы ауданаралық жолаушылар мен багаждың тұрақты автомобиль тасымалындағы «Ақтау - Қызылтөбе 2 - Ақтау» маршрутына қызмет көрсету құқығына арналған сериясы № 0013 Куәлік қосымшасындағы (ЖК А[...] тиесілі Куәлік) көліктер қатарында бар екендігін растап, бірақ оның қай құрамда (негізгі немесе қосалқы) тұрғандығы белгісіз, себебі ол жөнінде қосымшада көрсетілмеген деп хабарлаған.
Алқа отырысында ЖК А[...] конкурсқа бірінші рет қатысып отырмағанын, ол 2011 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін осы «Ақтау - Қызылтөбе 2 - Ақтау» маршрутында қызмет көрсетіп жүргенін (бұрынғы
2011 жылдың 28 қаңтарында жасалған шарттың күші 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін әрекет еткенін), даулы автобус 2015 жылдан бері осы маршруттың негізгі құрамында жүргенін көрсетті.
Қағиданың 83-тармағының талаптарына сәйкес, куәлікте көрсетілген негізгі және ауыстырмалы құрамда болатын автокөліктер тізімі тасымалдаушының өтініші негізінде жасалады. Ал үшінші тұлға Б[...] алқа отырысында ЖК А[...] түсінігін қуаттап, № 5 маршруттың құрамында даулы автобустың ешқашан болмағанын және оны сотта дәлелдейтіндей құжаттардың ұсынылмағанын көрсетті.
Істегі Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының 2020 жылғы 20 желтоқсанда жасалған актісінен, сол күнгі тексерісте даулы автобустың маршрутта болмағаны анықталған, бірақ іске тіркелген «Ақтау - Қызылтөбе 2 - Ақтау» жолсапары автобустарының тіркеу кітабынан даулы автобустың 2015 жылдан бері маршрутқа шығып жүргендігі, техникалық ақауы жоқ екендігі, жүргізуші дәрігерлік тексеруден күнделікті өтіп жүргені байқалады.
Ал даулы автобустың № 5 маршрутта негізгі құрамда тұрғанын растайтын құжат ретінде жауапкермен номері жоқ, сол маршруттың куәлігі ұсынылған, бірақ ол Б[...] түсінігімен жоққа шығарылған.
Істе № 5 маршрут тексеріліп, соның нәтижесінде даулы автобус негізгі құрамда маршрутта жүргенін дәлелдейтіндей басқа деректер жоқ.
АПК-нің 65-бабы 3-бөлігіне сәйкес, істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайларының ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес.
АПК-нің 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес, әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.
Сол себепті алқа апелляциялық сатыдағы соттың даулы автобус («Паз» маркалы мемлекеттік белгісі [...]) жөніндегі тұжырымдарымен толықтай келіседі.
Алқа, апелляциялық сатыдағы соттың даулы автобуста 23 орындықтың орнында 22 орындық болғанын, бірақ ол конкурстық құжаттамада көрсетілген (19 - 86 орны бар) талапқа қайшы емес деген уәжімен ішінара келіспейді, себебі конкурстық құжаттамалар конкурстық ұсынысқа сай болуы тиіс.
Жоғарыда аталған 2021 жылғы 15 қаңтардағы Комиссия отырысының № 33 хаттамасына сәйкес, комиссияның отырысы кейінге қалдырылып, конкурсқа қатысушылардың өтінімі мен қоса берілген құжаттарындағы мәліметтерді нақтылау үшін қосымша құжаттар тиісті мемлекеттік органдардан сұратылған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 9-бабына сәйкес сотта азаматтық құқықтардың қандай жағдайда қорғалуы қажет екендігі көрсетілген.
Бірақ дауланып отырған 2021 жылғы 15 қаңтардағы Комиссия отырысының № 33 хаттамасында көрсетілген № 1 лот «Ақтау - Қызылтөбе 2 - Ақтау» маршруты бойынша Конкурс алдындағы комиссияның тексеру нәтижесімен талап қоюшының ешқандай да құқығы бұзылмаған, тексеру нәтижесі Қағиданың 174-тармағына сай шығарылып, керекті құжаттар уәкілетті органдардан сұратылған. Демек, апелляциялық сатыдағы сот 2021 жылғы 15 қаңтардағы Комиссия отырысының № 33 хаттамасы бойынша шығарылған тексеру нәтижесін негізсіз заңсыз деп таныған.
Сол себепті алқа апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын осы бөлігінде өзгертіп, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдырады.
Алқа жоғарыда аталған заң бұзушылықтардың негізінде қаулының 2021 жылғы 19 қаңтардағы Комиссия отырысының № 34 хаттамасында көрсетілген № 1 лот «Ақтау - Қызылтөбе 2 - Ақтау» маршруты бойынша өткен Конкурс нәтижесін заңсыз деп тану бөлігінде күшінде қалдырады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 29 маусымдағы қаулысы өзгертілсін.
Талап қоюшы жеке кәсіпкер А[...] жауапкер Мекеменің 15 қаңтар 2021 жылғы № 33 санды ауданаралық кәсіпкердің (қалааралық облысішілік) маршруттарда жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауға қызмет көрсету құқығына өткен конкурс бойынша облыстық комиссияның бірінші отырысының хаттамасында көрсетілген № 1 лот «Ақтау - Қызылтөбе 2 - Ақтау» маршруты бойынша Конкурс алдындағы комиссияның тексеру нәтижесін заңсыз деп таныған бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 2 сәуірдегі шешімі күшінде қалдырылсын.
Қаулының өзге бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.
«Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің және үшінші тұлға ЖК С[...] өтінішхаттары ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Б.Ж.Тоқтарова Судьялар Б.Р.Ералиева А.Ә.Сапарова Көшірмесі дұрыс
Судья
Б.Р.Ералиева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.